Accessibility links

Интернетті шектеу шенеунікті еңбекқор ете ме?


Интернет қарап отырған жігіт пен қыз. Алматы, 2 мамыр 2012 жыл. Көрнекі сурет

Интернет қарап отырған жігіт пен қыз. Алматы, 2 мамыр 2012 жыл. Көрнекі сурет

Үкімет қаулысына сәйкес мемлекеттік қызметкерлер бастықтары рұқсат еткен сайттарға ғана кіре алады. Қаулыны мемлекеттік орындардың 60 пайызы орындап отыр.

Алматы қаласының тұрғыны 28 жастағы Дидар Әлімхан (аты өзгертілген – ред.) қалалық әкімшілікте сарапшы ретінде қызмет атқарады. Оның сөзінше, мемлекеттік қызметкерлердің кеңседе еркін интернет қарауына шектеулер қойыла бастаған.

- Әкімшілікте бірнеше жылдан бері ресейлік және қазақстандық оппозициялық сайттарға шектеу бар. Бірақ әлеуметтік желілер ашық. Әзірше оларды қызметкерлер еркін қолданады,- дейді ол.

Жас мемлекеттік қызметкер әрбір адамның ақпарат алу құқығы шектелмеуі керек деп санайды. Ол ақпараттық сайттардың шектелуіне қарсы.

- Жалпы қазақстандық сайт-порталдарды шектеу ақылға сыйымсыз нәрсе деп ойлаймын. Онсыз да мемлекеттік қызметкерлерге шектеу аз емес, - дейді Дидар Әлімхан.

«ОРТАҚ ШЫҒУ НҮКТЕСІ»

2013 жылдың наурыз айынан бастап елде мемлекеттік органдардағы интернетті шектейтін Ақпараттық қауіпсіздік туралы үкімет қаулысы күшіне енді. Бұл қаулыға сәйкес, мемлекеттік қызметкерлер енді бастықтары рұқсат еткен сайттарға ғана кіре алады.

- Әрбір мемлекеттік органның жетекшісі шектелуі тиіс интернет-ресурстарды өзі анықтайды. Бұл тізім интернетке ортақ шығу нүктесін (единая точка выхода – ред.) қадағалайтын қызметке тапсырылады. Ол жерде сол саясатты жүзеге асырады. Мысалы, министріміз қызметкерлердің ойын-сауық сайттарын қарауын мақұл көрмесе, сәйкесінше, онлайн-ойындар орналасқан сайттар құлыпталады, - дейді көлік және коммуникация министрлігі байланыс саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Виталий Ярошенко Азаттық тілшісіне.
Мұндай шектеу мемлекеттің ақшасын тиімді жұмсау және интернет қауіпсіздігі үшін жасалып отыр.

Министрлік өкілінің айтуынша, мұндай шектеу мемлекеттің ақшасын тиімді жұмсау және интернет қауіпсіздігі үшін жасалып отыр. Оның сөзінше, қазір мемлекеттік органдардың 60-70 пайызы осы қаулы талаптарын орындап отыр.

- Қаулыға сәйкес, әрбір мемлекеттік органда бір-бірінен бөлек екі тәуелсіз желі болуы тиіс. Біреуі – мемлекеттік органдардың өзара дерек алмасатын ішкі желі. Екіншісі – әрбір мемлекеттік орган өз бетімен құрған жергілікті желі (локальная сеть – ред.). Оған ортақ шығу нүктесі арқылы интернет беріледі, - дейді Виталий Ярошенко.

«ЫНТАСЫЗ ШЕНЕУНІК БӘРІБІР ЖҰМЫС ІСТЕМЕЙДІ»

Мемлекеттік мекемелерде интернетке шығу жолдарын бұлайша шектеу мәселесіне байланысты саясаткерлер мен мамандар әрилы көзқараста. Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов Азаттыққа мемлекеттің «интернетті тиімді қолдану саясатын» қолдайтынын айтады.

МҰНЫ ДА ОҚЫП КӨРІҢІЗ: ШЕНЕУНІКТЕРДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІГЕ КІРУІ ШЕКТЕЛМЕК

- Айталық, бір қызметкер интернеттен кино көруі мүмкін. Меніңше, оны шектеген дұрыс деп есептеймін. Өз басым әлеуметтік желіні көп пайдаланам. Бірақ жұмыс мақсатында. Себебі сол арқылы адамдармен көп байланыс жасаймын, - дейді ол.

Қыркүйектің 19-ы күні Алматыда өткен интернеттегі жаңа медиа нарығының дамуы туралы Kazakhstan Onlike 2013 медиафорумына қатысушылардың бірі ресейлік News Media компаниясының атқарушы директоры Ашот Габрелянов мемлекеттік мекемелерде интернетті шектеу тәсілін «мәнсіз шара» деп есептейді.
Егер адам интернетке кіргісі келсе, оған телефон, смартфон, планшет, iPad арқылы кіре береді. Бұл – жұмыс беруші тарапынан жасалынған ақымақтық.

- Егер мемлекет мұны қызметкерлердің жұмыс істеу тиімділігін арттыру үшін жасап отырған болса, онда бұл – мағынасыз әрекет. Өйткені егер адам интернетке кіргісі келсе, оған телефон, смартфон, планшет, iPad арқылы кіре береді. Бұл – жұмыс беруші тарапынан жасалынған ақымақтық, - дейді ол.
Жамбыл облысы, Мойынқұм аудандық әкімі аппаратының маманы Нұрзия Атаева өзі істейтін мекемеде интернетке әзірше ешқандай шектеу қойылмағанын айтады.

- Меніңше, шектеу дұрыс емес сияқты. Егер қызметкердің жұмысқа ынтасы болмаса, алдында интернет тұрсын-тұрмасын жұмыс істемей отыра береді. Мысалы, бізде бір минут уақыт жоқ. Әлеуметтік желілерге кіруге мүмкіндік болса да, бәрін ысырып қоясың да, жұмысты жанталасып бітіруге тырысасың, - дейді ол.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметі бойынша Қазақстанда kz доменімен тіркелген сайттардың саны 95 мыңнан асады. Ал 205 қағаз басылым интернетке көшкен.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG