Accessibility links

Зейнет жасын реформалау кімге қажет?


Қоғамдық бесленділер еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовке зейнетақы жасының 63 жасқа өсуіне қарсылық танытып тұр. Алматы, 26 сәуір 2013 жыл.

Қоғамдық бесленділер еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовке зейнетақы жасының 63 жасқа өсуіне қарсылық танытып тұр. Алматы, 26 сәуір 2013 жыл.

Алматыда еңбек және әлеуметтік қорғау министрімен кездескен кейбір тұрғындар сұрақтарының жауапсыз қалғанын айтты. Ал министр зейнетақы қорын зейнет жасын ұлғайту арқылы өсіріп, пайдалы инвестицияға айналдырғысы келеді.

Сәуірдің 26-сы күні еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов Алматы жұртшылығымен кездесті. Қаладағы екі мыңға жуық адам сыятын студенттер сарайы лық толды. Жиналғандардың басым көпшілігі мұғалімдер, дәрігерлер мен аудан әкімдігінің өкілдері еді. Олар сұрақ қоюға емес, тек адам санын толтыру үшін келгендей әсер қалдырды.

Сағат таңғы 9-ға белгіленген кездесуге министр кешігіп келді.

Ол алдымен VIP-залда жиналған журналистер сұрағына бір сағаттан аса уақыт жауап берді. Ол жерде министрдің жауабына «шамданған» азаматтық белсенді жұмыртқа лақтырып, кейін Әбденов киімін ауыстырып қайта келді. Бұдан соң жиналған халықтың алдына шығып, тағы екі сағаттық кездесу өткізді.

«ЖИНАҒАНЫМ МИЛЛИОН ТЕҢГЕГЕ ДЕ ЖЕТПЕЙДІ»

Министрмен кездесуге келгендердің ішінде жаңа реформаны қолдаушылардан гөрі сынаушылар басым болды. Олардың ішінде мүгедек балалары бар, балет театрында жұмыс істеп жүрген, жүк көліктерінде қызмет ететін ондаған әйел «63 жасқа дейін қалай жұмыс істейміз?» деген сұрақтар қойып, ғимарат алдында плакаттар ұстап тұрды. Осы сұрақтар жиында қойылған кезде министр «бұл мәселе әлі де талқыланып жатыр» деп сырғытпа жауап берді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовпен кездесуге келген тұрғындар. Алматы, 26 сәуір 2013 жыл.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовпен кездесуге келген тұрғындар. Алматы, 26 сәуір 2013 жыл.


Министрмен кездесуге келгендердің бірі алматылық 57 жастағы Вероника есімді тұрғын. Экономист болып 40 жыл еңбек еткен ол бұл реформаның неліктен қажет екенін түсінбей дал. Оның айтуынша, бүгінгі кездесуден де бұл сұраққа жауап ала алмаған.
Әйелдер зейнетке шыққаннан кейін жетіскенінен жұмыс істемейді.

- Әйелдер зейнетке шыққаннан кейін жетіскенінен жұмыс істемейді. Мардымсыз айлыққа қосымша табыс табу үшін жұмыс істейді. Мен реформаның қаншалықты қажет екенін түсінбеймін. Олар (министрлік – ред.) зейнетақы жүйесін модернизациялап жатыр, бірақ қарапайым сұрақтарға жауап бере алмайды. Мүгедек аналар, транспортта жұмыс істейтін әйелдер мен балет бишілерінің мәселесі әлі ойластырылмаған. Министр бұл мәселелерді бірінші рет естіп тұрған секілді, өзіне түртіп алып, «қарастырамын» дейді, - деді Вероника.

Келесі жылы зейнетке шығуға дайындалып жүрген ол «осы күнге дейін жинағаным миллион теңгеге де жетпейді» деді.

МИНИСТРДІҢ УӘЖІ

Министр Серік Әбденов зейнетақы жүйесін модернизациялау мәселесін алдымен журналистерге, кейін залда жиналғандарға түсіндірмек болды.
Зейнетақы қорында жинақталған ақшамыз инвестициялық тұрғыда қамтылуы керек. Осы мәселеге байланысты бірыңғай зейнетақы қоры құрылып отыр.

- Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден экономикалық тұрғыда бәріміздің зейнетақы қорында жинақталған ақшамыз инвестициялық тұрғыда қамтылуы керек. Осы мәселеге байланысты бірыңғай зейнетақы қоры құрылып отыр. Ең бастысы ол қорды басқаратын ұлттық банк бар. Қазір зейнетақы жинағын өздері басқаратын жекелеген қорлар қаржыны қай жерге салғысы келеді сол жерге салып, тиісті инвестициялық табыс бермей отыр. Сол мәселенің алдын алу керек.

Екіншіден, әйелдердің зейнет жасын унификациялау керек. Бүгінде әйелдердің зейнетақысы ер азаматтардан 14 пайызға кем. Ал зейнет жасын 5 жылға ұлғайту арқылы әйелдердің зейнетақысы 36 пайызға өседі, - деді министр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов. Алматы, 26 сәуір 2013 жыл.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов. Алматы, 26 сәуір 2013 жыл.


Бұған дейін модернизацияны жақтаушылардың бірі – Ұлттық банктің төрағасы Григорий Марченко «әйелдердің зейнет жасы біріздендірілмейтін болса, бюджет тапшылығы 2023 жылы 19 миллиард доллардан асып кетеді» деген еді.

Алайда Алматыдағы кездесу барысында министр Әбденов бұл мәселеге тоқталған жоқ. Заң жобасының жағымды тұстарын тізбектеген ол құжатта зейнетке 63 жастан ерте шығу да қарастырылған деп атап өтті.

Оның сөзінше, әйелдер 63 жастан бұрын төмендегі шарттарға сәйкес зейнетке шыға алады:

1) 5 және одан да көп бала туып, оларды кәмелеттік жасқа толғанға дейін тәрбиелеген және еңбек өтілі 20 жылдан кем емес әйелдер 53 жасында;
2) Төтенше және радиациялық аймақта кем дегенде 10 жыл тұрған, 20 жылдық еңбек өтілі бар әйелдер 45 жаста;
3) Зейнетақы жинақтаушы қорында жеткілікті жинағы, яғни 3 миллион 100 мың теңгесі барлар 50 жаста зейнетке шыға алады.

«ЕШ НЕГІЗ ЖОҚ»

Елдегі зейнетақы қоры қауымдастығының төрағасы Айдар Әлібаев бұл модернизацияға «не экономикалық, не әлеуметтік, тіпті саяси да негіз жоқ» деп санайды.
Шын мәнінде бұл әйелдерге 2,5 миллиард теңге ғана кетеді.

- Тәуелсіздік алғалы бері бір мәрте зейнет жасын ұлғайтқанбыз. Екінші рет ұлғайтуға еш негіз жоқ. Ал Марченконың «әйелдердің жасын ұлғайтпасақ, бюджетке 19 миллиард теңге ауыртпашылық түседі» дегені - жалған. Бұл көрсеткіш шынайы көрсеткіштен бес есе артық. Шын мәнінде бұл әйелдерге 2,5 миллиард теңге ғана кетеді. Бюджет үшін бұл сома көп емес, - деді Айдар Әлібаев.

Айдар Әлібаев, зейнетақы қорлары ассоциациясының төрағасы. Алматы, 16 қазан 2012 жыл.

Айдар Әлібаев, зейнетақы қорлары ассоциациясының төрағасы. Алматы, 16 қазан 2012 жыл.


Оның сөзінше, қазір елдегі жұмыссыздық көрсеткіші 40 пайызға жеткен. Мұндай көрсеткішпен «жасы келген әйелдерді жұмыста тағы 5 жыл отырғызып қою ақылға қонбайды».

- Ал зейнетақы аннуитетіне сенім артудың қажеті де жоқ. Қазір зейнетақы қорында әр адамға шаққанда орташа есеппен 400-420 мың теңге бар. Адамдарда аннуитет жинақтайтын көп ақша жоқ. Бәлкім, тек 5 пайызында ғана ондай мүмкіндік бар шығар, оның өзі қажетті зейнеткерлікті қамтамасыз ете алмайды, - деді Айдар Әлібаев.

«ӘЛСІЗ АРГУМЕНТ»

Экономист Олжас Худайбергенов бұл заң жобаға қатысты айтылып жатқан биліктің аргументтерін «әлсіз» деп бағалайды.
Әйелдердің зейнетке шыққанан кейін 21 жыл өмір сүретіні де күмәнді.

- Айтылып жатқан негізгі екі аргумент: біріншісі – бюджетті үнемдеу, екіншісі – әйелдердің зейнетке шыққанан кейінгі жасының ұзақтығы. Бұларға қатысты айтарым - зейнет жасы ұлғаятын 10 жылдың ішінде бюджет 360 миллиард теңге үнемдейді. Мұны 2013 жылдың көрсеткіштеріне сүйеніп айтып отырмын. Бұған қоса билік жыл сайын ынтымақты жүйе негізінде (1998 жылға дейінгі еңбек өтілі бар) зейнетке шыққандардың азаятынын ескермей отыр. Бұдан бөлек, әйелдердің зейнетке шыққанан кейін 21 жыл өмір сүретіні де күмәнді, - деді экономист.

Оның сөзінше, бұл соманы үнемдеудің өзге жолдары да бар.

- Мәселен, бізде бір ғана 2013 жылдағы мемлекеттік сатып алу 8 триллион теңгені құрап отыр. Егер бұл көрсеткішті ең болмаса 5-10 пайызға қысқартсақ, 823 миллиард теңге өзінен-өзі үнемделеді. Бұл жерде үкімет жұмысының тиімділігі деген мәселе бар. Мәселен үкіметтің мына жоспары бойынша 2014 жылы зейнет жасын жарты жылға ұлғайтудың арқасында 5-ақ миллиард теңге үнемделгелі тұр. Бұл шынымен де әйелдер жасын ұлғайтуға негіз болатындай себеп пе? - деді Олжас Худайбергенов.
Министр Серік Әбденовке сұрақ қойып тұрған қарағандылықтар. Қарағанды, 19 сәуір 2013 жыл.

Министр Серік Әбденовке сұрақ қойып тұрған қарағандылықтар. Қарағанды, 19 сәуір 2013 жыл.


Қазақстан үкіметінің әйелдердің зейнет жасын ұлғайту туралы бастамасын сәуір айында парламент қолдап, заң жобасын мақұлдаған болатын. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов бұл заңды президент бекіткенге дейін халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге кірісіп кеткен.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG