Accessibility links

Жазасы жеңілдеген Мәмбеталин мен Нарымбаев босатылды


Апелляциялық сот "араздық тудырды" деген айыппен сотталған белсенділер Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталиннің жазасын жеңілдетіп, сот залынан босатты.

Алматы қалалық сотында бүгін "араздық тудырды" деген айыппен сотталған азаматтық белсенділер - Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталиннің апелляциялық шағымы бойынша сот үкімі жарияланды.

Апелляциялық алқа соты Мәмбеталиннің бас бостандығын бір жылға шектеп, үш жылға қоғамдық қызметпен айналысуына тыйым салды. Мәмбеталинді алғашқы сот инстанциясы екі жылға соттаған еді.

Үш жылға бас бостандығынан айырылып, бес жылға қандай да бір қоғамдық қызметпен айналысуына тыйым салынған Нарымбаевтың жазасы да жеңілдетілді. Апелляциялық сот Нарымбаевты үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын үш жылға бас бостандығын шектеумен ауыстырды. Белсендіге бес жылға дейін қоғамдық қызметпен айналысуға салынған тыйым өзгермеді. Нарымбаев пен Мәмбеталин сот залынан босатылды.

Бүгінгі сотта журналистер мен басқа да белсенділерді монитор қойылған бөлек акт залына кіргізді. Олар сот барысын осы монитордан бақылап отырды.

Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаевтың үкімі шыққаннан кейінгі сәт. Алматы, 30 наурыз 2016 жыл.

Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаевтың үкімі шыққаннан кейінгі сәт. Алматы, 30 наурыз 2016 жыл.

Сот үкімі шыққанда акт залында отырғандар қол шапалақтап, қатты қуанды. Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталиннің туыстары, қоғамдық белсенділер бірін-бірі құшақтап, "құтты болсын" айтысты.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина апелляциялық сот шешімі мемлекеттік билік пен сот билігін жағымды жағынан көрсетететін қадам болды деп есептейтінін айтты.

- Үкім бұрынғыша қалғанымен, Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаевтың шартты жазамен босатылуы қалай болғанда да азаматтық қоғамның жеңісі деп білемін.Тағылған айыпты мойындамай бостандыққа шығу арқылы Ермек Нарымбаев соңына дейін күресуге болатынын дәлелдеді, - деді Төреғожина Азаттыққа.

Ермек Нарымбаевтың адвокаты Жанар Балғабаева:

- Ермек Нарымбаевты үш жылға бас бостандығынан айырып, бес жыл қоғамдық іспен айналысуына тыйым салды. Біз Нарымбаевтың кінәсі жоқ екенін дәлелдедік, сондықтан оны біржола ақтауы керек еді. Дегенмен алғашқы сот шешімімен салыстырғанда бүгінгі сот үкімін шағын да болса жеңіс деп бағалаймыз, - деді.

Ал Серікжан Мәмбетәлин өздеріне ешқандай сұхбат, пікір айтуға болмайтынын мәлімдеп, "Бізді қолдаушыларға, мәселемізді көтерген бұқаралық ақпарат құрадарына рахмет" деді.

Азаттық тілшісі Ермек Нарымбаевпен де сөйлесіп көрді. Қатты қуанып тұрған Ермек Нарымбаев "әзірге пікір айтқысы келмейтінін" білдірді.

Азамттық белсенді Ермек Нарымбаевтың полиция күзетімен сотқа келген кезі. Алматы, 29 наурыз 2016 жыл.

Азамттық белсенді Ермек Нарымбаевтың полиция күзетімен сотқа келген кезі. Алматы, 29 наурыз 2016 жыл.

Кеше сотта сөйлеген Нарымбаев кінәсін мойындамайтынын мәлімдеп, қылмыстық істі жауып, өзін сот залында босатуды талап еткен. Сотқа өз еркімен келген Мәмбеталин кінәсін мойындаған. Ал үйқамақтағы Нарымбаев сол күні сот залына күзетпен келіп, үйіне күзетпен әкетілген еді. Мәмбеталин апелляциялық шағым түсірген кезеңде ешқайда кетпеу туралы қолхатпен қамаудан уақытша босатылған. Нарымбаев апелляциялық сотқа дейін үйқамақта болған.

Наурыздың 29-ы күні өткен сотта прокурор Мәмбеталиннің жазасын екі жылға бас бостандығын шектеп, үш жылға қоғамдық қызметпен айналысуына тыйым салу түрінде жеңілдетуді, кінәсін мойындамаған Нарымбаевтың жазасын өзгеріссіз қалдыруды сұраған.

Мәмбеталин мен Нарымбаев қаңтардың 22-сі күні "араздық тудырды" деген баппен екі және үш жылға сотталған еді. Оларға қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша ("әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік және діни алауыздық тудыру") айып тағылды. Белсенділер интернетте тараған "Ветер с улицы" кітабынан Facebook парақшаларында үзінді жариялау арқылы "қазақ халқының ар-намысын қорлады" деп танылған.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG