Accessibility links

Орталық Азия азаматтары ИМ-ге неге қосылады?


Орталық Азиядан Сирияға барған "жиһадшылар" деп болжанған сурет. (Көрнекі сурет)

Орталық Азиядан Сирияға барған "жиһадшылар" деп болжанған сурет. (Көрнекі сурет)

ИМ террорлық ұйымы Сирия мен Ирактан шалғай елдерге де қатерге айналды. Ондаған мемлекет «жиһадшылардан» қауіптенетінін мәлімдеді. Орталық Азия елдері де сақтық шараларын күшейтті.

Халықаралық дағдарыс тобы (ХДТ) жақында «Сирия дабылы: Орталық Азиядағы радикалдану» атты баяндамасын жариялады. Авторлар «Орталық Азия тұрғындары неліктен «Ислам мемлекеті» (ИМ) террорлық ұйымына қосылады? Олар отандарына қайта оралғанда қандай қауіп төндіруі мүмкін?» деген сауалдарға жауап іздеген.

НЕ ҮШІН КЕТКЕН?

Азаттықтың Түркімен қызметі осы мәселеге қатысты дөңгелек үстел өткізіп, оны Түркіменстандағы Азаттық бюросы директоры Мухаммад Тахир жүргізді.

Талқылауға ХДТ Орталық Азия жобасының директоры Дейрдре Тайнан, ХДТ-ның Сириядағы аға сарапшысы Ноа Бонсей, Азаттықтың ИМ жайлы жазатын тілшісі Иоанна Паражчук пен осы мақала авторы Брюс Панниер қатысты.

«Орталық Азия (ОА) азаматтары Сирияға неге барады?» деген сауалдың жауабын кез келген адам білгісі-ақ келер. Өйткені, ОА халқының басым бөлігі – сүннит мұсылмандар, бірақ олардың ежелден Шам халқымен етене байланысы болмаған. 75 жыл өмірін атеистік Совет Одағы құрамында өткізген, арғы тегі түркілер мен парсыларға барып тірелетін ОА тұрғындары бейбіт отандарын тастап, қазір бүкіл әлем «жабайы-тағы, азғын» деп санайтын араб [экстремистік] топтарына не үшін қосылады?

Сириядағы қазақ жиһадшылары деп жарияланған видеоның скриншоты. (Көрнекі сурет)

Сириядағы қазақ жиһадшылары деп жарияланған видеоның скриншоты. (Көрнекі сурет)

ХДТ баяндамасындағы мәліметтерге қарағанда, соңғы үш жылда Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстаннан ИМ-ге қосылу үшін [Сирияға] 2-4 мың аралығында адам кеткен.

Олардың ИМ-ге барып кіруіне ОА елдеріндегі биліктердің репрессияшыл тәртібі мен болашаққа деген сенімдерінің болмауы ықпал етті деген жорамал бар. Мәселен, Тайнан «Өзінің қарым-қабілетін көрсеткісі келетін, Ресейге барып жалданып жұмыс істемей, экономикалық мүмкіндіктерге қол жеткізуді қалайтын жастарға Орталық Азия не ұсына алады?» деген сауал тастайды.

Бірақ жүздеген адам шетке кетіп жатыр десек те, миллиондаған адам табан аудармай елінде отыр. Алайда Орталық Азия азаматтары 1990-жылдардың соңынан бастап Ауғанстан мен Пәкістандағы әсіредіншіл радикалдарға қосыла бастады. Ол елдерге көбіне ер-азаматтар баратын. Ал қазір Сирияға әйелдер де аттанып жатыр, бала-шағасымен, отбасымен кетіп жатқандар бар.

«​ИДЕОЛОГИЯҒА ШЫН СЕНЕДІ»​

Тайнанның ойынша, «олардың бәрі бірдей елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдан қашты деуге келмейді». Ол «Бұл адамдар радикалдық уағызға шынымен иланады, өздерін үлкен жобаның бір бөлігі санайды, олар «қолына қару алған классикалық үлгідегі жауынгер емеспіз» дейді, сондықтан да мұнда Орталық Азия қоғамының түрлі таптарының өкілдері жиналған» дейді.

Сирияға барған қазақ "жиһадшылардың" балалары деп Youtube-ке жарияланған видеоның скриншоты.

Сирияға барған қазақ "жиһадшылардың" балалары деп Youtube-ке жарияланған видеоның скриншоты.

ХДТ баяндамасындағы қорытындының бірі - «адамдар ИМ-ге жоқшылықтан емес, радикалдық идеологияға шын сенгеннен қосылады» деген түйін. Этникалық тұрғыда алғанда, Сирияға баратындардың көбі - өзбектер, бірақ өзбектердің ОА елдері арасында саны көп халық екенін де ескеру қажет. Мысалы, Ресейге баратын мигранттардың да көбі - өзбектер.

Паражчук Сириядағы соғысқа адам тартуға әлеуметтік желілердің ықпалы көп екенін айтады. «Сириядағы қазақтар мен өзбектердің әлеуметтік желіде топтары бар. Онлайн сөйлесу өте тиімді, Сирияда жүрген адаммен тікелей хабарласып, ол жақтағы өмір туралы сұрап білу қиын емес» дейді ол.

Ал түркімендер, керісінше, ондай белсенді емес, оған биліктің БАҚ пен интернетті қатаң қадағалауы себеп болса керек. Бонсейдің айтуынша, ИМ өз үндеулерін ОА елдеріндегі жақтастарына қалай да болсын жеткізіп отыр.

Оның пікірінше, ИМ Сирия мен Ирактағы үкімет күштері әрекетінен бейбіт азаматтар қаза болып жатыр деген хабарларды көбірек таратуға тырысады.

«Орталықазиялықтар ИМ-ге осы репрессиялық режимдерге қарсы тұру үшін қосыламыз деп ойлайды. Ал «жиһадшыларға» бүйрегі бұратын адамдар үшін ИМ - таптырмайтын құрал» дейді.

ЕГЕР ОЛАР ЕЛГЕ ОРАЛСА ШЕ?

Бонсей «ИМ Орталық Азиядағы соғысқа қатысуға ынтасы бар адамдар үшін жағымды ұйым бейнесінде көрінгісі келеді... Олар осы арқылы кадр жетіспеушілігінің орнын толтыруға тырысады» дейді Бонсей.

ХДТ баяндамасында Сирияға баратын орталықазиялықтардың көбі сонда опат болады деген жорамал жасалған. Бірақ отанына қайтуға тырысатындар да шығатынын күмәнсіз. Әлемдегі барлық елдердің үкіметі тәрізді ОА елдерінің де билігі қоғамның радикалдануын қадағалап немесе оны тоқтатып үлгермей отыр. Қақтығыс аймағынан оралған «жиһадшылардың» тағдырын қалай шешетіндері де әзірге анық емес.

ИМ құрамындағы әйелдер.

ИМ құрамындағы әйелдер.

Тайнан «Қазақстан мен Өзбекстан елге оралған содырларға рақымшылық жасалмайтынын айтты. Бірақ Қырғызстан қоғамы ондай емес, онда еркіндік бар, сондықтан ОА-ға оралған ИМ жауынгерлері Қырғызстанға шоғырлануы мүмкін» дейді.

Орталық Азияның бес мемлекеті үшін тағы бір қиын мәселе – ұрыс аймағынан келгендерді анықтау. Соғысатын жастағы ерлерді тану қиын емес, бірақ Паражчук айтқандай, бір күні әйелдер мен балалар да еліне қайтуы мүмкін. Сириядағы ортаны көріп келген олар да қауіпсіздікке қатер төндіруі ғажап емес.

(Брюс Панниердің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG