Accessibility links

Қалада қысылған велосипедшілер тауға шығып кетеді


Алматы көшелерінде велосипед теуіп жүрген жастар. Алматы, 16 шілде 2014 жыл.

Алматы көшелерінде велосипед теуіп жүрген жастар. Алматы, 16 шілде 2014 жыл.

Алматылықтар велосипедті сатып алғаннан гөрі жалдағанды жөн көреді. Бірақ тұрғындар қалада бұл көлікке керек инфрақұрылым жоқтығын айтып шағымданады.

Алматылық студент Қанат Қадамов – велосипедті жалға алып тебетін адамның бірі. Ол қалада велосипедті жалға беретін дүкендер көп екенін, олардың бағасы мен қызмет сапасы әртүрлі екенін айтады.

– Бала кезде ауылда «Урал» деген велосипедім болған. Велосипед тепкенді жақсы көремін. Қазір университетте ақылы түрде оқимын, оның үстіне жатақханада тұрамын – велосипед сатып алар ақша жоқ. Сатып алғанның өзінде жатақханаға кіргізбейді, велосипедті құлыптап қоятын тұрақ та орнатылмаған. Сондықтан айына екі-үш рет велосипедті жалға алып теуіп тұрамын, – дейді ол.

«БІР ЖАРЫМ МИЛЛИОН ХАЛЫҚҚА – ЖҮЗ ВЕЛОТҰРАҚ»

Алматылықтардың велосипедті жалға алуды тиімді санайтынын мұндай көлікті жалға беруші дүкендердің бірінің қызметкері Андрей Комаров та растайды. Оның сөзінше, қала тұрғындарының көбінің жекеменшік велосипеді жоқ.

– Жеке велосипед алайын десе де, оны қояр тұрақ жоқ. Алматы үйлерінің ауласынан велотұрақ таба алмайсыз. Біздің дерек бойынша, Алматыда жүзге жуық велотұрақ бар. Бұл бір жарым миллион халқы бар қала үшін өте аз, – дейді сұхбаттасымыз.

Алматыдағы велосипедтерді жалға беретін дүкен. Алматы, 16 шілде 2014 жыл.

Алматыдағы велосипедтерді жалға беретін дүкен. Алматы, 16 шілде 2014 жыл.

Андрей Комаровтың айтуынша, бизнестің бұл түрі Қазақстанда әлі дамымай жатыр.

– Еуропада қарапайым халық та көшенің ортасында велосипедті жалға бере береді. Бір адамның үш велосипеді болса, соны көшеге шығарып пайда табады. Ал Қазақстанға ондай бизнес келген жоқ. Велосипедті жалға берумен біз сияқты дүкендер айналысады. Бұдан жазда да, қыста да пайда табуға мүмкіндік бар, – дейді ол.

«Алматыда велосипед тебу мәдениеті қалыптасқанын, бірақ қалада велосипедшілерге жағдай жасалмағанын» өзге бір велосипед дүкенінің қызметкері Ербол Әміров те айтады.

– Біздің дүкенде демалыс күні велосипед қалмайды. Кейбір клиенттер алдын ала тапсырыс беріп қояды. Халықтың көбі тауға арналған велосипедтерді алып, тауға шығады. Қала ішінде велосипедшілерге арналған жол аз, – дейді ол.

Ербол Әміровтің бұл пікірін қаланың велосипедке құмар тұрғындарының бірі Сағыныш Назарова да қостайды.

Қала сыртында велосипед теуіп жүрген алматылықтар. (Көрнекі сурет)

Қала сыртында велосипед теуіп жүрген алматылықтар. (Көрнекі сурет)

– Алматының ішінде велосипед тебу ыңғайсыз, сондықтан тауға шығамыз. Медеуге, Алмарасанға барамыз, – дейді ол.

Сағыныш Назарова бизнестің бұл саласындағы бәсекелестіктің арқасында дүкендер клиенттерінен айрылмау үшін неғұрлым сапалы велосипедтерін жалға беріп, қызмет сапасын оңалтып жатқанын айтады.

«ЖОЛ ҰЗАРАДЫ, ВЕЛОТҰРАҚ КӨБЕЙЕДІ»

«Вело-Алматы» әуесқойлар клубының дерегінше, Алматыда велосипедті жалға беру үшін ресми тіркелген 15 дүкен бар.

Қалада велосипедті бір сағатқа – 500 теңгеге, бір күнге – 2500 теңгеге, тек күндізгі уақытқа керек болса – 2000 теңгеге, түнде мінгіңіз келсе – 1500 теңгеге жалдай аласыз. Бұл көлікті бір аптаға жалға алу құны – 7000 теңге. Ал шлемді жалға алу бағасы 300-500 теңге аралығында болады.

Велосипедті жалға берушілер оны алған адамға арнайы техникалық қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, келісім-шарт жасасады. Жалға алушы төлқұжатын кепілдікке береді, велосипедті сындырып алса жөндеу ақысын төлейді.

Алматы көшесінде велосипед теуіп жүрген тұрғындар. 2 маусым. 2012 жыл.

Алматы көшесінде велосипед теуіп жүрген тұрғындар. 2 маусым. 2012 жыл.

Алматы қаласы әкімдігінің дерегінше, қалада 90 мыңға тарта адам велосипед тебеді. Қалада қазір 35 километр веложол бар. Әкімдік веложолдарды ұзартуды, велотұрақтар санын 500-ге дейін жеткізуді жоспарлап отырғанын айтады.

Алматыда бес жылдан бері қала әкімдігі бастамасымен жылына он шақты рет велошеру өтіп тұрады. Әкімдік дерегінше, әр шеруге 1000-ға жуық әуесқой велоспортшы қатысып, 5-6 шақырым жол жүріп өтеді. Қала билігі бұл шараларды Алматының ауасын тазарту үшін жүргізіп жатқандарын айтады.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG