Accessibility links

Халықаралық ұйым есебі бойынша Қазақстанда 44 мың адам құлдыққа салынған. Жергілікті сарапшы елде адам саудасы фактілерінің басым бөлігі жасырын күйі қалатынын айтады.

Осы аптада жарық көрген Walk Free Foundation құқық қорғау ұйымының есебінде бұрынғы совет елдерінде бір миллионнан астам адамның құлдықта екені баяндалған. ТМД елдері арасында ең нашар жағдай Түркіменстан, Өзбекстан және Әзірбайжанда. Ал Қазақстан адам саудасы азырақ кездесетін Беларусь пен Украинадан кейін қалып тұр.

Азаттық тілшісі Қазақстандағы адам саудасымен күрес жөніндегі «Халықаралық құқықтық бастама» қоғамдық қорының президенті Айна Шорманбаевамен сұхбаттасқан еді.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚҰЛДЫҚ ТҮРЛЕРІ

Азаттық: - Walk Free Foundation дерегі бойынша, әлем бойынша шамамен 30 миллион құлдықта өмір сүреді екен. Есеп авторлары «қазіргі заманғы құлдық» ұғымына тек еңбек және жыныстық құлдық түрлерін ғана емес, сонымен бірге «қарыздан туындаған тәуелділікті» де кіргізіп отыр. Сіз мұнымен келісесіз бе? Жалпы «қазіргі заманғы құлдық» ұғымын қалай сипаттар едіңіз?
Айна Шорманбаева, Қазақстандағы адам саудасымен күресуші «Халықаралық құқықтық бастама» қоғамдық қорының президенті. Астана, 19 қыркүйек 2013 жыл

Айна Шорманбаева, Қазақстандағы адам саудасымен күресуші «Халықаралық құқықтық бастама» қоғамдық қорының президенті. Астана, 19 қыркүйек 2013 жыл


Айна Шорманбаева: - «Қазіргі заманғы құлдық» ұғымына жыныстық қанау, яғни жезөкшелікке тарту, адам еңбегін қанау, балаларды сату, оның ішінде балаларды асырап алушыларға заңсыз сату, мәжбүрлі түрде қайыр сұрату сияқты әрекеттер кіреді. Сіз сұрап отырған «қарыздан туындаған тәуелділік» Оңтүстік Азия елдерінде кездеседі. Онда ата-аналардың қарыздан құтылуы үшін өз балаларын кепілдікке беру, я сату фактілері ұшырасады. Бұл да қарызға байланысты туындаған құлдық түрі. Сол сияқты мәжбүрлеп үйлендіру де адам саудасына жатады. Егер әйел адам өз еркімен тұрмысқа шықпаса және оны үй жұмысшысы ретінде ұстау мақсатында ұзатса, бұл, әрине, құлдыққа жатады.

Азаттық: - Қазақстанда қандай құлдық түрлері кездеседі? Оның себептері қандай?

Айна Шорманбаева: - Қазақстанда жыныстық қанау мен адам еңбегін қанау жиі кездеседі. Соңғы кезде балаларды сату да көбейіп кетті. Мәжбүрлі түрде қайыр сұратуды әр қаладан да көре аласыз. Бұған жұмыссыздық, әлеуметтік жағдайдың нашарлығы себеп болады. Қазір Қазақстанның өз ішінде ішкі адам саудасы да көбейген.
Құлдыққа түскендердің айтуынша, адам саудасымен айналысатындардың ақшасы көп, олар бәрін сатып алады, адвокат жалдауға шамасы бар болғандықтан оңай құтылып та кетеді.

Азаттық: - Сіз мұны қандай да бір зерттеулерге сүйеніп айтып отырсыз ба?

Айна Шорманбаева: - Иә, біз 2010-2012 жылдар арасында Қазақстанның алты қаласында адам саудасына түскен құрбандар жөнінде зерттеу жасағанбыз. Сол кезде сауалнама арқылы құлдыққа түскен 104 адамды анықтадық. Олардың басым бөлігі еңбек қанауына түскен. 14-і - балалар, қалғаны – ересектер. Ерлер мен әйелдердің ара салмағы бірдей. Онда тіпті 70 жастағы қарттар да кездесті.

Азаттық: - Олар қазір еркіндікте шығар? Құқық қорғау органдарына бұл адамдар туралы хабарланды ма?

Айна Шорманбаева: - Біз тек олардың келісімі бойынша ғана полицияға хабарладық. Алайда олардың көпшілігі, өкінішке қарай, өздерінің жайын полицияға білдіргісі келген жоқ. Өйткені полицияға сенбейді. Олардың айтуынша, адам саудасымен айналысатындардың ақшасы көп, олар бәрін сатып алады, адвокат жалдауға шамасы бар болғандықтан оңай құтылып та кетеді. Олар әділдіктің барына сенбейді. Сондықтан жабулы қазан жабулы күйде қалды.

Қазақстан үшін ең ірі проблемалардың бірі - адам саудасының құрбандарын анықтау. Қылмыстық кодексте адам саудасына байланысты бірнеше бап бар. Ресми дерек осы баптар бойынша қозғалған қылмыстық істердің санын ғана көрсетеді. Министрліктің мәліметі бойынша, жылына 200-ге жуық адам саудасына байланысты қылмыстық іс қозғалады. Бұл айсбергтің көрініп тұрған төбесі ғана. Ал құлдық құрбандарының тек бірнеше пайызы ғана полицияға жүгінеді. Сондықтан өкінішке қарай, құлдық жөнінде Қазақстандағы толық жағдайды білмей отырмыз. Бұған қатысты ешкім де зерттеу жасамайды. Менің ойымша, ең басты мәселе – осы. Дұрыс тергеу жүргізілсе, адам саудасымен айналысатындар ісі сотқа жеткізіліп, тиісті жазасын алса, сонда жағдай түзелуі мүмкін.

ҚОСЫМША ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Қазақстанда адам сатып, құл ұстайтындар көбейді

«БІРЛЕСІП КҮРЕСУ ҚАЖЕТ»

Азаттық: - Көп жағдайда қандай әлеуметтік топ өкілдері құлдыққа салынады?

Айна Шорманбаева: - Ең бірінші, әрине, әлеуметтік жағдайы нашарлар, жұмыссыздар, баспанасыздар, құжаты жоқ адамдар. Өйткені олар тәуелді, құжаты жоқ болса ешқайда бара алмайды. Заңды түрде жұмысқа орналса алмайды. Бұған қоса, жағдайы нашар болмаса да, психологиялық тұрғыда күйзеліске түскен адамдардың айналасында адам саудасымен айналысушылар жүрсе, олар бұл мүмкіндікті пайдаланады.
Қазақстанда адам саудасына байланысты жылына 200-ге жуық қылмыстық іс қозғалады. Бұл айсбергтің көрініп тұрған төбесі ғана.

Азаттық: - Елде құлдық құрбандарына көмектесетін дағдарыс орталықтары жеткілікті ме?

Айна Шорманбаева: - Қазақстанда құлдық құрбандарына көмектесетін төрт орталық бар. Олардың көбі халықаралық донорлардың қаржысына жұмыс істейді. Астанадағы бір орталық жартылай мемлекет қаржысымен жұмыс істейді. Бұдан бөлек, ірі қалаларда үкіметтік емес ұйымдар бар. Егер олар адамды құлдық құрбаны ретінде мойындаса, көмектеседі. Біздің қор да елшілікпен және туыстарымен хабарласу жағынан жәрдем етеміз, психологиялық көмек береміз.

Азаттық: - Құлдықты жою үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

Айна Шорманбаева: - Біз Қазақстанда өзге ТМД елдерімен салыстырғанда құлдық азырақ екен деп мақтана алмаймыз. Шын мәнінде құлдық мүлдем болмауы керек. Әр адамның тағдыры өзі үшін қымбат. Мемлекет әр адам үшін күресу керек. Соңғы кезде Қазақстан үкіметі бірқатар заңдар қабылдады. Бірақ олардың орындалуы ақсап тұр. Құлдықпен күрестің ең жеңіл түрі – телеарналар арқылы әлеуметтік жарнама, роликтер шығару. Қазір неше түрлі адам саудасы туралы фильмдер бар. Бірақ олар ағылшын, орыс тілдерінде ғана, қазақ тілінде жоқ. Елдің ішінде адам саудасының не екені туралы ақпарат болуы керек. Құлдықпен жеке адамдардың және мемлекеттік органдардың деңгейінде қатар күресуіміз керек.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рахмет!
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG