Accessibility links

Серікзат пен Нұрматтың айтысы


Айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазин. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.

Айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазин. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.

2010 жылы желтоқсан айында «Тәуелсіздік тағылымы» атты айтыстың екінші күні астаналық Серікзат Дүйсенғазин мен қызылордалық Нұрмат Мансұров сахнаға шықты. Айтыс басталар алдында Жүрсін Ерман алматылық көрермендерге қарағанда Астана жұрты «жуас» екен деп, жиналған елді қалжыңмен қағытып өтті.


Екі ақын да президент Нұрсұлтан Назарбаевты, Астанада өткен ЕҚЫҰ саммитін, Астана қаласын мадақ жырларымен көмкерді. Тіпті, қазылар алқасының төрағасы Мырзатай Жолдасбековке да мақтау айтты. Сөз арасында бүгінгі қоғамның келеңсіз жайын жырға қосты.

Астаналық Серікзат Дүйсенғазин:

- Елінің ертеңіне алаңдайды ұл,
Кемшілік ұнар дейсің маған қайбір.
Тіл мен ділін жоғалтқан көп қазақтар,
Қайта айналып қазығын таба алмай жүр.
Ұрпағың маскүнем боп, қаскүнем боп,
Бара жатса қазағым соған қайғыр.
Бұл күнде дуалы ауыз шал азайды,
Ол неліктен екенін бағамдай біл.
Шварценеггер, Ван Даммға еліктеп жүр,
Үлгі тұтпай Қабанбай, Бөгенбайды ұл.
Табиғаттың заңына қарсы келіп,
Шариғаттың шамын да жаға алмай жүр.
Жастарыңның жартысы жатбауыр боп,
Үлкендер тәрбиеге сала алмай жүр.
Қаптаған "Қазақ тілі" қоғамдары,
Жол тауып, елге тұтқа бола алмай жүр.
Бәрін айт та, бірін айт, айналайын,
Қазағым тұғырға әлі қона алмай жүр.
Даламыз азаттығын алғанымен,
Санамыз азаттығын ала алмай жүр, - деп жырлады.

Ал Серікзаттың қарсыласы Нұрмат Қазақстанның тәуелсіздігін жырға қосты.

- Тәуелсіздік биігі асуыңның,
Ғаламат жеңісі ғой ғасырымның.
Абылай аттан түспей өтіп еді,
Тыныштығын күзетіп бесігіңнің.
Бұл жолда Исатай мен Махамбеттей,
Қаншасынан айырылдың асылыңның.
Әлихандар көре алмай арманда өтті,
Алшысынан түскенін асығыңның.
Ойсыраған орнын кім толтырады,
Кешегі жанып, сөнген Қайраттай жасын ұлдың.
Елім деп еңіреген елдің бәрі,
Құрбаны болып кетті осы күннің.
Тінінде тектіліктің оты бар деп,
Айтайын алыптардың атын әрлеп.
Желтоқсанның жастары бел бумаса,
Болашақ бізді күліп шақырар ма ед.
Егер сәл-пәл босаңдық танытқанда,
Ресейдің қол астында қапылар ма ек.
Дінің мен дәстүріңнен ада қылып,
Сорыңды судай қылып сапырар ма ед.
Тәуелсіздікті көріп тек түсіңде,
Жыр емес, жоқтау айтып отырар ма ек, - деп жыр додасын қыздырды қызылордалық ақын Нұрмат Мансұров.

Серікзат пен Нұрматтың айтысын мына жерден тыңдай аласыздар:

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG