Accessibility links

Ринат Зайытовтың айтысқа оралмақ ойы бар


Ринат Зайытов, айтыскер ақын. Алматы, 20 наурыз 2013 жыл.

Ринат Зайытов, айтыскер ақын. Алматы, 20 наурыз 2013 жыл.

Алматыда айтыс ақыны Ринат Зайытовтың «Кездесуге кел» атты шығармашылық кеші өтті. Ол «айтыскерлер одағы құрылғанынан хабарсыз» болып шықты.

Әдеттегідей «Билет керек пе? Қай қатардан керек? Қымбаты ма, әлде арзаны ма?» деп алдыңды орап жүретін делдалдар ақынның кеші өтетін жерге – Студенттер сарайына келген Азаттық тілшілерін көліктен түсер-түспестен қарсы алды.

Өзін сырттай «Өмір бойы театрда директор болдым» деп таныстырған бір егде әйел «алдағы уақыттарда өтетін концерттердің де билеті бар екенін, қазір алып алмаса, қымбаттап кететін» айтып, кешке келіп тұрған жұртқа жарнама жасап жатты.

Касса маңындағы афишаларға қарап, алдағы сәуір айының ортасына дейін Қазақстан өнерпаздарының әртүрлі тақырыптағы кештері үзіліссіз өтетінін аңғару қиын емес. Ол хабарландырулардың арасында өзбекстандық әнші Севара Назарханның да ән кешінің жарнамасы тұр. Кассадағы билет сатушы қыз өзбек әншісі кешінің билет құны 6 мың теңгеден 20 мың теңгеге дейін екенін айтты.

«КЕШКЕ АЙТЫСЫНА БОЛА КЕЛДІК»

Ринат Зайытовтың кешіне келген көрермендер Студенттер сарайының алдына бір сағат бұрын-ақ жинала бастады.

78 жастағы Ұлболған есімді әже «Ринаттың кешіне сонау Қызылордадан келген» екен.
Ринат Зайытовтың кешіне келген қызылордалық Ұлболған апа. Алматы, 20 наурыз 2013 жыл

Ринат Зайытовтың кешіне келген қызылордалық Ұлболған апа. Алматы, 20 наурыз 2013 жыл


– Осы уақытқа дейінгі айтыстарды үзбей көріп келемін. Өткен жылғы Қонаевтың 100 жылдығына орай өткен айтысқа да арнайы келіп кеткен едім. Айтысты сағындық. Бүгін арасында айтыс та болады екен деген соң келіп отырмын, – деді Ұлболған әже.

Кешке келген өзге жұрт та Ринат Зайытовты айтыссыз елестете алмайтындарын айтып жатты. Мәселен, өзім «Семейден келдім» деп таныстырған ақсақал:

– Бізге Ринаттың әнге сөз жазғаннан гөрі ел алдында өзінің сөзін айтқаны жақын. Тек айтыскер ретінде ғана елестете аламыз. Бүгін «Ринат домбыра тартады, ән айтады, айтысады» деген соң кемпіріміз екеуміз жетектесіп келдік, – деді.

Алматы қаласындағы республикалық қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын Абай атындағы 2-мектептің директоры Мұхтар Ибраимов айтыстың соңғы кезде сирек өтетінін айтты.

Ринат Зайтовтың шығармашылық кешіне келген көрермен Мұхтар Ибраимов. Алматы, 20 наурыз 2013 жыл.

Ринат Зайтовтың шығармашылық кешіне келген көрермен Мұхтар Ибраимов. Алматы, 20 наурыз 2013 жыл.


– Оның себебін биліктен көріп те жатыр. Себебі айтыстағы кейбір қатты айтылған нәрселер жоғары жаққа жақпай қалып жатады. Бірақ шындықтың жөні осы екен деп кейде асыра сілтеп жатады. Бірақ оны эфирден бәрібір өткізбейді. Сондықтан ақындар да осыған бейімделіп, өтеді-ау деген сөздерді айтқаны дұрыс болар, – деді ол.

«АЙТЫСКЕРЛЕР ОДАҒЫ ҚАШАН ҚҰРЫЛЫП ЕДІ?»

Кешті Ринат Зайытовтың өзі арнау өлеңмен ашты. Мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап білім берген ұстаздарын түгел түгендеп шыққан ақын «Атаманның ақыры», «Аурухана» атты екі шағын қойылым да көрсетті.

– Менің алғашқы мамандығым – актер, екінші мамандығым – қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Сондықтан тек айтыскерлік қырымды ғана емес, басқа жағымнан да өзімді бір көрсетуді дұрыс деп есептедім, – деді Ринат Зайытов Азаттық тілшісіне.

Ол осы кеште «бұған дейінгі айтыстарда айтқан, бірақ эфирден берілер кезде қиылып қалған» өлең шумақтарын да оқыды.


Ақынның шығармашылық кешіне айтыскер әріптестерінен Балғынбек Имашев пен Фархат Маратұлы ғана келіпті. Біраз айтыс ақынын шақырғанын айтқан Ринат Зайытов:

– Мен олардың келмегеніне кінә артпаймын. Әркімнің әртүрлі шаруасы бар. Мысалы, Серікзат жақында ғана умра қажылықтан келді де, жұмыстан босай алмады. Ал Жандарбек осы күнге дейін келем деген еді. Бірақ келе алмады, бір себебі болған шығар, – деді.

Кеш барысында Ринат Зайытов пен Балғынбек Имашев екеуінің арасында жиырма минуттық айтыс өтті.

– Мен осы кешті ұйымдастыру барысында анда-мында жүгіріп жүріп, айтысқа дайындалуға да мұрша болмады. Алдын ала келісіп алсақ, онда керемет айтысты қолдан жасауға болар еді. Екеуміз де дайындықсыз сахнаға шықтық, – деді Ринат Зайытов Азаттық тілшісіне.
Ринат Зайытов (оң жақта), айтыскер ақын Балғынбек Имашевпен айтысып тұр. Алматы, 20 наурыз 2013 жыл.

Ринат Зайытов (оң жақта), айтыскер ақын Балғынбек Имашевпен айтысып тұр. Алматы, 20 наурыз 2013 жыл.


Ол айтыс барысында Балғынбек Имашевтың «айтыстан кетіп қалдың» деген сөзіне орай былай деді:

«Айтысты тастап кеттің» деп Ринатқа,
Балғынбек, хақың жоқ қой өкпелеуге.
Өскеменде өткенде бірге жүрдік,
Сол сенің архивіңе өтпеген бе?
«Келме» десе, айтысқа қайтып барам,
«Ойбай, мені айтыстыр» деп келем бе?
Қарағым, айтысатын біз түгілі,
Иттің өзі кетпей ме кет дегенге?

Айтыскердің «Өткенде Өскеменде бірге жүрдік» деуінің мәні, 2012 жылдың соңында тәуелсіздік күніне орай Өскеменде өткен іріктеу айтысына Ринат Зайытов та қатысып, іріктеуден өтпей қалған еді.

Кеш соңында одан былтыр құрылған «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» жайлы пікірін сұрадық.

– Ол одақ қашан құрылып еді? Ол туралы ешқандай хабарым жоқ, оған мүше де емеспін. Егер ондай жақсы істер боп жатса, тек қуаныштымын, – деді Ринат Зайытов таңырқап.

Ол Азаттық радиосында биыл ақпан айында өткізген онлай-конференциясы кезінде ақын «қазіргі айтысты бағалау мен жұптау жүйесіне келіспей, айтыстан кеткенін» айтқан еді.

Ринат Зайытов кеше Азаттық тілшісіне «Егер айтыстағы бағалау мен жұптау жүйесі өзгерсе, айтысқа қайтып келемін» деп жауап берді.

Суырып салып айтысу өнері Қазақстанда 1950 жылдары жаңаша жаңғырып, совет кезеңінде негізінен қазақ тілді аудитория ортасында ерекше танымал болған еді. 1991 жылдан бері айтыскер ақындар көрерменнің қолдауын табу үшін өткір әлеуметтік-саяси мәселелерді жиі көтеретін болды. 2000 ортасынан бастап Қазақстан билігінің айтысты "бейсаясиландыруға" күш салғаны байқалды. Бәсеке теледидардан көп көрсетілмейтін болды. Мәдениет және ақпарат министрлігі айтыс әкімшілік бөлімін ашты. Бірқатар ақындар республикалық айтыстардан шеттетілді. Олардың ішінде Ринат Зайытов та болды. 1980 жылдардан бері сахнадағы айтыс түрін ұйымдастырушы ретінде танылған ақын Жүрсін Ерман былтыр бірқатар айтыскерлерге Азаттықтың Чат-Айтыс жобасына қатысуға тыйым салды.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG