Accessibility links

Әткеншектен құлау әлегі


Алматы аулаларының бірінде ойнап жүрген балалар. (Көрнекі сурет)

Алматы аулаларының бірінде ойнап жүрген балалар. (Көрнекі сурет)

Алматыда ойын алаңқайында жүрген бала қирап тұрған әткеншектен құлап, қолын сындырды. Баланың әке-шешесі бұған кінәлілерді іздейді. Бірақ қалада балалар алаңдарына сараптама жасаумен кім айналысатыны анық емес.

Тоғыз жасар Сергей Водонаев жаздыгүні Алматы қаласы Орбита шағын ауданындағы үйлердің бірінің ауласындағы балалар алаңында ойнап жүріп әткеншектен құлап, сол қолын сындырып алған. Әке-шешесі әткеншектің бұрыннан сынық болғанын анықтаған. Үшінші сыныпқа барған Сергей қазір гипс салынған қолынан көп қолайсыздық көреді. Ал ата-анасы баласының қолы сынғанына жауап беретін кінәлі адамдарды таппай жүр.

– Қалалық әкімдікке, төтенше жағдайлар департаментіне, антимонополия комитетіне, коммуналдық қызмет бөліміне бардық. Бәрі бір-біріне сілтейді, ақыры жауапқа тартатын ешкімді таппай қойдық, – дейді Сергейдің анасы Наталья Азаттық тілшісіне.

ӘКІМДІК ПЕН ПИК

Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімдігінің коммуналдық қызмет бөлімі бастығы Архат Омаровтың Азаттық тілшісіне айтуынша, аулалардағы балалар алаңдарының қауіпсіздігіне пәтер иелері кооперативтері (ПИК) жауапты. Аудандық әкімшіліктің коммуналдық бөлімі «Алматы аулалары» бағдарламасы бойынша қабылдау актісін ПИК-ке өткізіп берген соң әткеншектерді күтіп ұстау, сынған жерлерін жөндеу жұмысы ПИК-ке жүктеледі. Бөлім бастығы баланың әке-шешесіне сотқа жүгінуге кеңес берген.

Сергей тұратын үйге де жауапты «Орбита-1» ПИК төрайымы Галина Потешкина «бұған біз кінәлі емеспіз, бала қолын кез келген жерде сындырып алуы мүмкін ғой» деген уәж айтады.

«Орбита-1» пәтер иелерінің кооперативі төрайымы Галина Потешкина. Алматы, 11 қыркүйек 2013 жыл.

«Орбита-1» пәтер иелерінің кооперативі төрайымы Галина Потешкина. Алматы, 11 қыркүйек 2013 жыл.

– «Алматы аулалары» бағдарламасы бойынша әткеншектердің бәрі қалалық әкімдік ақшасына орнатылған. Бұрын ойын алаңдарындағы әткеншек, сырғанақ сияқты жабдықтың бәрі темірден жасалатын, пластик енді ғана шығып жатыр. Әткеншектердің бәрі ескірген, ал оларды ауыстыруға көп ақша керек, – дейді Галина Потешкина.

Оның айтуынша, пластик әткеншектер сатып алуға ПИК-тің шамасы келмейді. Тұрғындар балалар алаңдарын қоршап, пластик сырғанақтар орнатқысы келгенімен, оны сатып алатын ақша жинауға көбі құлықсыз.

– Есептеп көріп едік, ойын алаңының біреуін жабдықтауға 1 миллион теңге керек екен. Әкімдік ақша бөлмейді, ал ПИК-тің мұндай ақшасы жоқ, – дейді Галина Потешкина.

Галина Потешкинаның сөзіне қарағанда, «Соңғы кезде «Үйлерді абаттандыру» бағдарламасы жұмыс істемейді. Әкімдік қолда барды ұқыптап ұстап, сынса жөндеңдер деп ақыл айтады». ПИК өкілдері әкімдік есебінен тұрғын үйлерді абаттандыру туралы мәселе көтерген.

– Алты үйдің сыртын 23 миллион теңгеге боядық. Ақшаны әкімдіктен алдық, бізге оны 10 жылда қайтаруға рұқсат етті. Шатырды ауыстыру, подъездерді жөндеу сияқты жұмыстарды ортақ ақшаға жасаймыз. Ал бұдан бөлек салық, жарық, жылу, судың ақшасын төлеуіміз керек қой, – дейді Галина Потешкина Азаттық тілшісіне.

ПИК төрайымы Сергей Водонаевтың ата-анасына «оқыс жарақаттан сақтану үшін баласын қадағалауға» кеңес береді. Ал тұрғындарға пластик әткеншектер сатып алатын ақша жинауды ұсынады.

– Қаншама бала жарақаттанып жатады. Оны неге біз төлеуге тиіспіз? Әуелі медициналық анықтама әкеліп, баласының дәл осы ойын алаңында қолын сындырғанын дәлелдесін, – деп ашуланады Галина Потешкина.

СОТҚА ЖҮГІНУ

Алматылық заңгер Эдуард Гринберг «жазатайым оқиғаға балалар алаңындағы бүкіл заттардың иесі ПИК кінәлі» дейді. Ол ата-аналарға сотқа немесе прокуратураға жүгінуге кеңес береді.

Алматыдағы ауланың бірінде бала ойнатып жүрген әйел. (Көрнекі сурет).

Алматыдағы ауланың бірінде бала ойнатып жүрген әйел. (Көрнекі сурет).

– ПИК өкілдері әткеншектердің сынған-сынбағанын ай сайын тексеріп тұруы тиіс. Егер сынып қалса, балаларды алаңға жібермеуі керек. Бұл ПИК қызметкерлерінің жауапсыздығын көрсетеді. Қолы сынған баланың әке-шешесі ПИК-ті сотқа бере алады. Қазір «Балалар ойын алаңдарына арналған құрал-жабдықтардың қауіпсіздігі туралы» техникалық реттеу ережелерінің жобасы әзірленіп жатыр. Онда ойын жабдықтарын орнату мен сынғанына жауапты тұлғалар нақты көрсетілетін болады, – дейді Эдуард Гринберге Азаттық тілшісіне.

Заңгердің түсіндіруінше, техникалық реттеу ережелерінің жобасы Кеден Одағына мүше елдер территориясында халықтың өмірі мен денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету үшін құрастырылған. Бұл құжат Қазақстан, Ресей, Беларусь елдері үшін бірыңғай талаптар белгілеп, мемлекет тарапынан ойын жабдықтарын шығарушылар мен сатушыларға бақылау орнатуды көздейді.

Алматы қаласындағы балалар травматологиялық ауруханасына тәулігіне орта есеппен 200-250 бала түседі. Олардың 60 пайызы балалар алаңында жарақат алған.

Қазір Сергей Водонаев әлгі ойын алаңына бармайды, таза ауа жұту үшін далаға жарты сағатқа ғана шығады. Қолы біртіндеп жазылып келеді, бірақ әлі ауырады, жуынғанда, киінгенде, сабақ оқығанда қиналады. Оның ата-анасы жазатайым оқиға сол ойын алаңында болғанын дәлелдей алатын сарапшылар комиссиясын таппаған.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG