Accessibility links

Қошқар ауылындағы 11 отбасы баспанасыз қалғанына билікті сендіре алмай отыр


Мақат ауданына кіре берістегі жазулар. Атырау облысы, 21 ақпан 2010 жыл.

Мақат ауданына кіре берістегі жазулар. Атырау облысы, 21 ақпан 2010 жыл.

Экологиялық және әлеуметтік проблемаларына байланысты Мақат ауданының Қошқар кентінен көшірілуі тиіс 11 отбасы қақаған қыста баспанасыз тентіреп жүргенін айтып сотқа шағымданды. Облыстық әкімдіктегілер олардың шынымен үйсіз жүргеніне күмәнмен қарайды.


Экологиялық және әлеуметтік себептермен Атырау облысы Мақат ауданындағы Комсомол, Бек-бике ауылдарымен бірге көшірілуге жатқызылған Қошқар елді мекеніндегі 11 отбасы баспанасыз қалған айтады.

Атырау облысы әкімдігі мен облыстық мәслихатының 2009 жылы қабылдаған бірлескен қаулыларына сәйкес Атырау облысының Мақат ауданына қарасты Қошқар, Комсомол, Бек-бике елді мекендерін әлеуметтік және экологиялық жағдайдың нашарлығына байланысты тарату және
Комсомол ауылындағы тұрғын үйлер. Мақат ауданы Атырау облысы, тамыз, 2009 жыл.
тұрғындарын өмір сүруге жайлы және қауіпсіз үйлерге көшіру жоспарланған еді.

Бұл ауылдар 1940 жылдары «Ембімұнайгаз» кәсіпорыны мұнайшыларының вахталық жұмысшы поселкелері ретінде салынған болатын.

Алайда облыстық әкімдік пен мәслихаттың қаулысында көрсетілген тұрғындарды көшіру мәселесі бірнеше жылға созылып, ақыры былтыр ғана жүзеге асырылған еді. Оның өзінде комсомолдықтар көшуге құлықсыздық танытып, тек газ жетсе тұра беруге дайын екендіктерін де білдірді.

Тіпті олар Мақат ауданының Комсомол ауылында газ жүргізуге 2006 жылы бөлінген 134 миллион 750 мың теңгенің қайда кеткенін білмек болып 2007 жылы мамырда Қазақстан президентіне де шағымданған еді. Бірақ одан шыққан нәтиже болған жоқ. Жабулы қазан жабулы күйінде қалды.

Ал Комсомол тұрғындары өздерімен тағдырлас Қошқар және Бек-Бике ауылдарының тұрғындары тәрізді Махамбет ауданы мен Атыраудан тұрақ тапты. Бірақ әңгіме мұнымен аяқтала қойған жоқ. Үдере көшкен үш ауылдан 11 отбасы елсізде үйсіз-күйсіз қалғанын айтып отыр.


ЖҰРТТА ҚАЛҒАН 11 ҮЙ

Солардың бірі Дастан Қойбақов Қошқар ауылының тумасы. Өзінің айтуынша, осы жерде туып өсіп отбасын құрған ол 2004 жылы ауыл маңындағы Сағыз кеніші жабылып, өзі қысқаруға іліккенше мұнайшы болып жұмыс істеген. Кейінен жұмыс табылмай, түрлі жалдамалы шаруаларды нан-пұл қылғанын айтады.

Ал 2007 жылдан бастап аудан орталығы Мақатта баспана жалдап тірлік қамын қамдауға мәжбүр болған. Өйткені, отбасын асырауы керек, ауылда екі қолға жұмыс табу қиын.

Қошқарлықтарға үй бөлу кезінде Дастан Қойбақовтың қолына 2010 жылдың 16 маусымында берілген №27 «Тұрғын үйге меншік құқығын тапсыру туралы үш жақты келісім шарт» та тиіп, Алмагүл ықшамауданына бөлінген пәтердің нөмірі де көрсетіліпті.

Бірақ артынша Атырау қалалық тұрмыстық коммуналдық-шаруашылық
«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясы құрамындағы Ембімұнайгаз өндірістік филиалының Қошқар ауылындағы мұнай қазандары. Мақат ауданы, Атырау облысы, тамыз, 2009 жыл.
бөліміндегілер «сен бұнда тұрмайсың» деп оны кері қайтарып алғанын растайтын құжаттарды көрсетті Дастанның өзі.

– Ауылдан жұмыс іздеп кетіп бара жатып Қошқар ауыл әкімі Есенжан Жұмағалиевке ескерткен едім. Басқа жерден үйлі болып, тіркеліп жатқан ештемем жоқ. Бізге үй беріледі деді. Ал үй беріліп жатқан күні «сендер тұрмайсыңдар» деп шықты. Баспанамызды бұзып тастапты. Ал үстінен түскен бір-екі адам үй берілмейтін болған соң бұздырмай алып қалған. Менің 10-15 жыл бұрын кетіп қалған ештеңем жоқ. Далада жүрмін қаңғып, – дейді Дастан Қойбақов.

Кейіннен оның бірнеше мәрте жазған арызына жауабында қала әкімінің орынбасары Ә.Нұрлығожиев Дастанның Қошқар ауылында көптен тұрмағанын көлденең тартып, пәтер бөлу мәселесін алдағы комиссия анықтайтынын айтқан.

Байырғы мұнайшы, 11 баланың анасы Сұлу Қожбанова да тапа-тал түсте үйсіз қалғанына шағымданады. Қарияның тұрағы Қошқар ауылында болғанымен, балалары өз алдына үйлі-баранды болып кеткен екен. Олар қолына шақырғанымен қара шаңырағын қимаған кейуана ара-тұра балаларына қолғабысын тигізуге кетіп қалатын көрінеді.

Кейінен Қошқар ауылының тұрғындарына пәтер бөлу мәселесімен келген комиссия Сұлу Қожбанованы да тұрмайтындардың санатына қосып, мүлде тізімге іліктірмепті. Қария өзінің Қошқарда тұратынын Мақат аудандық соты арқылы дәлелдегенін айтады.

– Мақат соты үйдің барлығын растап берді. Облыс, қала әкімдіктеріне арыздансам «күт» дейді, міне былтырғы жылдың маусымынан бастап күтіп жүрмін, – дейді Сұлу Қожбанова.

Тағы бір көпбалалы ана Батима Қаржаубаева да тізімде болғанымен баспанасыз қалғандардың бірі. Ол кісінің үйін Ақтауда пәтер жалдап, жұмыста жүрген ауру баласына кеткенде бұзып тастаған екен.

– Маған үй бөлген комиссия құрамындағы бұрынғы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мекемесінің бастығы Нұрлы Хабиева «Алтын алқаңды» айтпай-ақ қой, фактімен алғанда үйіңді тастап басқа жақта жүрсің» деп бетімді қайтарды, – дейді кәрі ана.

Алты баланың анасы Майра Иманғалиеваның да ұлы бала-шағасымен және қарындастарымен бірге Қошқар ауылында тұрады. Оларға тиесілі 4 бөлменің орнына бір бөлмелік пәтер ұсынған. Алайда бір бөлмеге бір қора жанның симайтынын алға тартып Майра одан бас тартқанын айтады. Ол Қошқар
Комсомол ауылының кішкентай тұрғындары. Мақат ауданы, Атырау облысы, тамыз, 2009 жыл.
өндірісінде оператор болып жұмыс жасайды. Басқа баспанасы болмағандықтан Қошқарда қалған үйінділердің арасында тіршілік кешуге мәжбүр.

– Мен үйімізді бұздырмай алып қалған едім. Әсия Қазиева үй ала алмаған соң осында тұрып жатыр. Мұнда бүгінде тұруға жағдай болмаса да, басқа паналайтын жеріміз жоқ. Жарықты ауылды көшірген соң үзіп тастаған, су бұрыннан жоқ, аңыраған суық үйде, тас қараңғыда отырмыз. Қошқардың басында 78 үй бар еді. Пәтер алуға келгенде 11 үй жоқ болып кетті, – дейді ол.

Жоғарыда аты-жөндері аталғандардан бөлек үйсіз қалғандар қатарында Рахметолла Рысмағамбетов, Қарлығаш Көшекбаева, Кеңес Әбілғазиев, Дәурен Шолтауов, Мұратбек Серікбаев, Айгүл және Гүләйім Қайырлиевалар бар. Шағымданушылар көрсеткен құжатта олардың әрқайсысы пәтерге мұқтаждар тізіміне тіркелгені жазылған.

Мақат ауданының бұрынғы әкімі Сырым Рысқалиевтың 2010 жылы наурыздың 1-інде «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалы директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Н.Тухватуллинге жолдаған хатында Қошқар ауылында 496 адам, 78 үй, 102 отбасы тұратындығы көрсетілген.

Сондай-ақ осы Мақат ауданы әкімінің көшірілетін елді мекендер жөніндегі тағы бір мәліметінде Қошқар ауылындағы 57 үйдің Атырау қаласына, 21 үйдің Махамбетке көшірілетіндігі жайлы айтылған.


БИЛІКТІҢ ЖАУАБЫ

Бір атап өтерлік жайт, бұл үйлер есеп-мәліметте болмағанымен Қошқар ауылының әкімі Есенжан Жұмағалиев олардың осы жерде тұратындығын растайтын анықтама беріп отырған. Азаттық тілшісімен әңгімеде ауыл әкімі өзін сүттен ақ, судан таза етіп көрсетуге тырысып бақты.

– Олардың тізімге ілінбей тұрған ештемесі жоқ. Мен 2009 жылы да, 2010 жылы да берген ауыл тұрғындарының ресми тізімінде олардың барлығын көрсеткем. Оларға пәтер бермей отырған – қала әкімдігінен келген комиссия,
Мақат ауданының тұрғындары «Мақатавтокөлікбазасынан» келіп су алып жатыр. Атырау облысы, Мақат ауданы, 21 ақпан 2010 жыл.
солардан сұраңыз. Мен ол комиссияның құрамында болғаным жоқ, – деді Есенжан Жұмағалиев.

Бұл мәселемен тікелей айналысқан қала әкімінің орынбасары Әділбек Нұрлығожиев Азаттық тілшісімен сөйлесуге уақыт таппады.

Атырау облыс әкімі аппаратының жетекшісі Асқар Керімов Азаттық тілшісінің сұрағына келесідей жауап берді:

– Жалпы бұл мәселе менің тікелей жұмысыма кірмейді. Шешім қабылдаған облыс әкімі болғанымен, көшіруге жауапты Мақат ауданы әкімі, ал қабылдап алуға жауапты Махамбет пен Атырау қаласы әкімдері. Мендегі мәліметтер бойынша көшпей қалғандардың қолдарында құжаты болғанымен, олардың ауылда тұрмайтындарына 10-15 жыл. Олар кезінде үйлерін сатып кетіп қалған. Бүгінде Ақтауда немесе басқа қалаларда тұрып жатыр. Көшіріледі дегенді естіп «ойбайлап» келіп, қаладан үйлі болғысы келеді.

Бұдан әрі «мен де сөйтер едім» деген Асқар Керімов Азаттық тілшісіне: «Сіздің де қолыңызда құжаттар болса журналист ретінде облыс әкіміне сауал жолдауыңызға болады» деген кеңес берді.

Облыс әкімі Бергей Рысқалиев болса былтырғы жылдың қарашасында болған Мақат аудандық активтер жиынында Қошқар, Космол, Бек-бике ауылдары тұрғындарының аса жайлы үйлерге қоныстанғаны жайлы ерекше мақтанышпен әңгімелеген болатын.

– Мұны жасау оңай болмады. Үлкен шығындар кетті, ең бастысы – аса қатал талаптар қойылды. Бүгінде бұл ауылдардың барлық тұрғындары жаңа сәулеті үйлерде тұрады, олар бұрын көрген қиындықтарымен мәңгіге қош айтысты. Бұған «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы 750 миллион теңге бөлді, – деп мәлімдеген Бергей Рысқалиев.

Алайда облыс әкім айтқан жылы пәтер түгілі иелігінде болған құжыраға зар болып қалған қошқарлықтар қалалық сотқа жүгініп, өздеріне Атырау қаласынан пәтер бөлуді қала әкімдігіне, қала әкімі орынбасары Әділбек Нұрлығожиев пен қалалық тұрмыстық коммуналдық шаруашылық бөліміне міндеттеуді және олардан 500 мың теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіріп беруді сұраған.

Ақпанның 2-сі күні олардың шағымын қараған қалалық сот судьясы Айдарбек Дүйсебалиев тұрғындардың талаптарын дәлелдейтін құжаттары толық болмағандықтан арызды қанағаттандырмау туралы шешім шығарыпты.

Сот шешіміне келіспеген Қошқар тұрғындары бұл мәселені аяқсыз қалдырмайтындықтарын айтып отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG