Accessibility links

Жаңа жол ережесі бала автокреслосын қымбаттатты


Балаларға арналған автокреслосы бар жеңіл автокөлік. Алматы, 6 қаңтар 2014 жыл.

Балаларға арналған автокреслосы бар жеңіл автокөлік. Алматы, 6 қаңтар 2014 жыл.

Қазақстанда қаңтардың 7-сінен күшіне енетін жаңа жол қозғалысы ережелерінің кей тұстары қоғамда дау тудырды. Әсіресе, жаңа жылда бағасы күрт қымбаттап, тапшы затқа айналған балаларға арналған автокресло туралы талапқа қатысты жұрттың шағымы көбейді.

Жаңа жол жүрісі ережелеріне енгізілген негізгі он өзгерістің бірі – көліктің шамын күндіз де жағып жүру талабы. Көлік жүргізуге берілетін сенімхат міндетті құжаттар тізімінен алынды. Енді жол инспекторының көлікті себепсіз тоқтатуына тыйым салынады. Көлікті тоқтатқан жағдайда инспектор көлік жүргізушінің жанына келіп, тоқтату себебін түсіндіруі тиіс.

Әсіресе 12 жасқа толмаған балалар көлікте арнайы орындықта отыруы тиіс деген талапқа қатысты әлеумет шағым айтып жатыр.

БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ - БАСТЫ ТАЛАП

Қаңтардың 5-і күні Астанада өткен баспасөз жиынында ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитеті басқармасының бастығы Қанат Сәдуақасов «Күшіне енген жол қозғалысы туралы заңда жолаушыға арналған алдыңғы орында автокресло, ал артқы орында баланы бекітіп қоятын арнайы құрылғы немесе баланы қауіпсіздік белдігімен байлап қоюға ыңғайлы жабдық болуы тиіс» деп түсіндірді.

Оның айтуынша, бұл талап «автомобиль салонындағы жолаушылардың бәрі қауіпсіздік белдігін тағып отыруы тиіс» деп көрсетілген жол қозғалысы конвенциясына сүйеніп енгізілген.

Әйнегіне «Балалар» деген жазу ілген ввтокөлікте отырған адамдар. (Көрнекі сурет)

Әйнегіне «Балалар» деген жазу ілген ввтокөлікте отырған адамдар. (Көрнекі сурет)

Қанат Сәдуақасов «Көлікте баланы қолда ұстап отыру өте қауіпті. Өйткені сағатына 50 шақырым жылдамдықпен келе жатқан көлік жол апатына ұшыраған кезде баланың салмағы 30 есе ұлғаяды да, бала алдыңғы терезеден ұшып кетеді немесе оны қолында ұстап отырған жолаушының астында жаншылып қалады. Сондықтан жаңа туған нәрестенің өзін перзентханадан арнайы автобесікке салып алып жүру керек» дейді.

Ол сондай-ақ жаңа жол қозғалысы ережелері бойынша, таксилер де арнайы балалар автокреслосымен жабдықталуы тиіс екенін хабарлады.

– Біз ең әуелі коммерциялық мақсатта кісі тасуға жағдай жасауды емес, таксист болсын, жеке меншік көлік иесі болсын, балаларды тасымалдаудың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ойлауымыз керек. Кез келген көлік жүргізушісі транспорт құралындағы арнайы қауіпсіздік белдігін пайдалануы тиіс, - дейді Қанат Сәдуақасов.

Ішкі істер министрлігінің басқарма бастығы былтыр сәуірдің 17-сі күні енгізілген бұл ұсыныстың қазанның 20-сында бекітілгенін, осы мерзім ішінде азаматтардың бұл талапқа дайындалуға жеткілікті уақыты болған дейді. Астана қаласы дүкендерінде автокреслоға тапшылық жоқ екенін айтқан ол автокреслолар Кенесары көшесіндегі дүкенде сатылатынын да айтып өтті.

БАЛАЛАР КРЕСЛОСЫ КҮРТ ҚЫМБАТТАДЫ

Азаттық тілшісі полиция шенеунігі атаған дүкен мен Астанадағы автокресло сататын өзге дүкендерді аралап шықты. 8-12 жастағы балаларды бекітіп қоятын бустер құралы бес дүкеннің ешқайсысында жоқ болып шықты.

– Қазір бустерлер бітіп қалды, екі аптадан кейін түсе ме деп отырмыз. Бағасы сегіз мың теңгеден (44 доллар шамасында) басталады. Заңға мына өзгерістер енгізілгенге дейін бустерлер төрт мың теңге тұрған. Бірақ сұраныс артқан соң екі есеге қымбаттап кетті, - дейді «Автокреслолар» дүкені менеджері.

Жеңіл автокөлік салонындағы балаларға арналған кресло. Алматы, 6 қаңтар 2014 жыл.

Жеңіл автокөлік салонындағы балаларға арналған кресло. Алматы, 6 қаңтар 2014 жыл.

«Авто Беби» және «Бала Боо» дүкендері де бустерлер жоғын, жаңа партиясы қаңтардың аяғында түсетінін хабарлады. Дүкен қызметкерлері 10 жасар балаға арналған Vouager маркалы креслоны 35 мың теңгеге (190 доллар шамасында) сатып алуды ұсынды.

Уәлиханов көшесіндегі «Балалар әлемі» дүкенінде бағасы тоғыз мың теңге тұратын жалғыз бустер табылды.

– Бірақ сіз келгенше өтіп кетуі мүмкін. Өйткені, бүгін сұраныс көп болғандықтан, автокреслоларды көп саттық, - деп хабарлады «Балалар әлемі» желісінің ірі филиалының сауда залы менеджері Азаттық тілшісіне.

БАЛАЛАР ОРЫНДЫҒЫ ЖОҚ ТАКСИЛЕР

Азаттық тілшісі қаладағы «Эко Такси», «Такси VIZIT», «Апельсин», «Экипаж» және «Самал» сияқты бірнеше такси қызметін көрсететін компанияға хабарласты. Диспетчерлердің бәрі «қазіргі кезде бір де бір көлік автокресломен жабдықталмаған, әрі қашан жабдықталатынын білмейміз» деп жауап берді.

– Әзірше бұл жөнінде сөз болған жоқ. Тапсырысты бұрынғысынша ресімдей аламыз. Көліктерде кресло жоқ, ал басшылық оларды әлі сатып та алған жоқ. Ал сатып ала ма, жоқ па – білмейміз, - деп хабарлады компаниялардың бірінің диспетчері.

Аудан аумағында жолаушы таситын шағын автобустағы жас қыз бала. Қызылорда облысы, 17 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Аудан аумағында жолаушы таситын шағын автобустағы жас қыз бала. Қызылорда облысы, 17 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

«Самал» компаниясы диспетчері таксилер балаларды жетінші сыныптан бастап қана таситынын мәлімдеді. «12 жасқа толмаған балаларымен жүрген жандардың тапсырысын қабылдамаймыз. Бізге сондай нұсқау берді. Себебін кейінірек әкімшілікке хабарласып, сұраңыз» деді ол.

«Алма taxi» компаниясы қызметкерлері Азаттық тілшісіне «автокүтуші» қызметін көрсететінін айтты. Балаға белгілі бір жүргізуші бекітіліп беріледі. Ол үйдің подъезі алдына келіп, ересектерден баланы алып, бала бақша есігіне дейін жеткізеді. Бір бағыттағы жол ақысы 800 теңге тұрады.

– Көлік автокресломен жабдықталған, бірақ бес жасар бала болмаса, сегізден асқан бала сыймайтын шығар, - дейді компания үйлестірушісі.

Қазақстан жол-көлік апатынан кісі өлімі көп болатын елдер қатарында. Былтыр жол қауіпсіздігі рейтингінде Қазақстан 192 елдің ішінде 128-орында болған. Елде әр 100 мың тұрғынға шаққанда 22 адам жол апатынан көз жұмады. Бұған көлік жүргізушілерінің жол үстіндегі жүгенсіздігі, даңғойлығы басты себеп деп саналады.

  • 16x9 Image

    Гүлбану ӘБЕНОВА

    Гүлбану Әбенова - 2008 жылдың тамызына бері Азаттық радиосы сайтының авторларының бірі. Мәскеу гуманитарлық университетінің тарих факультетін тәмамдаған, Ұлттық өнер академиясында театр сыншысы оқуын бітірген, Евразия ұлттық университетінің магистратурасын «Әлеуметтану» мамандығы бойынша аяқтаған. «Экспресс К» газетімен, басқа да қазақстандық басылымдармен әріптес болған. 1999 жылдан бері Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG