Accessibility links

"Саяси қудалау". Супермарафоншы Жыланбаевтың жабық соттағы соңғы сөзі


Марат Жыланбаев сот залында
Марат Жыланбаев сот залында

28 қарашада Астанада жабық өтіп жатқан сот процесінде азаматтық белсенді Марат Жыланбаев соңғы сөзін айтты. Бұл туралы оның адвокаты Мейіржан Досқараев хабарлады. Оппозициялық белсендінің жақтастарын да, журналистерді де сотқа кіргізбеді.

Астананың қылмыстық істер жөніндегі сотына 28 қараша күні кешке Марат Жыланбаевтың жақтастары мен журналистер жиналды. Билік осы сот процесіне келіп жүрген белсенділердің бір бөлігін өткен аптада "бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін тағы да бұзған" деген айыппен әкімшілік қамауға алған.

Сейсенбідегі сот отырысында судья белсендінің қорғаушысына да, қызына да фото-видеоға түсіруге рұқсат бермеді деп хабарлады адвокат Досқараев. Оның айтуынша, Марат Жыланбаевтың өзі сотты ашық өткізуді тағы да талап етіп, наразылығын білдірген. Адвокат қорғауындағы белсендінің сотта не дегенін журналистерге айтып берді.

"Марат Төлегенұлы соңғы сөзін айтты. Ол ешқандай кінәсі жоғына, 2016 жылы митингіге шыққан сәттен бастап саяси қудалауға түскеніне дәлелдерін келтірді. Ол соңғы сөзін үш сағатқа жуық – кешкі алты жарымға дейін айтты", – деді адвокат.

Досқараев сот үкімі сәрсенбіде шығатынын хабарлап, бәлкім ол отырысқа журналистерді қатыстырып қалуы да мүмкін деген пікірін білдірді.

"[Үкімді] ертең жариялайды. Қосымша хабарланады деп, нақты уақытын айтқан жоқ", – деді адвокат сейсенбідегі сот отырысынан кейін.

Бұған дейін сот өкілдері сот үкімі қай уақытта шығады деген сұраққа жауап бермеген.

Жарты жылға жуық уақыттан бері Астананың тергеу абақтысында отырған, биыл жазда қамауда отырып 60 жасқа толған Марат Жыланбаевтың ісі бойынша сот қазан айының аяғында басталған. Судьяның ұйғарымы бойынша жабық өткізіліп жатқан процесс үкім шығаратын сәтке тез таяды.

Осыған дейін соттағы жарыссөзде сөйлеген прокурор соттан халықаралық деңгейде аты әйгілі марафоншы, тіркелмеген "Алға, Қазақстан!" оппозициялық партиясының лидері Марат Жыланбаевты 10 жылға түрмеге қамауды сұраған.

Белсендіге "тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты" және "терроризмді қаржыландырды" деген айыптар тағылған. Жыланбаевтың өзі және жақтастары билік оны саяси көзқарасына бола қудалап жатыр деп есептейді.

Жабық өтіп жатқан процессте соңғы сөзін айтатын азаматтық белсенді Марат Жыланбаевты қолдап сот ғимаратына жиналған адамдар. Астана, 28 қараша, 2023 жыл
Жабық өтіп жатқан процессте соңғы сөзін айтатын азаматтық белсенді Марат Жыланбаевты қолдап сот ғимаратына жиналған адамдар. Астана, 28 қараша, 2023 жыл

АБАҚТЫДАҒЫ АШТЫҚ АКЦИЯСЫ

17 қарашада Марат Жыланбаев Астананың тергеу абақтысында 1 қарашада соттың жабық өтуіне наразылық ретінде бастаған аштық акциясын доғаруға мәжбүр болды. Адвокат Мейіржан Досқараев өткен аптада TikTok әлеуметтік желісіне Жыланбаев қан қысымы төмендеп, қызуы 35 градусқа дейін түскендіктен аштық шарасын тоқтатты деп хабарлаған. Заңгердің сөзінше, белсенді қатты жүдеп, 14 келіге арыған.

Тергеу абақтысында аштық акциясын жариялмас бұрын Жыланбаев наразылығын білдіріп, аузын тігіп тастады. "АктивистыНеЭкстремисты" құқық қорғау тобы тергеу абақтысының әкімшілігі белсендінің аузынан жіпті күштеп алған деген ақпарат таратқан (Қылмыстық атқару жүйесі департаменті Азаттықтың сауалхатына жолдаған жауабында Жыланбаев жіпті өзі шешті деп жазды – ред.).

Аштық акциясын доғарса да, Жыланбаев өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, наразылығын мәлімдеуін тоқтатқан жоқ. Белсенді үстінен қозғалған қылмыстық істі жалған айыптарға құрылған деп атап, саяси астары бар бұл істі ойдан шығарған биліктің көздегені – оны бейбіт наразылық акцияларға шықпайтындай қылу және "Алға, Қазақстан!" оппозициялық партиясын тіркемеу деп мәлімдеді.

"Алға, Қазақстан!" белсенділері былтырғы мамыр айынан бері Әділет министрлігіне саяси партияны тіркеуге кемінде 22 рет өтініш берген. Билік бірде-бір өтінішін қанағаттандырған жоқ.

60 жасағы Марат Жыланбаев Гиннес рекордтар кітабына жеті рет енген супермарафоншы ретінде дүйім жұртқа белгілі адам. Ол 2016 жылдан бері Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ол құрған автократиялық билік режимін, кейін Назарбаев президенттіктен кеткенде орнына қалдырған Қасым-Жомарт Тоқаевтың басқару жүйесін сынап келе жатқан белсенді ретінде танылды. Үкіметті сынап бейбіт қарсылық акцияларына қатысқан Жыланбаев бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылған.

Биыл мамырда белсенді, Астанада 17 наурызда өткен бейбіт акцияға қатысқаны үшін 20 күн әкімшілік қамауда отырып шыққан бетте қайтадан қамауға алынды. Билік "заңсыз" деп атаған наурыздағы шараға Жыланбаев Еуропа одағы мен Батыс елдерінің елшіліктері орналасқан "Ренко" бизнес-орталығының ғимараты алдына бір топ белсендімен бірге шығып, елдегі "саяси тұтқындарды" босатуды талап еткен, оған қоса Батыс елдерін Астанаға Украинаға қарсы соғыс ашқан "Путинге болысқаны" үшін қосалқы санкция салуға үндеген.

"ҰЙҚЫДА ЖАТЫР". ЖЫЛАНБАЕВҚА ҚАРСЫ ІСКЕ РЕАКЦИЯ

Сейсенбі күні Астананың қылмыстық істер жөніндегі сотының дәлізіне жиналған белсенділер саны бұрынғыдан аздау болды – бұған дейін осында өтіп жатқан жабық сот процессіне келіп жүргендердің кейбірі "заңыз митингіерге қатысты" деген айыппен әкімшілік жауапқа тартылып, қазір 15 күндік жаза мерзімін қамауда өтеп жатыр.

Азаттық тілшілері қауіпсіздік күштерінің екі қызметкері сот ғимаратының алдындағы арнайы құрылғы орнатылған тексеру орнынан өтіп, ішке қарай кіргенін көрді.

Жыланбаевты қолдап келгендердің кейбірі процесс өтіп жатқан залға кіруге талпынып көретінін айтты. Бірақ оларды ішке өткізбеген соң, жабық өтіп процесстен хабар күтіп, ғимарат дәлізінің есік жағында отырды.

Оппозициялық белсенді Марат Жыланбаевты ісі бойынша жабық сот процессі өтіп жатқан ғимаратқа кіреберістегі күзетшілер. Астана, 28 қараша, 2023 жыл
Оппозициялық белсенді Марат Жыланбаевты ісі бойынша жабық сот процессі өтіп жатқан ғимаратқа кіреберістегі күзетшілер. Астана, 28 қараша, 2023 жыл

Сотқа келген Марат Жыланбаевтың жақтастары жабық процесс туралы ой-пікірін білдірді.

– Сот өкілдеріне бұл жерге қарапайым адамдар жиналғанын, олар саяси тапсырыс бойынша сот өтіп жатқанын білетінін және оған қарсы екенін жеткіздім. Бізде сонда сайлауға қатысуға өтініш беруді, тіпті жай ғана партия тіркеудің өзін қылмысқа айналғаны ғой, – дейді Астана тұрғыны Роза Бақтығалиева. – Біздің азаматтар ұйқыда жатыр. Бұл өздеріне өте жаман, өйткені сайып келгенде, әлеуметтік әділетсіздікке төзе алмайтын біздің белсенділер – "жабайы орманды тазалаушы" адамдар.

– Біз Түркіменстанға, Солтүстік Кореяға айналмауымыз керек, – деді сотқа келген тағы бір әйел.

Сейсенбі күні сот өкілі БАҚ өкілдеріне Марат Жыланбаевтың соңғы сөзін жазып алуға рұқсат етіле ме деген сұраққа жауап бере алмады. Ол үкім қашан оқылатынын да білмейтінін айтты.

Марат Жыланбаев Қазақстанда биыл көктемде өткен парламент сайлауына тәуелсіз кандидат болып тіркелуге талпынып көрді. Оппозициялық белсенді интернетте краудфандинг жариялап, сайлауға түсу жарнасын төлеуге қаржы жинаған. Бірақ билік оны "сайлауалды науқанды ерте бастап, заң талабын бұзды" деген айыппен сайлаудан шеттеткен.

Бұдан кейін Жыланбаев жиналған ақшаны парламент депутаттығына кандидат болуға үміткер бір адамға аударған. Сонысын ілік еткен билік оған "экстремистік ұйымды қаржыландырдың" деген айып тақты дейді белсендінің жақтастары.

Адвокат Досқараевтың айтуынша, парламент сайлауына түспек болған Жыланбаевқа банк картасына 500 теңгеден 2000 теңгеге (шамамен бір доллардан төрт долларға) дейін ақша аударған 100-ден астам адамнан сотқа дейінгі тергеу барысында жауап алынған.

"Сот сол адамдардың тым құрмағанда бірнешеуінің жауабын тыңдауы керек еді, бірақ олай істемеді", – деді адвокат.

Айыптаушы тарап тек төрт сарапшы мен "Роза" және "Бариста" деген бүркеншік есімдер берілген екі куәдан жауап алуды ұсынған.

Билік Жыланбаевқа айып таққанда "экстремистік ұйым" деген ұғымды "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына байланысты қолданған. Қазақстан соты "экстремистік" деп танып, ел аумағында тыйым салынған бұл қозғалысты Еуропарламент өз қарарында "бейбіт оппозиция" деп атаған. Тергеу орындары Жыланбаев тіркелмеген ҚДТ қозғалысының негізін қалаған қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов пен оның "шетелдегі штабымен" байланыс орнатып, нұсқаулар алып отырған деп есептейді.

Марат Жыланбаев жабық өтіп жатқан процессте соңғы сөзін айтатын күні оны қолдап жиналған адамдар сот ғимаратының дәлізінде отыр. Астана, 28 қараша, 2023 жыл
Марат Жыланбаев жабық өтіп жатқан процессте соңғы сөзін айтатын күні оны қолдап жиналған адамдар сот ғимаратының дәлізінде отыр. Астана, 28 қараша, 2023 жыл

Жыланбаевтың жақтастары белсендіге ойдан құрастырылған айыптар тағылды деп біледі.

Аты әйгілі супермарафоншының ісі бойынша сот басталысымен судья "Роза" мен "Бариста" дейтін екі куәнің "жеке басымызға қауіп төнеді" деген өтінішін алға тартып, процессті жабық өткізуді ұйғарды.

Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы соттың "кімдер екені белгісіз, Жыланбаевқа қарсы куәлік еткен екі куәнің сөзіне ғана сүйеніп" шығарған шешімін сынады. Ұйым мұны сот процессін тәуелсіз бақылауға жол бермей, билікті асыра пайдалану деп атаған.

Халықаралық World Liberty Congress үкіметтік емес ұйымы маусым айында Марат Жыланбаевтың тұтқындалуын сынап мәлімдеме жасаған. Қазақстандық құқық қорғаушылар Жыланбаевты "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген. Ресми Астана елде саяси астармен қудалауға түскендер жоқ дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG