Accessibility links

Португалия футболдан Еуропа чемпионы атанды


Португалия құрамасының Еуропа чемпионаты кубогын алған сәті. Париж, 10 шілде 2016 жыл.

Португалия құрамасының Еуропа чемпионаты кубогын алған сәті. Париж, 10 шілде 2016 жыл.

Еуропа футбол чемпионатының финалында Франция құрамасымен кездескен Португалия командасы 1:0 есебімен жеңіске жетіп, Еуропа чемпионы атағын тұңғыш рет иеленді.

Париж маңындағы «Стад-де-Франс» стадионында өткен 2016 жылғы Еуропа футбол чемпионатының финалында Франция мен Португалия құрамасы кездесті. Франция финалға дейін Ирландия, Исландия, Германияны ұтқан. Ал топтық кезеңде үш матчта да тең ойнап, үшінші орында болған Португалия плей-офф кезеңінде Хорватия, Польша және Уэльсті жеңген.

РОНАЛДУДЫҢ ЖАРАҚАТЫ МЕН ЭДЕРДІҢ ЖЕҢІС ГОЛЫ

Финалдық матчтың 8-минутында Португалия құрамасының капитаны Криштиану Роналду франциялық Димитри Пайетпен допқа талас кезінде жарақат алып қалды. Аяғына тиген соққыдан бірнеше минут алаңда жатып қалған Роналду кейін дәрігерлердің көмегімен ойынға қайта қосылғанымен ойынды жалғастыруға шамасы жетпей, 26 минутта бас бапкер Фернанду Сантуштан өзін басқа ойыншымен ауыстыруды сұрады.

31 жастағы Португалия құрамасының лидерін алаңнан дәрігерлер алып кетті. Роналду ойыннан шығып бара жатып көзіне жас алды.

Роналдудың алаңнан кетіп бара жатқан сәті. Париж. 10 шілде 2016 жыл.

Роналдудың алаңнан кетіп бара жатқан сәті. Париж. 10 шілде 2016 жыл.

Матчтың бірінші таймында гол салынған жоқ. Франция құрамасының бәсекелестер қақпасына жасаған жеті, Португалия ойыншыларының төрт шабуылы нәтижесіз болды.

Екінші таймда Франция құрамасы шабуылды үдеткенімен гол сала алмады. Ал Португалия құрамасы көбіне қорғанысқа көңіл бөліп, сәті түскенде ғана қарсы шабуылға шығып отырды. Еуропа чемпионатының тарихында бірінші рет финалда 90 минут ішінде бірде-бір гол салынбады.

Жеңіс голдың авторы - Эдер. Париж. 10 шілде 2016 жыл.

Жеңіс голдың авторы - Эдер. Париж. 10 шілде 2016 жыл.

​Кейін жеңімпазды анықтау үшін матчқа 30 минут уақыт қосылды. Финалдық ойынның 108-минутында Рафаэль Геррейраның тепкен айып добы Франция қақпасының маңдайшасына тиіп кері ұшты. Ал 109-минутта Эдердің шамамен 20 метр жерден тепкен добын Франция қақпашысы Льорис ұстай алмай қалды. Осы жалғыз голмен Португалия тарихта тұңғыш рет футболдан Еуропа чемпионы атағын жеңіп алды.

41 ЖЫЛДАН КЕЙІНГІ ЖЕҢІС

Португалия Франция құрамасынан соңғы рет 1975 жылы жолдастық матч кезінде басым түскен. Одан кейін өткен он матчтың барлығында Франция командасы жеңіске жеткен.

Португалия Еуропа чемпионаты финалына екінші рет шықты. Бұған дейін 2004 жылы Португалия өз алаңында өткен Еуропа чемпионатының финалында Грекиядан 0:1 есебімен жеңіліп қалған.

Финалда төреші матч аяқталғаны туралы белгі берген сәт. Париж. 10 шілде 2016 жыл.

Финалда төреші матч аяқталғаны туралы белгі берген сәт. Париж. 10 шілде 2016 жыл.

Ал Франция осымен үшінші рет Еуропа чемпионатының финалына дейін жетті. Осыған дейін 1984 және 2000 жылдары Еуропа чемпионы атанған Франция бұл жолы күміс жүлдегер атанды.

Келесі Еуропа чемпионаты 2020 жылы өтеді. Жарысты бірнеше елде, Еуропаның 13 қаласында өткізу жоспарланып отыр. Еуропа біріншілігінің матчтарын ұйымдастыратын қалалар қатарында Баку, Санкт-Петербург, Лондон, Амстердам, Рим бар. Еуро-2020 матчтарын өткізуге Астана қаласы да өз кандидатурасын ұсынғанымен өтпей қалған.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG