Accessibility links

Башқұрт өкілдігін жабудан саяси астар да көреді


Башқұртстанның президенті Рүстем Хамитов
Башқұртстанның президенті Рүстем Хамитов

Башқұртстанның Қазақстандағы өкілдігі 1 сәуірден бастап жабылмақ. Өкілдік басшысының айтуынша, бұған Ресейдегі экономикалық ахуал себеп болған.

Бір апта бұрын Ресей құрамындағы Башқұртстанның президенті Рүстем Хамитов 1 сәуірден бастап елдің Астана (Қазақстан) мен Стамбулдағы (Түркия) өкілдіктерін жабу жөнінде жарлық шығарды.

Башқұрт өкілдігі жабылмақ
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:28 0:00
Жүктеп алу

Башқұртстанның Қазақстандағы ресми өкілі Ренарт Яунбаев бұл өзгерісті «бюджет қаражатын үнемдеу үшін жасалған шара» деп сипаттайды.

– Бұл Башқұртстандағы ғана емес, бүкіл Ресейдегі экономикалық қиын жағдайға байланысты. Башқұртстан өкілдігінің жабылуы бірінші рет емес. Осының алдында Санкт-Петербургтегі өкілдік жабылған. Түркиядағы өкілдіктің істемей тұрғанына үш-төрт жыл болды. Яғни онда қызметкерлер жоқ, ал жарлық енді ғана шығып отыр, – дейді Ренарт Яунбаев.

Оның сөзінше, жалдамалы кеңсесі, екі пәтері, қызметкерлері мен қызметтік көліктері бар өкілдік былтырдан бастап қысқартуға іліне бастаған.

– Өткен жылдың соңында өкілдік есепшісі жұмыстан босатылды, ал мен кеңсесіз қалдым. Наурыздың соңына дейін жалдамалы пәтерден жұмыс істеймін, – дейді Ренарт Яунбаев.

Ресейдің Қазақстандағы елшілігі Башқұртстанның өкілдігі жабылуына қатысты қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Елшіліктің баспасөз хатшысы Юлия Лазовская «Ресейдің атынан сөйлесек те аймақтық өкілдіктер үшін жауап бере алмаймыз» деп жауап берді.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов та бұл жаңалықтан бейхабар екенін айтып, мәліметті тексеру үшін ресми хат жолдауымызды сұрады.

«ТҮРКІТІЛДЕС ЕЛДЕРДІ БІР-БІРІНЕН АЛЫСТАТУ САЯСАТЫ»

Саясаттанушы Айдос Сарым Башқұрстан өкілдігін қаржы үнемдеу мақсатында жаппақ деген уәжбен келіспейді. Ол өкілдікті жабуды «Мәскеудің түркітілдес халықтар арасындағы байланысты үзу шараларының бірі» деп бағалайды.

Башқұртстандағы наурыз мерекесі. (Көрнекі сурет)
Башқұртстандағы наурыз мерекесі. (Көрнекі сурет)

– Бұл Ресейдің, Путин билігінің түркітілдес халықтардың рухани-мәдени және тағы басқа қарым-қатынастарын үзу саясатының жалғасы шығар. Мүмкіндігінше халықтардың қарым-қатынасын үзу, сол арқылы халықтарды ассимляцияға түсіру, елдікке деген қандай да бір ұмтылыстарын азайту саясаты. Қазақстанда 10 мыңға жуық башқұрт азаматы тұрады. Олар өкілдік арқылы хабарласпаса, басқа қандай мүмкіндіктері бар, – дейді Айдос Сарым.

Түркітілдес елдердің интеграциясы мен медиасы саласын зерттеп жүрген Асқар Құмыран Башқұртстан өкілдігі жабылуының экономикалық сипаты бар деген пікірді қолдайды. Бірақ ол да «Ресей билігінің соңғы жылдары өз субьектілерін қатаң бақылауға алып, өкілдіктерін қысқарта бастағаны алаңдатарлық іс» екенін айтады.

– Бұрын Татарстан, Башқұртстан сынды республикалар өз бетімен шетелдерде өкілдіктерін ашатын, өз атынан конференциялар өткізіп, келісімдер жасайтын. Қазір мұның бәрі орталықтан – Мәскеуден шығатын болды. Ресей субьектілерінің делегациялары басқа бір елге барса, міндетті түрде өз жалауының қасына Ресей жалауын қоюға міндеттелді, – дейді Асқар Құмыран.

Қоғамдық белсенді, жуықта Башқұртстанға барып қайтқанын айтқан Азамат Рыскелдінің сөзінше, ол елдегі үнемдеу шаралары әуелі башқұрт ұлтына қатысты салалардан басталып жатыр.

Башқұртстандағы мектептердің бірі.
Башқұртстандағы мектептердің бірі.

– Ауылдардағы башқұрт мектептерін қысқарту шаралары жүріп жатыр. «Сандық форматқа өту керек» деген уәжбен башқұрт телеарнасын қаржыландыр жайы да екіұдай халде тұр. Башқұрт құрылтайы да қаржылық дауға қалып, жұмысы қиындады. Өйткені бұл билік үшін маңызды емес, сондықтан бәрін қысқартып жатыр, – дейді Азамат Рыскелді.

Ол «түркітілдес халықтар арасындағы байланыс Ресей билігіне қажет емес» деп жориды.

– Ресейдің мәдениет министрі Владимир Мединскийдің былтырғы сөздері есіңізде ғой. Башқұрт өкілдігінің жабылуының да осы шараларға жанама болса да қатысы бар. Сондықтан Ресейдегі үнемдеу шаралары түркітілдес халықтардың байланысынан басталатыны таң емес, – дейді Азамат Рыскелді.

(2015 жылы қарашада Түркия Ресейдің Су-24 ұшағын атып түсіріп, одан соң екі елдің қарым-қатынасы ушығып тұрған кезде Ресейдің мәдениет министрі Владимир Мединский осы елдің құрамындағы Алтай, Башқұртстан, Саха, Татарстан, Тыва мен Хакасия республикаларына түркі мәдениеті ұйымы - ТҮРІКСОЙ-мен байланысты дереу доғару туралы жеделхат жолдаған).

Ресей федерациясының сауда өкілдігіне қарасты Башқұрстан өкілдігі Астанада 2004 жылы ашылған. Өкілдік Башқұрстан мен Қазақстан арасында сауда-саттық, экономикалық, ғылыми-техникалық, ақпараттық және тағы басқа қарым-қатынас орнатуға септесуді мақсат еткен. Башқұртстанның Қазақстандағы ресми өкілі Ренарт Яунбаевтың айтуынша, дағдарыстан бұрын бұл екі ел арасындағы сауда көлемі жылына 1 миллиард долларға дейін жеткен – Башқұртстан Қазақстанға мұнай химиясы өнімдері, мұнай-газ саласына керек құрал-жабдықтары әкеліп, бұл елден металл, астық, тыңайтқыш, ұн алған.

XS
SM
MD
LG