Accessibility links

Қазақстандағы жемқорлықты сынаған шетелдік енді өз мұңын айтты


Стейси Даллмэннің әлеуметтік парағындағы суреті.
Стейси Даллмэннің әлеуметтік парағындағы суреті.

Астанадағы канадалық хоккейшінің әйелі, 2012 жылы елдегі әділетсіздікті сынаған Стейси Даллмэнге тағы да жұрт назары ауды. Ол бұл жолы өз отбасының көрген қиындығын айтты.

Астаналық «Барыс» хоккей клубының ойыншысы Кевин Даллмэннің зайыбы Стэйси Даллмэн жаңа жыл қарсаңында Instagram әлеуметтік желісіндегі парағында Астанада жалдап тұрып жатқан үйінің бірнеше күннен бері сусыз қалғанын хабарлады.

«8 ЖЫЛДА 50-ДЕЙ ИТ-МЫСЫҚҚА ИЕ ТАУЫП БЕРДІМ»

«Айына 13 мың долларға жалдайтын» үйінің иесіне ренжулі Стэйси Даллмэн таныстарынан басқа пәтер табуға көмектесулерін сұраған.

– Бес күн бойы сусыз отырудың осыншалықты қиын екенін білмеппін. Бұл нәрсе кез-келген адамның басында болуы мүмкін. Мен Қазақстан туралы жазған жоқпын, үй иесімен арадағы жағдайға түршіккенім туралы жаздым, – деді Стэйси Даллмэн Азаттық тілшісіне.

Ол әлеуметтік желісіндегі жазбасында сусыз үйдегі «бірнеше құтқарылған хайуанның тағдырына алаңдайтынын» да айтқан. Стэйси Даллмэннің сөзінше, ол Ресей мен Қазақстанда тұрып жатқан соңғы сегіз жылында 50-ге тарта қаңғыбас ит пен мысықты тауып, бағып-қағып, оларға ие тауып берген.

Стейси Даллмэн интернеттегі әлеуметтік парағында жариялаған суреттер.
Стейси Даллмэн интернеттегі әлеуметтік парағында жариялаған суреттер.

Бұрынғыдай Қазақстанның саяси-әлеуметтік ахуалын емес, елдегі иесіз хайуандардың жайын жиі жазатын Стэйси Даллмэннің бұл салаға қатысты жобасы да бар. Ол Қазақстандағы иесіз ит пен мысықтарды АҚШ не Канада сияқты елдерге жеткізуді армандайды.

– Ұшақ билеттерінің құны мыңдаған доллар тұрады. Егер Қазақстанда әлдекім хайуандарды жүк кемелері арқылы АҚШ-қа жеткізіп жомарттық танытса, жыл сайын жүздеген итті құтқара алар едік. Дәл қазіргі жағдай ішті ашытады. Мұндай нәрсені Германия, АҚШ пен Канадада жасау оңай болғанда Қазақстанда мүмкін емесіне қатты қынжыламын, – дейді Стэйси Даллмэн Азаттыққа.

«ӘДІЛЕТСІЗДІККЕ НЕГІЗДЕЛГЕН ӨМІР САЛТЫ»

2008 жылдан бері Астаналық «Барыс» хоккей клубының ойыншысы болған Кевин Даллмэннің әйелі Стэйси Даллмэн қазақстандықтардың назарын 2012 жылы көктемде аударған. Отанына оралысымен Қазақстанда өткен төрт жыл өмірін баяндап, ондағы жемқорлық пен өзге де мәселелерді айтқан шетел азаматы «Қазақстанда әділетсіздік орнаған» деп мәлімдеген.

Стейси Даллмэн Instagram әлеуметтік желісінде жариялаған сурет.
Стейси Даллмэн Instagram әлеуметтік желісінде жариялаған сурет.

«Табиғи ресурстарға осыншама бай, потенциалы үлкен мемлекеттегі адамдардың мынандай кедейшілікте өмір сүріп жатқанын көргенде шынымен жаным ашиды. Олар қазба байлықтардан көк тиын пайда көрмейді. Елдің дамуына жұмсалуы тиіс ақша жемқорлық, алдау, ұрлау, қанағатсыздық пен эгоизм арқылы жоқ болып кетеді. Бұл сұмдық үкіметтік органдардан бастап кішігірім бизнестерге дейін, тіпті қарапайым үй мен бала күтушілерге дейін де бар. Мұнда адал да шыншыл, ақшасын жинап, өмірінде бірдеңеге жеткісі келетін қарапайым азаматтарға орын жоқ» деп жазған Стэйси Даллмэн осыдан төрт жыл бұрын.

Сол кезде Қазақстан сыртқы істер министрлігі Стэйси Даллмэн айтқан мәселелерді «жеке басының ой-пікірі» деп бағалаған. Бірақ оның Қазақстан жайлы шулы жазбасынан кейін бір апта өте жұбайы Кевин Даллмэннің «Барыс» клубымен арадағы келісім-шарты тоқтатылғаны мәлім болған. Хоккейшінің клубтан не себепті кеткені белгісіз күйі қалған. 2012-2014 жылдары Петербургтің (Ресей) СКА клубында ойнаған Кевин Даллмэн 2014 жылы «Барысқа» оралған.

2012 жылы «Қазақстанға байланысты нәрсенің бәрін жек көре бастаған сияқтымын, себебі бұл жерде өмір сүру салты әділетсіздікке негізделген» деген Стэйси Даллмэн «енді Қазақстан туралы ештеңе жазбайтынын» да айтқан. Расымен де екі жылдан кейін Астанаға қайта көшіп келген ол елдегі саяси-әлеуметтік мәселелерді көп жазбай кеткен.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG