Accessibility links

Жер реформасына қарсы бард сотқа тартылып жатыр


Азаматтық белсенді әрі бард ақын Жанат Есентаев Алматыда жұрт арасында ән айтып тұр. 16 наурыз 2013 жыл.

Азаматтық белсенді әрі бард ақын Жанат Есентаев Алматыда жұрт арасында ән айтып тұр. 16 наурыз 2013 жыл.

Жерді үлестіріп беруге ашық қарсы болғандардың бірі – халық арасынан шыққан, үкіметті сынаудан қорықпайтын бард ақын Жанат Есентаев.

Қазақстанның жаңа тарихында ең үлкен наразылық – жер реформасына қарсы шерулер өткен сенбіде тағы болды, билік халық митингісін басу үшін барлық әдіс-айласын қолданып отыр. Орталық Азияның салыстырмалы түрде тәуірірек дамыған бұл мемлекетінде басқаша ойлайтындар қатаң бақыланады. Алайда кейінгі уақыттары биліктің пікірін қолдамайтындар одан тайсалмайтынын аңғартты.

СССР тарағалы Қазақстанды темірдей уысынан шығармай билеп отырған президент Нұрсұлтан Назарбаевтың заманында режимді сынаушыларды түрмеден басқа қай жерден іздеуге болады?

Осындай қамау орнының бірінен Оралдағы «Уральская неделя» газетіне жарияланбай қалған, қолмен жазылған хат табылды. Онда мамырдың 11-і күні халықты рұқсатсыз шеруге шығуға үгіттеді деген айыппен қамалған ақын-сазгердің әділетке шақырған үндеуі жазылған. Онда Жанат Есентаев өзін қолдайтын азаматтарға алғысын білдіріп, әділдіктің «ерте ме, кеш пе жеңетініне» сенім білдірген. Бұл хат 2016 жылы мамырдың 20-сы күні жазылған.

Жанат Есентаев билікті аяусыз сынағаны үшін немесе басқа да себептерге байланысты айыпты деп танылса, жеті жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Есентаев пен басқа да ондаған адам мамырдың 17-сінен бастап 21-іне дейін қамалды.

Наурыз айының соңында ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев үкімет шілдеден бастап игерілмей жатқан жерлерді жаңадан қабылданған жер кодексіндегі ережелерге сәйкес жеке меншікке береді деп мәлімдеген еді. Яғни шамамен 1 миллион гектардан астам ауыл шаруашылығы жерлері жеке адамда меншігіне өтпек.

Мамырдың 5-і күні бұрын-соңды болмаған қоғам наразылығынан соң Назарбаев жер кодексіне енгізілген өзгерістерді іске асыруға 2016 жылғы желтоқсанның 31-іне дейін мараторий жариялады. Соның ішінде жерді шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беру ісі де уақытша тоқтатылды.

ВИДЕО: Алматыда полиция ондаған адамды ұстады

Наразылар жердің көп бөлігі ауқаттылардың қолында қалады немесе шетелдіктерге жалға беріледі, соның ішінде қытайлардың қолына өтеді деп қауіптенеді.

Есентаев мамырдың 21-і күні Оралда шеру өткізуге рұқсат сұрағандардың қатарында болды. Билік ұйымдастырған кездесулердің бірінде ол депутат Шавхат Өтемісовпен сөзге келіп қалды.

Мамырдың 5-і күні өткен жиында Есентаев «Жерді шетелдіктерге беруге келіспеңдер. 25 жыл өткен соң қытайларды жалға алған жерінен кетіре аласыңдар ма? 25 жылда бұл жерде кім болады? 25 жылдан соң Назарбаев болмайды. Қожанасыр айтқандай «25 жылда не патша өледі, не мен өлемін» деген жағдай қайталанады!» деп мәлімдеді.

Жанат Есентаевтың депутат Шавхат Өтемісовпен кездесуде айтқан сөзі:

Ұсталғандардың көбі мамырдың 21-і күнгі шерудің алдында Астана, Алматы және басқа қалаларда «рұқсатсыз шеру ұйымдастырмақ» деген айыппен қамалды, оларды билік 15 күнге дейін абақтыға жапты.

Бірақ бір апта бұрын полиция Оралдағы Есентаевтың баспанасын тінтіп, компьютерін тәркіледі. Қорғаушысы Лариса Симоненконың айтуынша, ол екі ай бойы уақытша қамауда отырады, тергеушілер оған «әлеуметтік араздық қоздырды» деген айып таққан.

Қамалғандардың ішінде Есентаевқа ғана қылмыстық айып тағылатын тәрізді. Қазақстанда «әлеуметтік араздық қоздырды» деп айыпталған адам жеті жылға дейін сотталуы мүмкін. Шеру өтеді деп жоспарланған мамырдың 21-інен кейін сайттар бұғатталды, елде жүздеген белсенділер мен қарапайым адамдар ұсталды.

Есентаевтың Facebook парақшасында «Жер сатылмасын» деп жазылған наразы пікірлері жарияланған. Соның бірінде ол «Ешкімнің жерімді сатуына рұқсат бермеймін» дейді.

Билік реформалары ауыл шаруашылығы жерлерін 25 жылға дейін шетелдіктерге жалға беруді көздейді. АҚШ-тың ауыл шаруашылығы тауарларын зерттеу есебі бойынша, 2006 жылғы санақта Қазақстан аумағының үштен біріне жуығы, яғни «ауыл шаруашылығы жерлерінің 76,5 миллион гектары - тұрақты жайылым, ал 32 пайызы - егістік жерлер» болған. Сол зерттеуде егістік аумақтарының, соның ішінде астық, басқа да жем-шөп және азық-түлік дақылдары егілген алқаптардың 1990 жылдардың соңында «күрт қысқарғаны» баяндалады.

Гитарамен ән шырқайтын Есентаевтың қарлыққан дауысы советтік дәуірдегі танымал әнші Владимир Высоцкийді еске түсіретіндей. Высоцкий советтік цензураға қарсы шыққан еді, ал Есентаев қарсылық әндерін шырқайды. Есентаев бір әнін президент Назарбаевқа арнаған.

Есентаевтың әндері биліктегі жемқорлық, экономикалық қиындықтар, 2011 жылы Жаңаөзенде шеруге шыққандарды қудалау (Есентаев бұл туралы «Туған халқыңды аттың» деп шырқайды), оппозиция белсенділерін қамау мен тәуелсіз азаматтық институттар мен баспасөз бостандығын шектеу сияқты тақырыптарға арналған.

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігі «жиналыс, сөз және дін еркіндігін шектеп, адам азаптауға жол берді» және «үкіметті сынаған азаматтарды әділетсіз соттады», «бейбіт және рұқсатсыз наразылық шеруіне шыққандарды қамады» деп айыптайды.

Мерхат Шәріпжанның мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG