Accessibility links

Сот үстінде «кім бұзақы, кім халық» деген дау туды


"Полицейлер соты" өтіп жатқан ауданды бақылап жүрген ішкі әскерлер. Ақтау, 4 мамыр 2012 жыл.

"Полицейлер соты" өтіп жатқан ауданды бақылап жүрген ішкі әскерлер. Ақтау, 4 мамыр 2012 жыл.

Сотталушылардың бірінің адвокаты полиция күштеріне халықты қарсы қоймауды, алаңдағылар туралы айтқанда басқаша атау қолдануды, не болмаса «бұзақылар» деген сөзді пайдалануды ұсынды. Ал айыптаушы прокурор бұл ұсынысқа қарсы шығып: «Алдын ала тергеу барысында да, қазір де оққа ұшқан адамдардың ешқандай да бұзақылар емес екенін, жай халық екенін біліп отырмыз» деді.

Ақтау қаласында өтіп жатқан «Полицейлер сотында» бүгін тағы да куәлардан жауап алынды. Түске дейін сұралған алты куәнің бесеуі желтоқсанның 16-сы Жаңаөзен қаласының орталық алаңына сап түзеп барған полиция қызметкерлері болды.

КОМАНДИРДІ «КӨРМЕЙ ҚАЛУ»

Осыған дейін куәлік берген басқа полицейлер секілді бүгінгі полиция қызметкерлері де өздерін алаңға кімнің бастап барғанын білмейтін болып шықты. «Алаңда көтеріліс болып жатыр деп, бізді дабылмен шақырып сапқа тұрғызды. «Сапқа тұр» деді, тұрдым, бірақ кім тұрғызғанын білмеймін» деді кейбірі. Полицейлердің сөзіне қарағанда олардың көбі «саптың ортасында тұрғандықтан» бұйрық берген адамды көрмей, естімей қалған.

Кейбір куәлар «аспанға аттым» десе, енді бірі «мүлде атқан жоқпын, оғымды түгелдей қайтарып бердім» деді. Мәселен, алаңға алғаш барған топтың ішінде болған СОБР қызметкерінің бірі, тіпті, полиция қызметкерлерінің оқ атып жатқанын байқамаған да, естімеген де екен.
"Жаңаөзен оқиғасында" оқ тиіп, мүгедек болып қалған жігіт "Полицейлер сотына" келіп тұр. Ақтау, 2 мамыр 2012 жыл.

"Жаңаөзен оқиғасында" оқ тиіп, мүгедек болып қалған жігіт "Полицейлер сотына" келіп тұр. Ақтау, 2 мамыр 2012 жыл.


Осыдан кейін прокурор сот төрағасына куәгердің жауап бергісі келмей тұрғанын, яғни «алаңда адамдардың шулап жүргенін естіген куәнің мылтық дауысын естімей қалатыны күмән туғызатынын» айтып, бұл жайтты ескеруді сұрады. Тек прокурор қайталап сұрағаннан кейін ғана куәгер-полицей «аспанға атып жатты» деп жауап берді.

Прокурор мен жәбірленушінің адвокатына жауап берген куәгер полицейлер алаңдағы халықтың қолында қару болмағанын растады, бірақ өздерінің каскасы мен қалқандарына тас, темір сияқты қатты заттардың тигенін айтты.

Олардың сөздеріне қарағанда «алаңда оқ тиіп құлап жатқан ешкім болмаған. Жеке өмірлеріне қауіп төнгендіктен ғана аспанға оқ атуға мәжбүр болған». Кейбір куәлар «бұзақылар өздеріне 1-2 метр жерге дейін таяп келгенін» айтса, басқа біреулері «30-40 метрге» дейін жақындады деді.

«ХАЛЫҚШЫЛ» ПРОКУРОР

«Полицейлер соты» басталғалы бері айыптаушы прокурорлар да, жәбірленушінің адвокаты Абзал Құспанов та куәгерлерден «халықтың қолында қару болды ма» деген сауалды бірнеше рет сұраған еді. Бұл жолы сотталушылардың бірі Ерлан Бақытқалиұлының адвокаты Смағұл Әтенов «полиция күштеріне халықты қарсы қоймауды, алаңдағылар туралы айтқанда басқаша атау қолдануды, не болмаса «бұзақылар» деген сөзді пайдалануды ұсынды.« Әйтпесе, менің қорғауымдағы азамат «халыққа» қарсы қару қолданып отырған сияқты естіледі» деді адвокат Әтенов.
Полицейлер соты өтіп жатқан ғимарат маңындағы арнайы жасақ. Ақтау, 3 мамыр 2012 жыл.

Полицейлер соты өтіп жатқан ғимарат маңындағы арнайы жасақ. Ақтау, 3 мамыр 2012 жыл.


Адвокаттың бұл ескертуінен кейін «халық» деген сөзді қай уақытта қолдану мәселесі шағын пікірталасқа айналды. Айыптаушы прокурор адвокаттың ұсынысына қарсы шығып: «Алдын ала тергеу барысында да, қазір де оққа ұшқан адамдардың ешқандай да бұзақылар емес екенін, жай халық екенін біліп отырмыз» деді. Сот адвокаттың өтінішін аяқсыз қалдырғаннан кейін прокурор одан кейінгі сөзінде де «халық» деп сөйлеп отырды.

«АЛАҢДАҒЫЛАРДЫҢ БАРЛЫҒЫ БҰЗАҚЫ ЕМЕС»

Сот отырысының түскі үзілісінде Азаттық тілшісі жәбірленушілердің адвокаты Абзал Құспановқа «халық» деген сөзді қолданудың заңдық негізі бар ма, жоқ па деген сауал қойған еді.

Адвокат:

- Біріншіден, бұл процесте сот шешімі бойынша «бұзақылар» деп танылған ешкім жоқ. Мәселен, осы процесте жәбірленуші ретінде танылып отырған көптеген адамның алаңдағы оқиғаға мүлде қатысы жоқтығы анықталып отыр. Оларды бұзақылар деп қалай айтамыз, - деді.
Полицейлер сотындағы жәбірленушілердің адвокаты Абзал Құспанов. Ақтау, 3 мамыр 2012 жыл.

Полицейлер сотындағы жәбірленушілердің адвокаты Абзал Құспанов. Ақтау, 3 мамыр 2012 жыл.


Абзал Құспановтан «прокуратура бұл сот процесінде алаңдағы адамдарды «халық» деп танығанымен, басқа сот процесінде алаңдағыларды бұзақылар деп есептеп, жауапқа тартып отырған жоқ па?» деп сұрағанымызда ол: «Басқа сот процесінде нақты қамалып отырған 37 адам, алаңға шыққандардың барлығы бұзақы саналған жоқ қой» деп жауап берді.

Ал сотталушы Ерлан Бақытқалиұлының адвокаты Смағұл Әтенов болса нақты сауалға, нақты жауап болуы керек дейді.

- Мәселен, куәгердің өзі бізге біреу тас, не болмаса шөлмек лақтырды» дейді де «оны халық лақтырды» деп айтады. Бұл – дұрыс емес. Әр іс-әрекет пен қимылды бөліп көрсету керек қой. Жауапқа тартылып отырған азаматтардың оқ атқан, атпағаны сот шешімінен кейін айтылады, - деді ол.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG