Accessibility links

Ирандық әйел метрода хиджабсыз биледі


Ирандық әйел метрода билеп жүр. (Видеодан алынған көрініс)

Ирандық әйел метрода билеп жүр. (Видеодан алынған көрініс)

Метро вагонында хиджабсыз билеген ирандық әйелдің ісі ел заңына қайшы әрекет деп есептеледі.

Әйелдердің метро пойызында билеуі көңіл аударуға тұрарлық әрекет көрінбеуі мүмкін. Бірақ консерваторлар үстемдік ететін Иранда үкімет тұрғындардың киімі мен қоғамдық орындағы іс-әрекетін қатаң бақылайды, топ алдында билеулеріне үзілді-кесілді тыйым салады.

Тегеранда бір белгісіз әйел қатал заңды бұзып, метро вагонындағы биін бейне камераға түсірген.

Ол әйел қоғамдық жерде бастарын бүркемей жүруіне тыйым салатын заңды да бұзып, хиджабсыз жүрді. Шамамен бір минутқа созылатын, интернетте кең тарап кеткен клипте ол бойжеткен тек әйелдер мінетін вагонда билейді. Бір әйел оны ұялы телефонға түсіріп отыр, ал қалғандары байқамағандай сыңай танытады.

Хиджаб киіп жүрген әйел ұлыбританиялық Little Mix поп-тобының әніне билей бастағанда орамалы иығына сырғып түседі.

«ҚҰПИЯ ЕРКІНДІК»

Бұл кадр иран әйелдерінің Facebook желісіндегі «Иран әйелдерінің оңашадағы бостандығы» қозғалысының парақшасына қарашаның 25-інде жарияланды.

Бұл видеоны көрген 32 мың адам ұнатып, 13 мыңы басқалармен бөліскен. 700 мың адамға ұнайтын «Иран әйелдерінің оңашадағы бостандығы» парақшасы «бетпердесіз суреттерін салып, құпиясымен бөлісуді қалайтын Иран әйелдеріне арналған».

Ұлыбританиялық Independent газетінің жазуынша, бұл парақшаны Ұлыбританияда білім алу үшін Ираннан кеткен журналист, қазір АҚШ-та тұратын Масих Алинежад жүргізеді. (Алинежад – оған қоса Азаттық радиосының – Фарданың тәуелсіз тілшісі).

«Басында бұл видеоны жариялауға жүрексіндім. Біраз уақыт күттім, кейін оны басқа дербес парақшадан көрдім. Сол кезде оның қоғам арасына тарағанын байқап, жарияладым. Қыздың беті анық көрінбейді, ол орамалымен бетін көлегейлеп жүр» дейді Алинежад қарашаның 27-сі күні газетке берген сұхбатында.

Тағы бір тыйымға қарсы видео қарашаның 26-сы күні жарияланды. Онда жас әйел футболка мен джинс киіп, Иран көшесінде жалаңбас кетіп барады.

Бұған дейін Ирандағы бір топ жас қыздар мен жігіттер Фаррелл Уильямстың Happy әніне би билеп, оны YouTube сайтына жүктеген еді.

Ел соты сол үшін оларды жазалап, үш жігіт пен үш қызды шартты түрде бас бостандығынан айырып, әрқайсысына 91 дүре соққан. Халықаралық құқық қорғаушылар бұны сынап, ирандық жастарды қорғайтын әлеуметтік медиа-кампания өткізген.

Азаттық тілшісі Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG