Accessibility links

Теміртауда алты жасар бүлдіршіндерді мектепке қуып, бала бақшадан орын босату амалы жүзеге аспай қалды


Теміртауда жергілікті шенеуніктер мен ата-аналар арасында жанжал өршіді Жақын күндері 6 жастағы балалардың барлығы бала бақшадан дереу мектепке- оқуға жөнелтілсін деген хабарландыру тарады. Мұндай шұғыл бұйрықты ата-аналардың наразылығының арқасында ғана жою мүмкін болды.

Ата-аналардың айтуларына қарағанда, балаларының құжаттарын бақшалардан алып, мектепке ауыстыруға өздерін бала бақша меңгерушілері мәжбүрлеген. Олардан баласын әлі де бала бақшада қалдырғысы келе ме, жоқ па оны ешкім сұрамаған.

-Қалалық білім беру бөлімі мен бала бақша әкімшілігі бізді бірден тығырыққа тіреді. Тіпті мектеп таңдауға уақыт болмай қалды, оны айтасыз, біздер дәрігерлік тексеруден өтіп те үлгермеген болар едік. Мұның сыртында 6 жастағы бала мектепке баруға психологиялық жағынан дайын да емес қой, мәселенің бұл жағын шенеуніктердің ешқайсысы да ойламаған болып тұр,- деп шағымданады ата-аналардың бірі.

Бұйрық берілген қарбаластың алғашқы күндерінде жүзден астам ата-ана бақшалардан балаларының құжаттарын алып, қолайлы мектептерді іздестіруге кіріскен. Ата-аналардың енді бір тобы болса, бірігіп топ құрып, тиісті инстанциялардың табалдырықтарын тоздыра бастаған. Көпішілігі прокуратура мен әкімшілікке арызданған.

Алты жасар балалардың барлығын мектепке ауыстыру жөніндегі бұйрықты кім берді және ол бұйрық қашаннан бастап күшіне ену керек деген мәселені айқындау мүмкін болмады. Теміртау қалалық білім беру бөлімінің бастығы Айдос Ахметов бұндай сөзді бірінші рет естіп тұрғанын айтып, алты жасқа толған балаларын мектепке апару турасында ата-ананы ешкім мәжбүрлеуі тиіс емес, таңдау құқы олардың өздерінде деп мәлімдеді.

Осылайша бір-біріне сілтеумен дұрыс жауап бергісі келмеген шенеуніктер ата-аналар митинг ұйымдастырып, наразылық шеруіне шығамыз деп ескерткеннен кейін ғана жөндеріне келіп, қалалық мәслихаттың хатшысы Анатолий Аркатов мәселенің мәнісін түсіндіріп бергендей болды:

-Білім беру бөлімі мен бала бақша меңгерушілері бұйрықты жеткілікті түсінбеген және оны ата-аналарға дұрыс жеткізбеген. Олар "артық қыламыз деп тыртық қып" бүлдіріп алған. Мен өз басым барлық ата-ананы "қаласаңыз балаларыңызды бақшадан қазір алмауға құқыларыңыз бар" деп сендіргім келеді, оған кепілдік беремін.

Теміртаулық ата-аналар шенеуніктер мен депутаттардың табалдырықтарын тоздырып болғанда ғана баланы бақшаға қайтаруға болатыны белгілі болды. Ол үшін ликвидациялық комиссияға арыз жазу керек екен. Ал сөз болып отырған бұған дейін шығарылған бұйрық өз күшіне тек келесі жылы ғана енуі тиіс көрінеді.

Онда осыншама шу мен жанжалдың неге қажет болғаны түсініксіз.

Ата-аналардың ойынша, шенеуніктер басқа топтарға орын босату үшін алты жасар бүлдіршіндерді тезірек мектептерге аттандырып жібермекші болған, бірақ ата-аналар мен жергілікті баспасөздің дабыл қағуының арқасында, ол ойлары жүзеге аспай қалған. Немесе шынында да білім беру бөлімінің мамандары бұйрықтың мағынасын шатастырып, дұрыс жеткізбеген.

Дегенмен де бұл мәселеге нүкте қоюға ертерек сияқты. Әзірге ата-аналардың балаларының бала бақшаға қайта алынатынына толық көздері жетпейді.

Ал облыстық білім департаменті бұл дау-дамай үшін кім жауап береді деген мәселені анықтау үшін арнайы комиссия құратын болды.
  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

XS
SM
MD
LG