Accessibility links

Жолдың құны мен сапасы үйлеспейді


Қазақстанның жол салу шығыны Батыс елдерімен қарайлас болғанымен, жолының сапасы оларға теңесе алмайды.

Қазақстан премьер-министрі Серік Ахметов маусымның соңында Бурабайда өткізген кеңесінде Астана қаласынан сол өңірге дейін тартылған автобанның тиісті инфрақұрылымдарын қамтамасыз ету жайын айтты.

Премьер бұған дейін Астана-Бурабай автобанының (31 мамырдан бері ақылы) бір шақырымын салуға (2006 жылғы есеп бойынша) 2-3 миллион доллар жұмсалғанын мәлімдеген еді. Серік Ахметов «жол салу жалпы қымбат екенін», Еуропаның кейбір елдерінде тіпті «1 шақырым жол салуға 8-10 миллион еуро (10-13 миллион доллар) жұмсалатынын» айтқан.

Премьер-министрдің жол салу құны жайлы сөзіне себеп болған - Қазақстан парламенті сенатының депутаты Ғани Қасымовтың есебі. Ол парламенттің біріккен отырысында "Шымкент пен Ташкент арасындағы тас жолдың әрбір шақырымын салуға 3,7 миллион АҚШ доллары жұмсалғанын" айтып, қымбаттығына наразы болған.

Азаттық әлемнің кейбір елдеріндегі 1 шақырым жол салу құнын салыстырып көрді.

1 шақырым жол салу құны


Шетелде жол салу құнына көпір, тоннель, жолайрық құрылыстары, жер жағдайы да әсер етеді. Мысалы, АҚШ көлік департаментінің дерегінше, Вирджиния штатындағы қарапайым жолдың 1 шақырымын салуға 1 миллион доллар жұмсалған. Ал Бостон қаласындағы көліктер жоғары жылдамдықпен жүретін, тоннельдері мен көпірлері көп "Үлкен Бостон тоннелі" (Big Dig) магистралының 1 шақырымына 106 миллион доллар кеткен.

Еуропадағы жол құрылысына көп ақша жұмсайтын елдердің бірі Швецияның жол салу бағасына жер ыңғайы (жолдың батпақты өңірлерден өтуі), жол күтімі (сапалы қызмет көрсету, дер кезінде жөндеу) де әсер етеді.

Дүниежүзілік экономикалық форумның «Әлемдегі бәсекеге қабілеттілік. 2012-2013» атты есебіне қарағанда, Қазақстан жолдарының сапасы жөнінен 144 елдің арасында 2,7 ұпаймен 117-орында тұр. Жол сапасы 1-7 ұпай аралығында бағаланған бұл есепте жол салу шығыны Қазақстандыкінен аз Франция 6,5 ұпаймен бірінші орынға шыққан.

Төмендегі кестеде Қазақстанның және жол салу шығыны онымен деңгейлес елдердің жол сапасы рейтингісіндегі орны көрсетілген.


Қазақстан көлік және комуникация министрлігінің дерегінше, елдегі автомобиль жолының жалпы ұзындығы – 97 мың 416 шақырым (оның 23 мың 484-і – республикалық, 73 мың 932 шақырымы – облыстық және аудандық деңгейдегі жол).

Дүниежүзілік банктің мәліметінше, Қазақстанда 1000 адамға 189 жеңіл көліктен келеді. Бірақ елде тек 2012 жылы ғана екі жарым мыңнан астам адам жол-көлік апатынан қаза тапқан.

(Мақала Дүниежүзілік банктің, Дүниежүзілік экономикалық форумның және басқа да ұйымдардың деректері негізінде жазылды).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG