Accessibility links

Полиция қысымы күшейді


Азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның соты өтіп жатқан мамандандырылған сот ғимаратын күзетіп тұрған полицейлер. Атырау, 17 мамыр 2016 жыл.

Азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның соты өтіп жатқан мамандандырылған сот ғимаратын күзетіп тұрған полицейлер. Атырау, 17 мамыр 2016 жыл.

Жер реформасына қатысты бүкілқазақстандық митинг өтеді деген ақпарат тарағалы Астана мен аймақтарда полиция азаматтарды ұстауын жиілетті. Кей белсенділерге қылмыстық іс қозғалды. Он шақты адам 15 тәулікке дейінгі мерзімге қамалды.

Қазақстан полициясы ұстап әкетіп, сот 10-15 тәулікке қамап жатқан азаматтар туралы ақпараттар мамырдың 17-сі күні кешке қарай жиілей бастады. Ұсталған белсенділер мен қарапайым азаматтарға әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысты, кейбіріне тіпті қылмыстық кодекс бойынша айыптар тағылып жатыр.

АСТАНА

Астана қаласында азаматтық белсенді Мақсат Ілиясұлы мамырдың 17-сі күні кешке сот шешімімен 10 тәулікке қамалды. Оған "рұқсат етілмеген наразылық акциясына шақырды" деген айып тағылған. Бұл туралы Азаттыққа оның жұбайы Мәдина хабарлады.

Астанадағы азаматтық белсенді Мақсат Ілиясұлы.

Астанадағы азаматтық белсенді Мақсат Ілиясұлы.

Азаттық тілшілері жер мәселесіне қатысты ұсталған немесе қамауға алынған азаматтар жөнінде Астана қалалық ішкі істер департаменті мен прокуратурасына хабарласып, ақпарат ала алмай отыр. Прокуратураның баспасөз хатшысы Әсел Әубәкірова Азаттық тілшісіне ондай сауалдарға ресми хат жолдаған соң 3, 15 немесе 30 күн ішінде жауап беретіндерін айтты.

Мақсат Ілиясұлы - жер реформасы комиссиясы мүшесі. Комиссияның алғашқы отырысына қатысқан ол келесі жиындарына барудан бас тартқан.

АТЫРАУ

Атырауда азаматтық белсенді Макс Боқаев 15 тәулікке қамалды. Оны кеше Орал прокуратурасы шақырып, жауап алған еді. Боқаев абақтыға рұқсат етілмеген наразылық акциясына шақырғаны үшін жабылған.

Азаматтық белсенді Макс Боқаев ауылшаруашылығы жерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы митингте сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Азаматтық белсенді Макс Боқаев ауылшаруашылығы жерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы митингте сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Атырау әкімшілік соты Талғат Аян есімді азаматтық белсендіні де 15 тәулікке қамауға шешім шығарған.

Екі белсендінің ісін қараған сот шешімін мамырдың 18-і күні түнгі сағат екіде шығарды. Белсенділерді қамау шешімі әкімшілік құқық кодексінің 488-бабы ("Бейбiт жиналыстарды, митингiлерді, шерулерді, пикеттер мен демонстрацияларды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңнамасын бұзу") 3-тармағына негізделген.

Азаматтық белсенді Талғат Аян ісін қарауды ауданаралық сот ауласында күтіп тұр. Атырау, 17 мамыр 2016 жыл.

Азаматтық белсенді Талғат Аян ісін қарауды ауданаралық сот ауласында күтіп тұр. Атырау, 17 мамыр 2016 жыл.

Талғат Аянның әкесі Төлепқали Аянов "істе дәлел жоқ" екенін айтады.

- Дәлелдері - Боқаевтың Facebook-тегі мамырдың 6-сында жарияланған митинг өткізуге өтініш бергені туралы жазбасы. Талғат Аянның Facebook парақшасы мамырдың 13-і күні бұзылған. Ол кез келген азамат митинг өткізуге өтініш бере алатынын ғана жазған, - деді Төлепқали Аянов.

Макс Боқаев пен Талғат Аян - Атырауда сәуірдің 24-і өткен жерді сату мен шетелдіктерге жалға беруге қарсы митинг ұйымдастырған белсенділер. Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев жиналғандарға "митинг ұйымдастырғандар қуғындалмасын" деген талаптары орындалатынына уәде берген. Кейін Боқаев жер реформасы комиссиясына кіргенімен, бірқатар талап қойып, комиссия жұмысына қатысудан бас тартқан.

АЛМАТЫ

Мамырдың 17-сі күні кешкі сағат алты-жетілер шамасында алматылық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина өзін және тағы бірнеше азаматты полицейлер ұстап, Алмалы ауданаралық әкімшілік сотына апара жатқанын хабарлады.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.

Бақытжан Төреғожина Азаттық тілшісіне «Мені 488-бап, яғни "рұқсат етілмеген митинг ұйымдастыру" бабы бойынша айыптап отыр. Менімен бірге полиция көлігінде отырған Геройхан Қыстаубаев "бұзақылық" бабы бойынша айыпталған, ал Мөлдір Адылова, Сүйіндік Алдабергенов пен Құрал Исмановтарға 488-бап бойынша айып тағып жатыр» деді.

Кейіннен белсенділер Facebook парақшасында Сүйіндік Алдабергенов пен Бақытжан Төреғожинаның әкімшілік құқық кодексінің 488-бабы бойынша 15 тәулікке қамалғанын жазды. Cотқа қатысқан адвокат Жанар Балғабаева олармен бірге Марат Уатхан есімді азамат пен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) мүшесі Қуат Күнболатов деген адамның да "рұқсат етілмеген митинг ұйымдастыру" айыбы бойынша 15 тәулікке қамалғанын хабарлады.

Түрлі ақпараттарға қарағанда, Алматыда белсенділер Ермек Нарымбаев және Сахиб Жаңабаев та ұсталған. Кейін олар босатылған. ​Ермек Нарымбаевтың айтуынша, Геройхан Қыстаубаевқа қатысты сот бүгін өтуі керек.

Алматының Алмалы аудандық сотынан да, қалалық ішкі істер департаментінен де ұсталған азаматтарға қатысты ақпарат алу мүмкін болмады. Ал Алматының ауданаралық соты Азаттыққа түске дейін "бес адамның 15 тәулікке қамалғанын" растағанымен, олардың аты-жөндерін айтпады.

Ал түстен кейін ауданаралық сот Мөлдір Адылованы әкімшілік құқық кодексінің 488-бабы (рұқсатсыз митинг ұйымдастыру) бойынша айыптап, 15 тәулікке абақтыға жапты.

Бүгін түстен кейін Алматыда тағы бір тұрғынды - Райхан Қалиеваны полиция үйінен ұстап әкеткені хабарланды. Бұл туралы Азаттыққа оның туысы Берік Қалиев айтты. Қалиевтің сөзінше, Райхан Қалиеваны Әуезов аудандық ішкі істер басқармасына әкеткен.

- Кеше әпкемді кешкі сағат 6 шамасында Әуезов аудандық ішкі істер басқармасына алып кетіп, ол жерде прокуратура өкілдері 21 мамыр күні митингіге шықпайтыны туралы хатқа қол қойдырып алып, босатқан. Ал бүгін түскі сағат 13 шамасында оны үйінен тағы Әуезов аудандық ішкі істер басқармасына әкетті, - деді Берік Қалиев Азаттыққа телефон арқылы.

Қалиевтің айтуынша, ол - бұған дейін Алматы қалалық әкімдігіне 21 мамыр күні "жер мәселесіне" қатысты бейбіт митинг өткізуге рұқсат сұрап өтініш бергендердің бірі.

Азаттық Райхан Қалиеваға қатысты хабарды білмек болып, Әуезов аудандық ішкі істер басқармаларына хабарласқан еді. Бірақ полициядан бұл жайлы ақпарат алу мүмкін болмады.

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ

Азаттық кеше Алматы облысы Талғар аудандық ішкі істер басқармасы (ІІБ) қызметкерлерінің 22 жастағы Манас Әбдіманап есімді азаматты ұстап әкеткенін хабарлаған еді.

Талғар ауданының тұрғыны Манас Абдуманап.

Талғар ауданының тұрғыны Манас Абдуманап.

Бүгін аталған ауданның Бірлік ауылы тұрғындары Манас Әбдіманап пен Қуаныш Сұлтанәли екеуінің 15 тәулікке қамалғаны анықталды. Оны осы ауданның ІІБ учаскелік инспекторлар бастығы Нұржан Күнтунов растады. «Әкімшілік кодекстің 488-бабы бойынша ("рұқсат етілмеген митинг ұйымдастыру") олар 15 тәулікке қамалды» дейді Күнтунов.

- Манас Талғардағы Қонаев атындағы университетте 4-курста оқып жүрген. Ертең дипломын қорғауы керек еді. Ол Facebook әлеуметтік желісінде жер мәселесіне қатысты ойларын, жерді жалға беруге қарсылығын білдіріп жүрген. Манас сотта Ахмет Байтұрсыновтың өлеңін оқыды, - дейді оның туысы Ерболат Әлқожа.

ЖЕЗҚАЗҒАН

Жезқазғандағы азаматтық белсенді Берік Жағыпаров та Facebook парақшасы арқылы өзінің қала прокуратурасына шақырылғанын хабарлады. Жағыпаров прокуратураға өзінің жер мәселесі бойынша шақырылуы мүмкін екенін жазды.

ОРАЛ

Батыс Қазақстан облысы Орал қаласындағы азаматтық белсенді Жанат Есентаев қылмыстық кодекстің 174-бабы ("араздық қоздыру") бойынша айыпталып, сотқа дейінгі тергеу шарасы аясында 3 күнге тұтқындалған.

Бард әнші Жанат Есентаев референдум туралы жиыннан кейін Тәуелсіздік монументі алдында ән салып тұр. Алматы, 16 наурыз 2013 жыл.

Бард әнші Жанат Есентаев референдум туралы жиыннан кейін Тәуелсіздік монументі алдында ән салып тұр. Алматы, 16 наурыз 2013 жыл.

Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының әкімшілік сотының судьясы Қанат Махметов азаматтық белсенді Бауыржан Әліпқалиевты "бейбіт жиын, митинг, шеру, пикет өткізу тәртібін бұзғаны үшін" 15 күнге қамауға бұйырды. Белсенді 21 мамырда өтеді делінген митинг жайлы өзгелер жазған Facebook-жазбаларды өз парағына көшіріп басқаны үшін айыпты болған. Бауыржан Әліпқалиев бұған дейін 29 сәуірде Оралда жалғыз адамдық қарсылық акциясын өткізгені үшін 20 айлық есептік көрсеткіш (42 420 теңге) көлемінде айыппұл төлеуге тиіс болған.

Азаматтық белсенді Бауыржан Әліпқалиевты (сол жақ шеттегі адам) соттан қамау орнына әкетіп бара жатыр. Орал, 18 мамыр 2016 жыл.

Азаматтық белсенді Бауыржан Әліпқалиевты (сол жақ шеттегі адам) соттан қамау орнына әкетіп бара жатыр. Орал, 18 мамыр 2016 жыл.

Орал соты тағы бір азаматтық белсенді Айболат Бөкеновті де Facebook әлеуметтік желісіндегі митинг туралы жазбасына бола 15 күнге қамауға бұйырды.

Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінде тағы бір белсенді Исатай Өтепов те отыр. Бұған дейін жалғыз адамдық пикетке бола 20 АЕК көлемінде айыппұл төлеуі тиіс болған белсендіге енді "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға тырысу" айыбы тағылған.

ШЫМКЕНТ

Полиция қысымына Азаттықтың Оңтүстік Қазақстан облысындағы тілшісі Дилара Иса да ұшырады.

Азаттықтың Оңтүстік Қазақстан облысындағы тілшісі Дилара Иса.

Азаттықтың Оңтүстік Қазақстан облысындағы тілшісі Дилара Иса.

Оның Шымкент қаласындағы үйіне мамырдың 17-сі түнгі сағат 22:30 шамасында өздерін "Еңбекші аудандық учаскелік полиция инспекторларымыз" деп таныстырған екі адам келіп, ертең таңертең прокуратураға шақырылуы мүмкін екенін ескерткен.

Дилара Исаның айтуынша, "жоғарғы жақтан тапсырма алдық" деген полицейлер тілшінің қайда жұмыс істейтінін сұраған. Бірден жауап ала алмаған соң "Азаттық радиосында жұмыс істейсіз бе?" деген. "Басшылықтан түскен тапсырма бойынша келгенін" айтқан капитан шенді полиция офицері тілшіге таңертең прокуратураға баруы мүмкін екенін жеткізген. Не себепті прокуратураға шақырылғанын сұраған Дилара Исаға анық жауап берілмеген. Полицейлер таңертең тағы келетіндерін ескертіп, толық аты-жөндерін айтпаған күйі кетіп қалған. Бұл оқиғадан соң Шымкент қаласы Еңбекші аудандық ішкі істер бөлімінің өзін Айтбеков деп таныстырған кезекші қызметкері Азаттыққа тілшінің тұрғын-жайына ешқандай инспектор жіберілмегенін мәлімдеді. Алайда бүгін Дилара Иса сағат 15:00-ге Шымкенттің Еңбекші аудандық прокуратурасына шақырған жазбаша ресми шақырту алды.

Азаттықтың Оңтүстік Қазақстан облысындағы тілшісі Дилара Исаға берілген прокуратура шақыртуының фотокөшірмесі. Шымкент, 18 мамыр 2016 жыл.

Азаттықтың Оңтүстік Қазақстан облысындағы тілшісі Дилара Исаға берілген прокуратура шақыртуының фотокөшірмесі. Шымкент, 18 мамыр 2016 жыл.

Шымкенттегі «Темірқазық-ой» газетінің бас редакторы Анар Сүлеева да Азаттыққа прокуратураға шақыртылғанын хабарлады.

- Бүгін таңертең сағат 8:30 шамасында үйіме өзін "Еңбекші аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік полицейі" екенін айтып, аты-жөнін толық мәлімдеуден бас тартқан азамат келіп, Еңбекші аудандық прокуратурасы шақыртып жатқанын хабарлады. Өзімен бірге жүруді сұраған полицейден не мақсатта шақыртып жатқанын сұрағанымда «21 мамыр күні өтуі мүмкін жер туралы митингке байланысты» екенін жеткізді, - дейді Анар Сүлеева.

Анар Сүлееваның сөзінше, ол учаскелік полиция қызметкеріне прокуратурадан жазбаша шақырту хат келмейінше ешқайда да бармайтынын ескерткен.

Шымкент қаласы Еңбекші аудандық жергілікті полиция бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Бегалы Серікбай Азаттыққа бүгін таңертең Анар Сүлееваның үйіне учаскелік полиция қызметкерінің прокуратураның шақыртуын жеткізу үшін барғанын растады.

- Неліктен шақыртып жатқанын білмейміз. Біз міндетімізді атқарып жүрміз. Егер шақырту хат керек болса, жеткіземіз. Аудан бойынша прокуратура төрт адамды шақыру керек екенін айтты, - дейді Бегалы Серікбай.

Азаттық мамырдың 17-сі күні Қазақстанның әр аймағындағы белсенділер - Жанат Есентаев, Исатай Өтепов, Уәлихан Қайсаров, Махамбет Әбжан, Манас Әбдіманап, Гүлзада Исмұрзиева, Макс Боқаев, Ерлан Башақовтың полицияның түрлі қысымына ұшырап, кейбірінің үйіне тінту жасалғанын, кейбірі қамалғанын, енді бірі прокуратураға жауап беруге шақырылғанын жазған еді.

Халықаралық Freedom House Kazakhstan құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін 21 мамырда жер мәселесі бойынша митинг өткізуге ниет білдірген белсенділерді қудаламауға шақырып, оларға таққан барлық айыпты алып тастауға үндеді.

«Биліктің белсенділерді айыптауы және бейбіт жиын өткіздірмеуге күш салуы Қазақстан үкіметінің өзгеше ойлауға жол бермейтінін көрсетеді. Үкімет белсенділерді босатып, олардан барлық айыпты алып тастауы тиіс» деді Freedom House ұйымының төтенше жағдайда көмек көрсету және халықаралық бастама бойынша вице-президенті Роберт Херман.

Оқи отырыңыз: Митинг жайлы ақпараттан соң полиция қысымы күшейді

Наурыздың соңында ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев үкімет шілденің 1-інен бастап елде ауыл шаруашылығы жерлерін азаматтарға жеке меншікке аукцион арқылы сату және шетелдіктерге жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартуды жоспарлап отырғанын хабарлаған. Сәуірдің 24-інен бері Атырау, Ақтөбе, Семей, Қызылорда, Ақтау, Жаңаөзен, Алматы, Орал қалаларында жер туралы заңға енгізілген өзгерістерге қарсы ірілі-ұсақты наразылық акциялары өткен.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл оқиғалардан соң, 5 мамырда жер кодексіндегі жұртты наразы еткен өзгерістердің күшіне енуіне осы жылдың соңына дейін мораторий жариялап, жер реформасы бойынша комиссия құруды бұйырған.

Жер реформасы бойынша комиссияның алғашқы отырысы мамырдың 14-і күні өткен. Келесі отырысы мамырдың 21-і күні Астанада өтеді.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG