Accessibility links

Қазақстанда жиын бостандығын шектеу күшеюі мүмкін


Аштық жариялаған борышкерлерді полиция алып бара жатыр. Астана, 27 мамыр 2013 жыл.
Аштық жариялаған борышкерлерді полиция алып бара жатыр. Астана, 27 мамыр 2013 жыл.

Human Rights Watch ұйымы Қазақстан билігін жаңа қылмыстық кодекс жобасында азаматтардың жиналу еркіндігіне құқығын толық сақтауға шақырады. Жоба заңсыз жиналыс өткізуге «көмектескендерді» де жауапқа тарту ұсынылған.

Өткен аптада Ақтөбедегі түрме алдында наразылық акциясын өткізген 26 адам жауапқа тартылды. Олардың 23-і 15 тәулікке қамалып, қалған үшеуіне 87 мың теңге шамасында (570 долларға жуық) айыппұл салынды. Бұл адамдар – Ақтөбедегі «алтыншы» түрмеде отырған тұтқындардың туыстары.

Қазанның аяғында парламентте таныстырылған жаңа қылмыстық кодекс жобасында «Жиналыстар, митингтер, пикеттер, көше шерулерін және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібін бұзу» деген бап бар. Онда «заңсыз жиналыс, митинг және т.б.» ұйымдастырушыларды ғана емес, сонымен бірге оларға көмектескен жандарды да жауапқа тарту қарастырылған.

«Көмектескендерді» 100 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) – 1 мың доллар шамасында айыппұл салып жазалау ұсынылған. Ал жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жағдайда айыппұл мөлшері үш есе артады. Бірақ «көмек көрсеткендерді» кім және қалай анықтайтыны жұмбақ.

ҚАМАУ МЕН АЙЫППҰЛ

Жоба авторы - бас прокуратура «жаңа қылмыстық кодекс заң талаптарының іс жүзінде үйлесімді орындалуын қамтамасыз етеді» деп мәлімдеді.

Жаңаөзен оқиғасының жүз күндігіне орай өткен қарсылық акциясында "Митингтер өткізуге қашан рұқсат беріледі?" деген жазу ұстап тұрған адам. Орал, 24 наурыз 2012 жыл.
Жаңаөзен оқиғасының жүз күндігіне орай өткен қарсылық акциясында "Митингтер өткізуге қашан рұқсат беріледі?" деген жазу ұстап тұрған адам. Орал, 24 наурыз 2012 жыл.
Әзірше бұл – уәде ғана. Ал қазір адамдарды билік рұқсат етпеген наразылық акцияларына қатысқаны үшін Ақтөбе түрмесіндегі тұтқындардың туыстары сияқты қатаң жазалауы мүмкін.

«Сотталғандарды аяусыз ұрып-соғып жатыр» деген суыт хабарға алаңдаған олар төрт күн бойы колония ғимаратының алдына жиналды. Жиналғандар аман-есен екеніне көз жеткізу үшін түрмедегі туыстарын көрсетуді талап етті.

Оларға айыптау үкімін шығарған Ақтөбе облыстық соты «жиналғандар билік өкілдерінің талабына қасақана бағынбай, қарсылық көрсетті» деген ұйғарым жасады.

Құқық қорғаушы Андрей Гришин «сот әділ шешім шығарған жоқ» деп есептейді.

– Заң талабын алалап қолдану (қазір жиілеп кетті) тұрғысынан алғанда, Ақтөбедегі жағдайда азаматтардың жиналу еркіндігі шектелген деп айтуға болады. Мысалы, Алматыдағы барахолканың өртенген базарларының саудагерлері жолды жауып тастағанда, олардың әрекеттеріне қатысты еш шара қолданылмады. Ал тұтқындардың туыстарына заңды барынша қатал қолданды, - дейді құқық қорғаушы Азаттық тілшісіне.

«Қазақстанда жиналу еркіндігіне қатысты ахуал соңғы жылдары нашарлап барады» деген пікірді азаматтық белсенді Мұхтар Тайжан да қостайды.

Азаматтық белсенді Мұхтар Тайжан.
Азаматтық белсенді Мұхтар Тайжан.
Қыркүйек айының аяғында Мұхтар Тайжан мен тағы бір азаматтық белсенді Ермек Нарымбаев «Алматы ортасында заңсыз жиналыс ұйымдастырып, оған қатысты» деп айыпталып, әкімшілік жазаға тартылды. Екеуіне 87 мың теңгеге жуық айыппұл салынды.

Қыркүйектің 30-ы күні олар Ресейдің Алматыдағы консулдығына Байқоңыр космодромынан Ресейдің «Протон-М» зымыранын ұшыруға қарсы петиция тапсырған. Белсенділердің «жиналыс ұйымдастырып, оған қатысқан жоқпыз» деген уәжін сот елемеді.

Мұхтар Тайжан Азаттық тілшісіне «Билік жазаны алалап қолданады. Билікшіл белсенділердің акциялары заңсыз саналмайды, ал тәуелсіз азаматтық белсенділердің акциясы заңсыз деп танылады» дейді. Оның айтуынша, мысалы, бейбіт жолмен петиция тапсыру әрекеті үшін үлкен айыппұл салып жазалау сияқты «қылмысына қарай жазасы» принципін бұзуға жиі жол беріледі.

Осы тақырыпта: Наразыларды әкімшілік жазаға тарту жиіледі

HUMAN RIGHTS WATCH ҮНДЕУІ

Қазақстан билігі жаңа қылмыстық кодекс әзірлеуіне байланысты Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша директоры Хью Уильямсон Қазақстанның бас прокурорына хат жолдады. Ұйым жетекшісі хатта «қылмыстық кодекс жобасының кейбір баптарына, атап айтқанда, азаматтардың жиналу еркіндігіне байланысты кейбір қауіптері мен ұсыныстарымен» бөліскен.

Қарсылық акциясына шыққан белсендіні полиция ұстап, әкетіп барады. Алматы, 25 ақпан 2012 жыл.
Қарсылық акциясына шыққан белсендіні полиция ұстап, әкетіп барады. Алматы, 25 ақпан 2012 жыл.
Хью Уильямсон «Қылмыстық кодекс 2011 жылдың желтоқсанында Жаңаөзенде полиция мен азаматтық тұлғалардың арасындағы қақтығысынан кейін Қазақстанда пікір білдіру, жиналыс, діни сенім еркіндігі және бірлестік құру еркіндігін бұзу оқиғалары жиілеп кеткен тұста қайта қаралып жатыр» деп жазады.

Уильямсонның пікірінше, Қазақстан билігі Жаңаөзен оқиғасынан кейін билікті ашық сынағандарды түрмеге қамап, «экстремистік» деген мәлімдемемен тәуелсіз және оппозициялық газеттерді жапқан.

Human Rights Watch ұйымының басшысы Қазақстанда азаматтардың жиналу еркіндігі өрескел шектелген деп есептейді. Ол «тіпті бір адам пикет өткізу үшін жергілікті биліктен рұқсат алуы тиіс» дейді.

Оның айтуынша, жобадағы ұсыныстар қабылданса, пікірін бейбіт түрдегі жария наразылық шарасы арқылы білдіргісі келген тұлғаларды айыбына сәйкес емес және қисынсыз қатаң қылмыстық жазаға тарту әрекеттері жалғаса бермек.

Хью Уильямсон Қазақстан бас прокурорына «Егер қылмыстық кодекс жобасының көптеген баптары, оның ішінде адамдардың жиналу еркіндігіне қатысты ережелер осы қалпында қабылданса, Қазақстанның адам құқығы саласында алған халықаралық міндеттемелері бұзылады, азаматтардың өз ойын еркін білдіру мен жиналу құқықтарына қатысты жалпы ахуалға жағымсыз әсер етеді» деп жазады.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG