Accessibility links

Алматылық жүкші ақын «бұдан да қиын күндер өткенін» ұмытпайды


Ақын Сәбетaй Сыпатаев. Алматы, 16 тамыз 2011 жыл.

Ақын Сәбетaй Сыпатаев. Алматы, 16 тамыз 2011 жыл.

«Көкбөрім көкке ұлыған», «Жұлдыздардың бағыты өзгермейді» атты екі өлең кітаптың ауторы, ақын Сәбетай Сыпатаев он бес жылдан бері Алматыдағы екінші теміржол бекетін сағалап жүр.


Сәбетай Сыпатаевтың кәсібі – жүкші. Лақап аты – «Ақын». Бұл жерде оның «Сәбетай» есімін ешкім білмейді. «Ой, ол кім? Әлгі «Мұқағали» ма?» дегендер де болды.

ТАБЫС ПЕН ШАБЫТ

– Табыс болса, шабыт болады. Сағат он болды. Таңғы жетіден осында жүрмін. Әлі бір теңге тапқан жоқпын. Әңгімеміздің жарасуы қиын болар, бауырым, – деп бастады әңгімесін Сәбетай.

Ептеп сыр тартып, жөн сұрай бастадық. Сәбетай 1963 жылы Алматы облысы Ақсу ауданында дүниеге келіпті. Бір ұл бір, қызы бар екен. Бірақ отбасынан ажырасып кеткен.

– Ұлым – он сегізде, қызым – он бесте. Сирек болса да кездесіп тұрамыз. Тапқаным тамағымнан аспай жүрген мына мені олар қайтсін. Анда-санда кездескенде қызым ұрсып қояды, – деп мұңайды ақын бір сәт.

Ақынның нақты тұрағы жоқ. Күнделікті табысына байланысты ақысын төлеп, әр жерге түнеп шығады, не вокзал ішіне ұйықтай салады.

«ОСЫ ӨМІРІМЕ РИЗАМЫН»

– «Көкбөрім көкке ұлыған» – поэма. Осыдан екі жыл бұрын Қазақ радиосы ұйымдастырған бәйгеде бас жүлдені жеңіп алған болатын. Жуықта «Қазақ әдебиеті» газетіне бес өлеңім басылып шықты. Осы өміріме ризамын, – дейді ақын, «жүгіңізді жеткізіп берейін» деп жолаушыларды жанасалай жүгірген күндері мен ашқұрсақ күйінде жатар орын таппай сандалған түндерін ұмытып.

Еріксіз «Осы өміріңізге шынымен ризасыз ба?» деп қайталап сұрадық.

– Ризамын. Мен бұдан да қиын күндерді бастан өткергенмін, – деп жауап қатты ақын.

Өзі осы сәтте таңғы оразасын бір кесе шаймен ашып тұрған еді.

«Бұдан артық қандай қиын күндер болуы мүмкін?» деген сауал көмейден көрініп тұрса да, шығара алмадық.

Сәбетай өзіне «Мен ешқандай ортаға сыймайтын және ешкімнің алдына барып көмек сұрамайтын адаммын. Іздеп келсе, қарсылығым жоқ» деген баға берді.

– Таңғы алтыдан кешкі сегіз-тоғызға дейін тынбай жүгіргеннің өзінде 2-3 мың теңге табамын. Вокзал басында бар-жоғы жеті ғана арба бар. Ол арба
Жолаушылардың жүгін алып бара жатқан арбакеш. Алматы, 16 тамыз 2011 жыл.

бізге тие бермейді. Сондықтан күн көру үшін жүкті жаяу арқалауға тура келеді, – деген Сәбетай жаз айларында бәсекелестердің де көбейіп кететінін айтты. Вокзал қожайындарына да ақша тапқаны үшін салық төлеп тұратын көрінеді.

– Арбасы барлар күніне он мың теңгеге дейін табады. Бірақ ол үшін де тамыр-таныстық пен пысықтық керек, – дейді Сәбетай Азаттық радиосының тілшісіне.

Теміржол бекетінің алдына келіп тоқтаған жеңіл көліктің астына түсердей болып жүгірген жасөспірім балалар бірден көзге түседі. Сәбетайдың айтып отырған «бәсекелестері» – осылар. Жазғы демалыс басталған күннен ауыл балалары осында келіп, жүк тасып, ақша табады екен.

«...АРЛАННЫҢ ТЕРІСІМІН»

Сәбетай Сыпатаевтың алғашқы кітабы «Жұлдыздардың бағыты өзгермейді» 1993 жылы, ал екінші кітабы «Көкбөрім көкке ұлыған» 2000 жылы жеке демеушілердің көмегімен баспа бетін көрген.

– Басыма күн туғанда,
Етігіммен су кештім.
Үмітім қырқылғанда,
Аруақтармен тілдестім.
Қанатым қайырылғанда,
Ән назар – базарым.
Тағымнан айрылғанда,
Желтоқсан – кек алдым
Дұшпаным сатса,
Адамның перісімін.
Өлігім жатса,
Арланның терісімін, – деп, «Көкбөрім көкке ұлыған» поэмасынан бір шумақ оқып берді. Қалғанын есіне түсіре алмады. Сосын: – Бүгін шабыт болмай тұр. Себебі табыс жоқ. Осыған риза болыңдар, – деп шығарып салды Сәбетай Сыпатаев.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG