Accessibility links

Президент жолдауымен аттас әдеби байқау


"Рух" әдеби байқауының белгісі
"Рух" әдеби байқауының белгісі

Қазақстанда негізгі міндетінің бірі "президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласында айтылған мәселелерді жүзеге асыруға атсалысу" деп сипатталған "Рух" әдеби байқауы аяқталды. Қазылар жүлдеге ілінген шығармаларды "көркемдік деңгейіне қарап бағаладық" десе, конкурсты сырттай бақылаған ақын "жүлде бәйге алудың технологиясын меңгеріп алған адамға берілді" дейді.

"Рух" әдеби байқауы

Тұңғыш «Рух» әдеби байқауында бас жүлдеге – 2 миллион теңге, бірінші орынға – 1 миллион теңге тағайындалды. Жарыста 8 номинация бойынша 899 автор сынға түсті. Ұйымдастырушылар конкурсқа қазақ тілінде 403, орыс тілінде 493, ағылшын тілінде 3 шығарма түскенін айтады. Туындыларды 18 қазы бағалады.

Байқауға "Жаңғыру жыры" аталатын поэмасын қосып, бірінші орын алған ақын Несіпбек Айтұлы "жүлде күтпеген жерден келді" дейді. Оның сөзінше, поэмасы көктемде президент жолдауы жарияланған кезде жазылып, республикалық газетке басылған. Кейін "Рух" байқауына "қызметкер інілері қосып жіберіпті". Байқау әділ өтті деп ойлайтын ақын сынға түскен өзге шығармаларды "компьютерді жетік білмегендіктен оқымадым" деді.

Қазылар құрамында болған ақын Ұлықбек Есдәулеттің айтуынша, поэма жанрында публицистік тақырыптар көбірек көрінген.​

​- Ұлттық мүдде мәселесін жазған Бақыт Беделханның "Рух жыры" поэмасы үздік шықты. Ал ​конкурстың тақырыбына сай келіп тұрғандықтан бірінші орынды "Жаңғыру жыры" поэмасына бердік, – деді ол.

Тақырыпқа сай келген соң бірінші орынды "Жаңғыру жыры" поэмасына бердік.
Ұлықбек Есдәулет

Ұлықбек Есдәулет шығармаларды бағалау кезінде қазылардың "көркемдік деңгейіне көбірек назар аударғандарын" айтты.

​- Тақырып әртүрлі болды. Тарихи дүниелерді де жазғандар кездесті. Дегенмен, бүгінгі өмірді жазған авторлар көбірек көрінді. Мысалы, роман жанрында бас жүлде алған Тынымбай Нұрмағамбетовтің "Рухтар жерден кетеді" шығармасы тәуелсіздік алған кездегі қиындықтар туралы екен. Жер сатып алған кәсіпкердің ауыл адамдарымен алысуы, қазіргі публицистика айтып жүрген жер сатуға қарсылықты роман жанрында жазып шығуы, бүгінгі адамдардың тағдырын, психологиясын осы заман аясында көрсетуі – үлкен нәрсе деп есептеймін, – дейді қазылар алқасының төрағасы, жазушы Төлен Әбдік.

Ақын Ұлықбек Есдәулет.
Ақын Ұлықбек Есдәулет.

​Ал Ырысбек Дәбейдің романын Төлен Әбдік "тілі жақсы, шымыр" деп бағалайды. Азаттық тілшісінің: "Байқауға қатысқан туындылардың көркемдік, тақырыптық тұрғыда совет дәуірі тұсындағы шығармалардан айырмашылығы қандай?" деген сұрағына жазушы Төлен Әбдік:

Бүгінгі саясатты қолдаған шығармалар да кездесіп отырады. Қайтесің енді?
Төлен Әбдік

- Кеңестің дәуірмен салыстыруға келмейді. Ол кезде коммунистік идея айту керек. Қазіргі конкурста еркіндік бар. Әдебиет те бөлек. Тәуелсіз әдебиет. Бүгінгі жазушылардың белгілі бір деңгейде азаттығы бар. Әрине кемшілігі де жоқ емес. Олардың ішінде бүгінгі өмірді, бүгінгі саясатты қолдаған шығармалар да кездесіп отырады. Қайтесің енді? – деп жауап берді.

Драматургия саласы бойынша бірінші орын иеленген Ардақ Нұрғазы алғаш әдеби әңгіме жаза бастаған 1991 жылдан бері ешқандай жүлде алмағанын айтады. Өзін ақын, жазушы әрі драматург деп таныстырған ол "Рух" конкурсы әділ өтті деп санайды. Ардақ Нұрғазының "Мен, мен ешкім де емеспін" деген пьесасын драматург-жазушы Роза Мұқанова "кейіпкерлеріне ат қоймаған, формасы да, сюжеті де жаңа, дәстүрлі әдебиет көп қабылдағысы келмейтін, бірақ оқушыны селт еткізетін шығарма" деп бағалайды. Оның сөзінше "Рух" конкурсы "Қазақстандағы ақын-жазушы, драматургтерге жасалған шынайы жақсылық".

Ақын Ырысбек Дәбей.
Ақын Ырысбек Дәбей.

- Жаңа авторлар, жаңа форма, жаңа тақырыптар табылып жатыр. Сондықтан, байқаудың драматургия саласында тағы бірнеше жүлде болуы керек. Жанрлық тұрғыда трагедия, комедия, лирика деп жіктеп, сыйлық тағайындаса дұрыс болар еді, – дейді Роза Мұқанова.

Байқау шарты бойынша драматургияға екі жүлде беру көзделген. Бас жүлдені Серік Асылбектің "Қазақша ашылып сайрау" пьесасы жеңіп алды.

"Қолыма қалам ұстағалы ешқандай әдеби байқауларға қатысып көрмедім, оны қажет деп те санамаймын" деген ақын Аманхан Әлім "Рух" конкурсында жүлдегер болған "Жаңғыру жыры" поэмасын сынады.

Бәйге алудың технологиясын меңгеріп алғандарға, мүшәйрашыл ақындарға емес, шығармасы шынымен жақсы авторларға беруі керек еді.
Аманхан Әлім

​- Прозадан жүлдегер болғандарға таласым жоқ. Бірақ, қазылар алқасы поэманы тануда дұрыс істемеді. Бәйге алудың технологиясын меңгеріп алғандарға, мүшәйрашыл ақындарға емес, шығармасы шынымен жақсы авторларға беруі керек еді, - деп санайды ол.

Аманхан Әлім проза жанрында жазылған шығармалардың ішінде Кәдірбек Сегізбай, Қуандық Шамахай мен Есболат Айдабосынның шығармалары "жоғары бағалауға лайық еді" дейді.

"ЖАЗУШЫЛАР 2 МИЛЛИОН ТЕҢГЕГЕ ҚУАНАДЫ"

Ал "Әдеби сын" жанрына қатысып, жүлде алмаған жазушы, сыншы Арман Әлменбет конкурстың қаржылай сыйлығына көңілі толатынын айтады.

- Айына 2 миллион теңге табатын кәсіпкерлер көп. Осы жағынан алғанда бас жүлдеге қойылған 2 миллион теңге қаламгерді соншалық қуантпауы керек еді. Онда неге қуанады? Себебі, ақын-жазушылар нәпақаны басқа жақтан іздеп, жазуды тегін жазып жүргеніне біраз жыл болған. Осы жолы үлкендер жағы ширек ғасырдан бері, жастар жағы өмірінде бірінші рет жазу жазғаны үшін көлемді ақша алды. Сондықтан алмағандары да қуанды, - дейді ол.

Ақын Несіпбек Айтұлы.
Ақын Несіпбек Айтұлы.

Сыншы "Рухани жаңғыруға" қатыстының бәрі Тәуелсіздік кезеңін мақтауы керек, сыни ештеңе айтпауы керек дейтін қате түсінік" деп санайды.

- Жалпы алғанда, әдебиеттің түлеуі халықтың рухани жаңғыруына әсер ететінін ескерсек, қандай тақырыпты қамтыса да, кез келген жақсы шығарма Елбасының мақаласында (президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласын меңзегені – ред.) көтерген мәселелермен ниеттес болады деп ойлаймын, - деді ол.

Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған "Рух" әдеби байқауында 899 автор сынға түсіп, 8 номинация бойынша жүлдегерлер анықталды. Ұйымдастырушылар конкурсқа қазақ тілінде 403, орыс тілінде 493, ағылшын тілінде 3 шығарма түскенін айтқан. Шығармаларды 18 қазы дауыс беру арқылы бағалады. Бас жүлдеге – 2 миллион теңге, бірінші орынға – 1 миллион теңге тағайындалған.

XS
SM
MD
LG