Accessibility links

Алмазбек Атамбаев оққағарларының дәуірі


Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев (ортада). Бішкек, 3 наурыз 2012 жыл.
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев (ортада). Бішкек, 3 наурыз 2012 жыл.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев өз оққағарларын арнайы қызметтегі лауазымды орындарға тағайындады. Үкіметтік емес ұйым мемлекеттік ұлттық қаупісіздік қызметін коррупцияға белшеден батқан орган дейді.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев маусымның 1-і күні оққағары Дамир Мұсакеевті мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетіне (МҰҚК) қарасты 9-бөлім басшысы әрі МҰҚК төрағасының орынбасары етіп тағайындады. Сәл ертеректе арнайы қызметтегі жауапты орындарға президент өзінің күзет қызметінде болған екі адамды тағайындаған еді. Ал жуырда Law watch үкіметтік емес ұйымы зерттеу жүргізіп, МҰҚК коррупцияға батқан мекеме деген ұйғарым жасаған.

Дамир Мұсакеев – талайдан бері президенттің жанында болған адам. Сондықтан оны журналистер жақсы біледі. Ол басқаруға кіріскен МҰҚК-нің 9-бөлімі мемлекеттің бірінші басшылары – президент, премьер-министр, Жогорку кенеш спикері мен жоғарғы сот төрағасын қорғауды қамтамасыз етумен айналысады және стратегиялық нысандар күзетіне жауап береді.

Бұдан 10 күн бұрын президенттің тағы бір күзетшісі Болотбек Сүйімбаев МҰҚК-не қарасты қауіп-қатерлерді талдау және болжау қызметі директоры әрі МҰҚК төрағасының орынбасары болып тағайындалған. Ал үш ай бұрын МҰҚК-нің коррупцияға қарсы күрес қызметін басқаруға мемлекет басшысы күзетінде жұмыс істеген Улан Исраилов тағайындалған. Бұрын ішкі істер министрлігіне (ІІМ) қарасты жетінші басқарманы басқарған Исраиловтың ұлттық қауіпсіздік органдары жұмысынан тәжірибесі жоқ.

Президенттің мұндай кадр саясаты қоғамда қилы пікір тудырды. 2005 жылы елден қашқан Асқар Ақаевтың бұрынғы баспасөз хатшысы Әбділ Сегізбаевты МҰҚК басшысы етіп тағайындау да былтыр жұрттың наразылығын тудырған.

Алмазбек Атамбаев жеке күзетшілерін өзіне адал берілгендігіне қарай жауапты қызметтерге тағайындап жатыр. Олардың кәсіби деңгейінің сапасы мен тәжірибесінің бар-жоғына ешкім қарап жатқан жоқ.

Арнайы қызмет генералы Артур Медетбеков ұлттық қауіпсіздік мәселелерін жетік білетін нағыз кәсіпқой мамандар шет қалды деп қынжылады.

– Кадр тағайындау ісі үлкен саясатпен араласып, былығып кетті. Алмазбек Атамбаев жеке күзетшілерін өзіне адал берілгендігіне қарай жауапты қызметтерге тағайындап жатыр. Олардың кәсіби деңгейінің сапасы мен тәжірибесінің бар-жоғына ешкім қарап жатқан жоқ. Ал бірнеше тіл білетін, бірнеше жоғары білімі бар, МҰҚК мен ІІМ жүйесінде 15-20 жылдан жұмыс істеген жақсы мамандар өздерін жақсы жағынан көрсеткеніне қарамастан, шет қалды. Бірақ олар президенттің немесе мемлекеттің өзге басшыларының маңайында жүрмеген, өмір бойы бел жазбай жұмыс істегендер, - дейді ол.

Ал қорғаныс кеңесі хатшысы Темір Жұмақадыров МҰҚК-дегі соңғы тағайындауларға қатысты реніш-айыптауларды негізсіз санайды.

– Мен де, сіз де, өзге адамдар да бүкіл чекистер үшін жауап бере алмайды ғой. Қилы пікірлер айтыла береді. Бірақ бұл – қоғамымыздың ашықтығының белгісі. Мысалы, коррупцияға қарсы күрес қызметі чекистер ғана атқаратын жұмыс емес. Сондықтан бұл – дұрыс шешім. Ал мемлекеттік орган басшысы етіп тағайындаудың екі қыры бар. Мысалы, әлгі Исраиловты қолдайтын чекистер де бар ғой, ал олардың пікірін неге жарияламаймыз? - дейді Темір Жұмақадыров.

Ал зерттеу жүргізген Law watch үкіметтік емес ұйымы МҰҚК-ін коррупция деңгейі ең жоғары орган деп атайды. 800-ден аса кәсіпкердің арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде ҮЕҰ мамандары бизнеске арнайы қызмет өзгелерден гөрі көбірек килігеді, заңсыз қолдаумен айналысады, кәсіпкерлерді қорқытып-үркітеді деген ұйғарым жасаған. Мұның бір мысалы ретінде «контрабандалық жүкті өткізуге чекистер көмектескен» деген жанжалды келтіруге болады. Бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бірақ МҰҚК тергеу амалдарының қалай жүріп жатқанына қатысты әзірше комментарий берген жоқ.

Қырғызстан парламенті – Жогорку кенештегі Қырғызстан социал-демократиялық партиясы (ҚСДП) фракциясының өкілі Абдувахаб Нұрбаев күштік құрылымдарды бұлай айыптауға негіз бар деп санайды.

Қадағалаушы органдардың бизнеске жөнсіз араласатыны талайдан бері айтылып жүр. Коррупцияға қарсы күрес қызметі құрылған, бірақ ол өкілеттігін теріс пайдаланады.

– Қадағалаушы органдардың бизнеске жөнсіз араласатыны талайдан бері айтылып жүр. Коррупцияға қарсы күрес қызметі құрылған, бірақ ол өкілеттігін теріс пайдаланады. Қазір бұрынғыдай көп қысым жоқ, бірақ проблема түп-тамырымен жойылды деп те айтуға болмайды. Егер кәсіпкерлеріміз заңды жақсы білетін сауатты болса, мұндай жағдай көп болмас еді. Бұл проблеманы екі қырынан қарастыру керек. Кәсіпкерлер бірлесітігінде көп жылдар жұмыс істедім. Олардың арасында контрабанда тәрізді заңсыз жолдармен тез байып кеткісі келетіндер бар. Сондықтан коррупцияны азайту үшін мемлекеттік қызмет түрлерінің көбін электронды форматқа көшіріп, адам факторы ықпалын азайтуымыз керек, - дейді Абдувахаб Нұрбаев.

Қоғамда МҰҚК қызметкерлерінің мінез-құлқы мен әрекетіне қатысты қилы пікірлер айтылғанымен, арнайы қызмет органын реформалау жайлы әңгіме қозғалмайды. МҰҚК-не қарасты коррупцияға қарсы күрес қызметі түзетін коррупция деңгейі өте жоғары органдар тізімінде осы арнайы қызметтің өзі жоқ.

(Азаттықтың Қырғыз қызметі тілшісі Элеонора Бейшенбек кызының мақаласы негізінде әзірленді.)

XS
SM
MD
LG