Accessibility links

Ереванда шерушілер мен полиция арасына депутаттар түсті


Еревандағы шерушілер. 23 маусым 2015 жыл.

Еревандағы шерушілер. 23 маусым 2015 жыл.

Армения астанасы Ереванда наразылық шеруі жалғасып жатыр. Маусымның 23-і күні полициямен қақтығысқан шерушілер түнге дейін тарамады.

Бұрынғы және қазіргі депутаттар, шоу-бизнес пен интеллигенция өкілдері Ереванның Баграмян даңғылында наразылық шеруіне шыққан мыңдаған адам мен полиция арасына түсіп, екі тарапты қақтығыстырмауға тырысты.

«Еркін демократтар» партиясының өкілі Хачатур Кокобелян журналистерге «шеруді ұйымдастырушылардың тактикасына араласпайтындарын, тек қақтығысқа жол бермеу үшін [оқиға орнына] келгендерін» мәлімдеді.​

Оның алдында қақтығысты болдырмау туралы үндеуін Facebook парақшасына оппозициялық депутат Никол Пашинян жариялаған еді.

Акция өтіп жатқан жерге Армения президенті басқаратын Республикалық партия депутаты Самвел Фарманян; осы партияның вице-төрағасы, Армения білім және ғылым министрі Армен Ашотян да келген. Бірақ олардың келуі шерушілер наразылығын күшейтіп жіберген.

ВИДЕО: Еревандағы наразылық (маусымның 24-іне ауған түн)

Бұл наразылық маусымның 19-ы күні Ереванда электр қуатының қымбаттауына қарсы басталған. Маусымның 23-і күні наразылар полициямен қақтығысқан.

Полиция сейсенбі таң ата Ереванның орталығындағы Баграмян даңғылында отырған шерушілерді сумен атып таратқан. Арасында журналистер де бар 200-дей адам ұсталды. Прокуратура "Бұзақылық және қоғамдық тәртіпті бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Алайда шерушілер маусымның 23-і күні кешке сол маңда қарсылық акциясын қайтадан бастады. Әлеуметтік желідегі 10 мыңнан астам адам оған қатысуға әзір екендерін мәлімдеген.

Ал маусымның 24-іне ауған түні ​акция өтіп жатқан жерге қосымша күш шақыртылған. Полицейлер шоқпар мен алюминий қалқан асынып келген.

Еревандағы "Тонауға жол жоқ" деп аталған қарсылық акциясына қатысып отырған шерушілер билік қоғамдық қызмет көрсетуді реттеу комиссиясының тамыздың 1-інен бастап электр қуаты ақысын қымбаттату туралы шешімін өзгертпесе, президент резиденциясына барамыз деп мәлімдеген. Арменияда электр қуаты тарифі екі жылда үшінші рет 15 пайызға қымбаттап кетті.​

Шерушілер Армения президенті Серж Саргсяннан электр қуаты тарифін көбейтпеуді талап етіп жатыр. Олар ел премьер-министрі мен парламент спикерінен талаптарына қатысты қандай да бір жауап күтеді.

Электр қуаты ақысы қымбаттауына қарсылық шаралары бұл елдің Гюмри мен Ванадзор қалаларында да өткен.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG