Accessibility links

Билік партиясы президентті сайлағысы келеді


"Грузия арманы" партиясының жеңіске жеткеніне қуанып тұрған тұрғындар. Тбилиси. 8 қазан 2016 жыл.
"Грузия арманы" партиясының жеңіске жеткеніне қуанып тұрған тұрғындар. Тбилиси. 8 қазан 2016 жыл.

Грузия сайлауында жеңген партия жетекшілері "мемлекет басшысын енді депутаттар сайлау қажет" деген пікір айта бастады. Заңға сәйкес жеңімпаз партия премьер-министр кандидатурасын бекітіп, үкіметті жасақтайды.

Қазанның 8-і күні өткен парламенттік сайлауда социал-демократиялық бағыт ұстанатын билік партияларының одағы "Грузия арманы" мен "Демократиялық Грузия" (бұдан әрі "Грузия арманы") сайлаушылардың 49 пайызға жуық дауысын жинап жеңіске жетті. Оппозициялық либералдық "Біртұтас ұлттық қозғалыс" 27 пайыз дауыспен екінші орын алды. Қалған партиялар бес пайыздық межеден өте алмады. Грузия парламентіндегі 150 депутаттық мандаттың 77-сі партиялық тізімге беріледі. Қалған 73 мандат бір мандаттық округтерде сайланған кандидаттарға тиеді. Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, сайлауда 49 бір мандаттық округте жеңімпаз кандидат анықталмаған. Бұл округтарде енді сайлаудың екінші кезеңі өтеді.

Партиялық тізімде жеңген "Грузия арманы" жетекшілерінің бірі Георгий Вольский бір мандаттық округтердегі сайлаудың екінші туры біткен соң билік партиясының парламенттегі 150 депутаттық мандаттың 113-ін иемденеді деп үміттенеді.

"Конституциялық көпшілікке айналған кезде мемлекет басшысын қазіргідей жалпы халық емес, тікелей парламент сайласын деген бастама көтеруіміз мүмкін. Еуропа елдерінің көпшілігінде сондай. Грузияны парламенттік мемлекет дейміз ғой. Демек, парламентке көбірек құқық, президентті сайлау мүмкіндігін беру керек" деді Вольский жергілікті журналистерге. 2012 жылы күшіне енген конституциялық өзгеріс бойынша Грузияда көп дауыс алған партия немесе партиялық одақ премьер-министрдің кандидатурасын ұсынып, үкіметті жасақтай алады.

Тблилиси полициясы. Көрнекі сурет. 4 қазан 2016 жыл.
Тблилиси полициясы. Көрнекі сурет. 4 қазан 2016 жыл.

​Сайлау күні президент Георгий Маргвелашвили "ел болашағын жақсартатын көп партиялық парламент үшін дауыс бергенін" хабарлады. "Грузия арманы" партиясының атынан президент сайлауына қатысып, 2013 жылдан бері мемлекет басқарып келе жатқан Маргвелашвилидің бұл сөзін "президент билік партиясына дауыс бермеді" деп түсінгендер де болды. 2012-2013 жылдары премьер-министр болған, "Грузия арманының" өкіл жетекшісі саналатын Бидзина Иванишвили сайлау күні "жеңіске жеткендерін, көпшілік ақылға қонымды таңдау жасағанын" мәлімдеді.

Ал оппозиция өкілі Давид Бакрадзе сайлау күнін "Грузия арманы" коалициясының билігі аяқталатын күнге теңеген болатын. Бұрынғы президент, қазір Украинаның Одесса облысында губернатор болып қызмет ететін Михаил Саакашвили Грузияда өзі жоқ кезде "ұлттық қозғалысқа" жеңіске жету қиынға соғарын мойындады. Саакашвили "билікке арандату әрекеттерін жасауға мүмкіндік бермеу үшін" сайлау алдында Грузияға келмегенін айтты.

Алайда Грузияға Саакашвили келмесе де, сайлау алдында елде оқыс оқиғалар болды. Дауыс беруге төрт күн қалғанда "Біртұтас ұлттық қозғалыс" партиясының мүшесі Гиви Таргамадзенің көлігі көшеде жарылып кетті. Алдыңғы орындықта отырған саясаткер жеңіл жараланды. Осы оқиғадан бірнеше күн бұрын оппозициялық саясаткер, бұрынғы қорғаныс министрі Ираклия Окруашвилиге оқ атылды. Билік пен оппозиция бұл оқиғаларды "арандату шаралары" деп бағалады.

Сайлау Тбилисиде тыныш өтті. Ал Марнеули қаласындағы 48-сайлау учаскесінде бақталас партиялардың өкілдері төбелес шығарды. Төбелесті тоқтата алмай, өздері жарақаттанған полицейлер арнайы жасақ шақырған. "Біртұтас ұлттық қозғалыс" партиясы бұл төбелесті "билік партиясының арандату әрекеті" деп айыптады. "Грузия арманы" керісінше "ұлтшылдарды" кіналап шықты. Куәгерлердің айтуынша, төбелес жеке құжатына дауыс бергені туралы белгі соғылған адамның тағы да дауыс беруге келуінен басталған. Оппозиция сайлау күні билік бір адамның бірнеше мәрте дауыс беретін - "карусель" амалын пайдаланғанын мәлімдеді.

Михаил Саакашвилидің әйелі Сандра Рулофс "Біртұтас ұлттық қозғалыс" кандидаты ретінде сайлауға түсті. Тбилиси, 8 қазан 2016 жыл.
Михаил Саакашвилидің әйелі Сандра Рулофс "Біртұтас ұлттық қозғалыс" кандидаты ретінде сайлауға түсті. Тбилиси, 8 қазан 2016 жыл.

Саакашвилидің жақтастары, "Біртұтас ұлттық қозғалыс" мүшелері сайлау қорытындысын мойындамай қазанның 8-і күні кешкісін Тбилисидегі Орталық сайлау комиссиясы ғимаратының алдында наразылық шеруін өткізді. Ал "Грузия арманы" партиясының орталық штабына құттықтап барған премьер-министр Георгий Квирикашвили "сайлау әділетті, демократия талаптарына сай өтті" деп мәлімдеді.

Грузияның Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру күні өздеріне он шақты шағым түскенін, оның бәрі "процедуралық қателіктерге байланысты" екенін айтты.

Халықаралық бақылаушылар сайлау процесі "жақсы ұйымдастырылғанын", дауыс беру кезінде барлық фундаменталдық еркіндіктер мен тең бәсеке болғанын мәлімдеді. Бірақ бақылаушылар сайлау алдындағы кампанияда тараптардың заңсыз тәсілдер жасағанын да айтты.

Еуропа Кеңесінің парламенттік ассамблеясының (ЕКПА) миссиясы "Грузияда сайлау алды кезеңінде саяси партияларды қаржыландыруда қателіктер болды, сонымен бірге оппозиционерлердің құқықтары жөнді сақталмады" деп мәлімдеді.

ЕҚЫҰ-ның сайлауға мониторинг жасау бөлімінің басшысы Александр Кальчевский қазанның 8-і күні жергілікті журналистерге өздерінің 380 бақылаушысы Грузиядағы сайлауды қадағалағанын, олар жасаған қорытынды кейінірек жарияланатынын хабарлады.

Грузияда өткен парламенттік сайлау науқанын жергілікті үкіметтік емес ұйымдардан 29 931, 55 халықаралық ұйымнан 1440 бақылаушы қадағалаған.

XS
SM
MD
LG