Accessibility links

«Ата-бабам жүрген жол туралы кино түсірмекпін»


Түркияда тұратын қазақ актері Баһадүр Хакім «Ekmek teknesi» фильмінде.

Түркияда тұратын қазақ актері Баһадүр Хакім «Ekmek teknesi» фильмінде.

Түркияда тұратын этникалық қазақ Баһадүр Хакім – он шақты фильмге түскен актер. Көбінесе Шығыс Азия халықтарының өкілі болып ойнайтын жігіт «қазақтың атын әлемге кино арқылы танытсам» дейді.

1978 жылы Түркияның Измир қаласында туған Баһадүр Хакім (Bahadır Hakim) 2002 жылдан бері ол елде 10 фильмге түскен. Баһадүр түскен кинолардың арасында комедиялық туындылар да, көпсериялы фильмдер де бар. Кейіпкерлерінің есімдері Уанг Ли, Аян Ли Тинг немесе Чан Ли болғанын айтқан актер «маған қымбат образ – «Стамбулда ғашық болдым» фильміндегі қазақ жігіті» дейді Азаттыққа берген сұхбатында.

Азаттық: – Актерлік мамандықты қалай меңгердіңіз? Алғашқы рөліңіз қандай еді?

Баһадүр Хакім: – Мен актерлік мамандығы бойынша мүлдем оқымаған адаммын. Измир қаласында жалпылама білім беретін коллежде оқыдым. Колледж бітірген соң тері өңдеу жұмысымен айналыстым.

2002 жылы алғаш Түркиядағы белгілі режиссер, әйгілі «Көкжалдар мекені» фильмінің продюсер-режиссері Осман Сынав «Ekmek teknesi» фильміне түсуге шақырды. Фильм түрік ұлтының өзге ұлтқа қыз бермеу дәстүрі негізінде түсірілген комедия болды. Осы фильмде Америкадан колледж бітіріп келген қы­тай жігітінің рөлін сомдадым. Үш жыл түсірілген сериалдың алғашқы 20 бөлімінде ойнадым.

Одан кейін «Alacakaranlık» («Ымырт», 2003), G.O.R.A (2003), кейін İki Kafadar Chinese Connection («Екі дос», 2013) сияқты фильмдерге түстім.

Баһадүр Хакім (оң жақта) түскен фильмнен көрініс.

Баһадүр Хакім (оң жақта) түскен фильмнен көрініс.

Жалпы, маған осыған дейін қытай, кәріс не жапон азаматтарының рөлі беріліп келді. Тек Түркияның TRT Avaz арнасы түсірген «Istanbul'da Aşık Oldum» («Стамбулда ғашық болдым», 2009) фильмінде ғана Қазақстаннан Түркияға жұмыс істеуге келген Қайрат деген жігіттің бейнесін жеткіздім. Мен үшін осы образдың орны өте бөлек, өйткені тұңғыш рет қазақ ретінде өз ұлтымның рөлін ойнадым.

Азаттық: – Қазақстанға танымал түрік сериалдарынан сіз ойнаған кейіпкерлерді көре алмадық.

Баһадүр Хакім: – Әзірге Қазақстанда көрсе­тіліп жүрген түрік сериалдарына түскен жоқ­пын. Өйткені түріктер көбіне рөлді бет-әлпетіңе қарап береді. Менің түрім моңғолоид болғандықтан көбінесе жапонның, кә­ріс­тің не қытайдың рөлдерін ұсынатыны содан.

Азаттық: – Ал қазір қандай фильмге түсіп жүрсіз?

Баһадүр Хакім: – Қазір Түркияның Kanal D арнасының тапсырысымен «Ulan Istanbul» атты фильмге түсіп жатырмын. Осы күнге дейін 34 бөлімі түсірілді. Онда да Қытай азаматының рөлін ойнап жүрмін. Кинода қазақ екенімді өзгелер біле жүрсін деп, кейіпкеріме қытайша «Ни хао» деудің орнына қазақша «Қалайсың?» деп айтқыза саламын.

Оған қоса Қазақстандағы «Қазақфильм» киностудиясымен бірігіп «Атажұрт жолы» жобасын қолға алып отырмын. Онда Тарбағатайдан шыққан қазақ баласының Алтай, Тибет, Гималайдан асып, Үндістанды басып өтіп, Түркияға келіп тоқтағаны баяндалады. Ата-бабамның жүріп өткен жолы жайлы бұл жоба – бастан-аяқ өз идеям. Басты мақсатым – сырттағы қазақтарды, жалпы қазақ деген елді кино арқылы таныту. Өйткені Қазақстан тәуелсіздігін 1991 жылы алғанымен әлі ешкім біле қоймайды.

Азаттық: – Қазақстанда түсірілетін киноларда ойнау жоспарыңыз жоқ па?

Баһадүр Хаким: – Жаңа жылдың алдында Алматыға барып қайттым. Қазақ хандығының құрылуына байланысты кино түсірілгелі жатыр екен. Осыған байланысты «Қазақфильм» киностудиясының басшылығына жолығып, суреттерімді беріп кеттім. Бірақ олар бұл киноны түсіретін режиссерлар әлі белгілі емес екенін, сценариінің де дайын емес екенін айтты. Егер шақырса, барып түсер едім.

Азаттық: – Сұхбат бергеніңізге рақмет.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG