Accessibility links

Ирандағы бахаи басшылары сотқа тартылмақшы

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Түрмеде отырған ирандық бахаишылар

Түрмеде отырған ирандық бахаишылар

Иран сот алқасының хабарлауынша, Израиль пайдасына тыңшылық жасады деп айыпталып отырған бахаилердің 7 басшысының соты келесі аптада болмақшы. Тоғыз ай бұрын тұтқындалғаннан бері олардың заңдық кеңеске қайрылуға мүмкіндіктері болмаған еді

Ирандағы бұл тұтқындаулар халықаралық қауымдастық тарапынан қатты сынға ұшыраған болатын. АҚШ өткен аптада бұл үдеріс Ирандағы бахаилерді қуғындау әрекеттерінің бір бөлігі деді.

Тұтқындалғандардың бірі Фариба ханым еді. Оның Мельбурн қаласында тұратын әпкесі Ройа Камалабадимен Азаттық радиосының тілшісі Голназ Есфандияри телефон арқылы сөйлескен болатын.

Ройаның айтуынша, сіңлісі тұтқындалғалы бері онымен тек оның күйеуі және балалары ғана кездесе алған.

Түрмедегі жағдайдың ауырлығын айтпағанның өзінде, тіпті тұтқындалғанға дейін Фариба жүрек ауруынан дәрі-дәрмек ішіп жүрген екен. Түрме ресмилері ол дәрілерді түрме ішіне өткізбей қойған.

Қысты күні жеткілікті жылы киімі болмаған Фариба кейде тіпті еденге ұйықтауға мәжбүр болған дейді оның әпкесі Ройа.


Ислам төңкерісінен кейін бахаишыл ұйымдардың Иранда әрекет етуіне тыйым салынған болатын. Олардың барлық әлеуметтік, тұрмыстық қажеттіліктерін үйлестіріп отыратын “Иранның достары” атты ұйымдары бар.

Бахаилардың Иранда білім алуына тыйым салынғандықтан да аталған ұйым елдегі 300 мың бахаилардың білім алуы үшін арнайы институт ашып қойған. Онда әкімшілік және діни сабақтар жүргізіледі екен.

Израиль пайдасына тыңшылық жасады деп айыпталған бахаилардың 7 басшысының қылмысы дәлелденсе, олар өлім жазасына кесілулері мүмкін.

Ройа Камалабади ханымның Азаттық радиосына айтуынша, бұл айыптаулар - негізсіз.

"Себебі,- дейді ол,- бахаилардың бас пәтері қазіргі Израиль жерінде орналасқан. Бахаи сенімін қалыптастырған адамды кезінде Иран үкіметі мен Осман империясы қазіргі Израиль жеріне жер аударған екен. Бұл үдеріс Израиль үкіметі құрылардан 80 жыл бұрын орын алған болатын,"- дейді Ройа Камалабади ханым.

"Бұған қоса, бахаишылар Иранда үкімет істеріне жіберілмейтін. Сондықтан шетелдерге тыңшылық жасау мақсатында олардың Ирандағы мемлекеттік құпия құжаттарға қолдары жете алмайды. Адамдардың назарын елдегі негізгі проблемалардан басқа жаққа аударып әкету үшін ресми билік осындай істерді ойлап тауып отырады. Тұтқындалғандарға тағылған айыптар-әділетсіз. Олардың қолы тіпті заңгерлерге де жете алмай отыр,"- деді Ройа ханым.

Оның сөзіне қарағанда, Нобель сыйлығының лауреаты Ширин Ебади тұтқындалған сол 7 бахаишылардың атынан іс жүргізетінін мәлімдеген екен.

Алайда сот алқасы Ебади ханымның ол жетеумен кездесуіне рұқсат бермеді. Сондықтан Ширин Ебади тұтқындағы олардың істерімен де таныса алмаған.

Тіпті осы іспен айналыспақшы болғаны үшін Ебади ханымның өзіне түрлі қоқан-лоққылар көрсетілген екен деді Ройа ханым.

Оның айтуынша, ол жетеуі өздерінің діни сенімдері үшін жазаланбақшы. Иран ішінде жағдай осылай болғанымен ол тұтқындалғандарға халықаралық қолдау көбейе түсуде деді Ройа ханым.
XS
SM
MD
LG