Accessibility links

Иран әйелдері стадионға кіруге зар


Иранда әйелдерге спорт жарыстарын стадионнан көруге тыйым салынған. Иранда өткен волейбол чемпионатын да олар залға кіріп көре алмады.

Иранда әйелдерге спорт жарыстарын стадионнан көруге тыйым салынған. Иранда өткен волейбол чемпионатын да олар залға кіріп көре алмады.

Ирандықтар спортқа ықыласты. Бразилиядағы футболдан әлем чемпионаты мен Тегерандағы халықаралық волейбол турнирінің жанкүйерлері көп. Бірақ, Иран әйелдеріне стадионға кіруге тыйым салынған.

Иран әйелдері спорт жарыстарын тек үйден көреді. Осы апта Иранның футбол және волейбол құрамаларына қолдау білдірмек болған әйел жанкүйерлер қатаң ескерту алды.

Мәселе - әйелдер Тегеранда өтіп жатқан волейболдан әлем чемпионатын тамашалауға барған. Бірақ «қоғамдық тәртіпке қайшы келгендері» үшін оларды полиция ұстап алады.

Мұны көрген әйел депутат «әйелдерді стадионға кіргізбеу – оларды сыйламау, әйелге зорлық көрсету» деп мәлімдеді.

ҚАТАҢ ТЫЙЫМ

Иранда әйелдердің футболдан әлем чемпионатын көпшілікпен бірге отырып теледидардан тамашалауға да хақы жоқ. Билік кафе мен мейрамхана сияқты қоғамдық орындарда әйелдер мен ерлер араласып кетеді деп, ондай жерде ойынды көрсетуге тыйым салып, қысым жасап жатыр.

Бірақ бұл қысым қарсылық тудырды. Әйелдер билік талабын елемей, шағын топ болып жиналып, Ирандағы волейболдан әлем кубогы жарысын көруге барған.

Маусымның 20-сы күні ирандық ерлер мен шетелдік әйелдер Тегеранның «Азади» стадионында Иран мен Италия арасындағы волейбол матчын тамашалап отырғанда, қауіпсіздік күштері ирандық әйелдерді «тәртіпке салып» жатты.

Әйелдер бұл жолғы әрекеттері арқылы стадионға кіруге тыйым салатын, сол үшін оларды ұстауға рұқсат ететін заңға наразылықтарын білдірді. Иран әйелдері аса қайратты қарсылық көрсете алмаса да, осы жолы елде әйелдерді мұқату мен кемсіту бар екенін байқатып үлгерді.

Иранда 1979 жылы діни төңкеріс болып, ислам республикасы құрылған. Содан бері әйелдер спорт шараларын болып жатқан жерінен көре алмайды. Ол үшін биліктің рұқсаты керек. Мысалы ондай «сараң рұқсат» 2006 жылы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Иран футбол құрамасы мен Катар ойнағанда және волейбол мен баскетбол ойындары кезінде берілген.

Консерваторлар «әйелдердің мұндай шараларды көпшілікпен тамашалағаны - әбес қылық, ондай кезде ер адамдар былапыт сөз айтуы мүмкін және ойыншылар қысқа балақпен (шорты) жүреді» дейді.

Бұл тыйымға қарсы шығушылар да бар. Бұрынғы президент Махмуд Ахмадинежад 2006 жылы Иранның дене шынықтыру ұйымына хат жазып, әйелдерді стадионға кіргізуді сұраған еді. Ол «әйелдер келіп отырса, спорттық шараның сипаты өзгереді, ер адамдар өздерін салмақты ұстауға тырысады» деген уәж айтқан еді. Бірақ Иран әйелдерге салынған бұл тыйымды алып тастауға әлі әзір емес тәрізді.

2013 жылы әйелдерге волейболдан әлем біріншілігін көруге рұқсат етілген де еді, бірақ билет сатып алған жанкүйерлер залға жіберілмеді. Иранда журналист әйелдердің спорт жарыстарын көруіне тыйым салынбайды, бірақ осы айда олар да ойынға кіре алмады.

ӘЙЕЛ ДЕПУТАТТЫҢ ПІКІРІ

Әйелдердің өкпесі күшейіп тұрған шақта әйел депутаттың оларға қарсы сөзі отқа май құйғандай әсер етті. Фатеме Әлия «әйелдердің міндеті - бала өсіріп, ерінің көңілін табу», «әйелдер ерінен басқа еркектің ойынына қарамасын» деген пікір айтты. Ол «Мыңдаған адам жиналған жерде барудың қажеті жоқ. Одан әйелге құрмет азайып, зорлық-зомбылық көбейеді» деген.

Екінші бір әйел депутат Сакине Омрани payamno.com сайтында «әйелдердің матчты үйде, теледидардан көргені жөн» деген. Оның ойынша, «спорт ойындарында ер адамдар жартылай жалаңаш жүреді».

Ал осы айда өткен волейбол турнирін шетелдік әйелдердің тамашалағаны жара аузына тұз сепкендей болды. Мұндай «қорлыққа» назар аударғандар көп болды. Олардың арасында депутат Камаледин Пирмоезен де бар. Депутат Бразилияда өтіп жатқан футбол чемпионаты мен Ирандағы волейболды салыстырып, «Иран әйелдері де Бразилиядағы сияқты спорт матчын тамашалауға хақылы» деп мәлімдеді.

Бірақ маусымның 22-сі күні Иран әйелдері тағы сол жағымсыз жаңалықты естіді. Иран Италиямен екінші мәрте ойнауға дайындалып жатқанда, әйел тілшілердің де ол жарысты көре алмайтыны хабарланды.

Сол күні Иранның полиция бастығы Эсмаил Ахмади Могадам «әйелдер мен ерлердің бір стадионда отыруы қоғамдық әдепке қайшы» деді. Могадам 2006 жылы Ахмадинежадтың өтінішіне жоғары мәртебелі дін қызметкерлерінің қарсы шыққанын да ескертті. Ол «Дін ғалымдары мен рухани басшылардың позициясы өзгерген жоқ, біз заңды орындауға тиіспіз, сондықтан әйелдердің стадионға кіруіне рұқсат етпейміз» деді.

«ЖАҒДАЙ СӘЛ ӨЗГЕРДІ»

Маусымның 20-сы күні «Азади» стадионының қасында ұйымдастырылған шағын қарсылық акциясына әйелдер «Стадион бәрімізге ортақ», «Әйелдер «орным қайда?» деп сұрайды» деген плакаттар ұстап келген.

Бұған тәртіп сақшылары тез назар аударды. Куәгерлер мен наразылық акциясына қатысқандардың айтуынша, бірнеше әйел мен оларды жақтаған ерлер және кем дегенде бір журналист ұсталған.

Иран полициясы әйелдерді волейбол жарысына кіргізбей, ұстап жатыр.

Иран полициясы әйелдерді волейбол жарысына кіргізбей, ұстап жатыр.

Танымал журналист Жила Баньягуб - әйел жанкүйерлер мен спорт тілшілеріне салынған бұл тыйымға қарсылардың бірі. Ол Facebook парақшасына «Ислам республикасы әйел құқығына қатысты міндеттерін тағы да бұзды» деп жазды.

Бұл жағдайды Иран баспасөзі де сынады. Осы айдың басында entekhab.ir сайты стадионға кіруге салынған тыйымды Сауд Арабиясындағы әйелдерге көлік жүргізуге салынған шектеумен салыстырды. «Бұлар бүкіл әлем үшін – қалыпты, назар аударуға тұрмайтын жайттар. Ал Сауд Арабиясында ол қауіпсіздік проблемасына айналып шыға келді» деп жазады әлгі сайт.

Басқа мемлекетте тұрып жатқан ирандықтар да бұл жайтқа алаңдаулы. Мәселен, Лейла Мури «әйелдерді бұлай кемсіткенге әлем жұрты қынжылып отыр» дейді. Ол - 1990 жылдары Иранда жүргізілген «Ақ орамал» акциясының мүшесі. Белсенділер осы науқан арқылы Ирандағы гендерлік теңсіздікке әлем назарын аудартпақ болған. «Әйелдің хақы - адамзат еркіндігінің кепілі» деген ұранмен жүргізілген кампания 2006 жылы «Азади» стадионында өткен әлем чемпионатына әйелдердің кіруіне рұқсат беруге ықпал еткен еді.

2006 жылы Мури Ираннан Нью-Йоркке кетіп қалды. АҚШ-та тұратын ол «қазір Иранда жағдайдың сәл өзгергенін» айтады. Мури «Президент Роухани белсенділерге пікір білдіруге мүмкіндік жасап отыр. Әйелдер саясаттың сәл жұмсарғанын сезіп жүр. Олар енді бұрынғы талаптарын қайта қоя алады. Бұл жолы олар Иран волейбол тобы жеңіп жатқандықтан, ондай қуанышты стадионға кіріп көргілері келді» дейді.

(Голназ Эсфандияридің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG