Accessibility links

Шенеуніктердің әлеуметтік желілерге кіруі шектелмек


Қазақстан - Интернет пайдаланушылар. Алматы, наурыз, 2009. Көрнекі сурет

Қазақстан - Интернет пайдаланушылар. Алматы, наурыз, 2009. Көрнекі сурет

Бұған байланысты қазір Қазақстанның көлік және коммуникация министрлігі арнайы регламент әзірлеп жатыр деп хабарлайды жергілікті агенттік. Кейбір шенеуніктер бұл мемлекеттік органдарда істейтін қызметкерлердің уақытын үнемдегенмен ақпараттық қауіпсіздікке кепіл бола алмайды дейді.

Көлік және коммуникация министрлігіндегі белгісіз ақпарат көзіне сүйенген Tengrinews.kz сайтының хабарлауынша, бұл шектеулер маңызды қызметтік ақпараттар интернетте таралып кетпес үшін қойылып жатыр. Ақпарат көзі мемлекеттік қызметкерлердің күмәнді сайттар мен әлеуметтік желілерге кіретіндігін атап өткен.

Ақпарат құралы министрлік өкілінің: «Мемлекеттік қызметкерлер интернетті жұмыс уақытында жеке мақсатта (жеке хаттар, таныстыру сайттары мен әлеуметтік желілерді қолдану) қолданбас үшін және осыған байланысты жұмыс сапасы нашарлап кетпес үшін нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және Қазақстан республикасындағы мемлекеттік органдардың интернетке ортақ шлюз арқылы шығу жұмыстарының регламентациясы бойынша жұмыстар жүріп жатыр» деген сөздерін келтіреді.
Мемлекеттік органдардың ақпараттық инфра-құрылымының қауіпсіздігіне кері әсер ететін ақпараттық ресурстарға шектеу қою мен бақылау жоспарланған.
Агенттіктің хабарлауынша, министрлік өкілі «мемлекеттік органдардың ақпараттық инфрақұрылымының қауіпсіздігіне кері әсер ететін ақпараттық ресурстарға шектеу қою мен бақылау жоспарланғанын» айтқан. «Алайда тыйым салынған сайттар тізімі болмайды» депті.

«Әрбір мемлекеттік органның жетекшісі интернетке кіру мөлшерін өзі белгілейді. Бұл қызметкердің міндеті мен оның интернетке кіру қажеттілігіне байланысты анықталады» деген министрлік өкілі агентікке.

ШЕНЕУНІКТЕРДІҢ РЕАКЦИЯСЫ

Алматы қаласы әкімшілігіндегі жастар саясаты жөніндегі басқарма төрағасы Санжар Боқаевтың ойынша, «бұл шектеулер мемлекеттік қызметкерлердің уақытын үнемдеуге көмектескенмен ақпараттық қауіпсіздікті сақтауға еш кепіл бола алмайды».

- Осылайша шектеу арқылы мемлекеттік маңызды құжаттарды қорғай алмаймыз. Кез-келген қызметкер бұл ақпаратты флешкаға немесе басқа ақпарат тасығыштарға сала алады. Бұл шара бірде-бір мемлекеттік органның ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайды, - дейді Санжар Боқаев.
Шектеу арқылы мемлекеттік маңызды құжаттарды қорғай алмаймыз. Кез-келген қызметкер бұл ақпаратты флешкаға немесе басқа ақпарат тасығыштарға сала алады. Бұл шара бірде-бір мемлекеттік органның ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайды.
Оның айтуынша, бұл шараның орнына «мемлекеттік маңызды құпияны жариялағаны үшін қолданылатын жазаны қатайтқан жөн немесе мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігін, моральдық-рухани дүниетанымын кеңейту жұмыстарын жүргізу керек».

Санжар Боқаев сонымен бірге мемлекеттік қызметкердің көпшілігінде уақыт болмайтынын да айтып өтті.

- Бізде мемлекеттік қызметкерлер қол қусырып отырады деп есептейді. Көп жағдайда бұл олай емес. Көптеген қызметкерлердің уақыты жоқ. Олар күні-түні жұмыста отырып, құжаттармен айналысады. Тіпті кей-кезде электронды жәшікке кіріп, тексеруге де уақыт таба алмай қаласың. Десе де, әлеуметтік желілерде сағаттап отыратын қызметкерлер де бар, - деді ол.

Жас шенеунік бұған байланысты арнайы зерттеу жүргізіп, әрбір қызметкердің интернетке кіру мүмкіндігі соған байланысты анықталуы тиіс екенін айтты.
Алматы қалалық әкімшілігінің ішкі саясат басқармасының бастығы Бақтияр Мәкен де «мұндай шектеулер қоймас бұрын әрбір қызметкердің интернетке сұранысын көрсететін арнайы зерттеу болуы керек» деп есептейді.

- Интернет мемлекеттік органдарға керек. Оған тыйым салуға болмайды. Шектеуді тек мемлекеттік құпия құжаттарға ие адамдарға қоюға болады, - дейді ол.
Ол сөз арасында жұмыс орнында ешбір интернет-ресурсқа шектеу қойылмағанын айта кетті.

МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР КЕРІСІНШЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІГЕ ЖАҚЫНДАУЫ ТИІС

Ал құқық қорғаушы Андрей Гришин мұндай құжаттардың «ақылға қонымсыз» екенін айтады.

- Коммерциялық ұйымдар болсын, мемлекеттік құрылымдар болсын - олар өз қызметкерлерінің қандай интернет-ресурстарға кіріп отыратынын бақылай алады. Соған мүмкіндіктері де бар. Олар белгілі бір шлюздер қоя алады. Мұны белгілі бір ұйымдардың өз ішінде бақылап отыруға болады. Ал оны заңнамалық тұрғыда бақылаудың еш мәні жоқ. Бұл «теріс ақпаратқа тыйым салам» деушілерге де көмек бола алмайды. Себебі мемлекеттік қызметкерлердің көбінің үйінде интернеті бар. Олар сонда сол сайттарға еркін кіріп-шыға алады, - деді Гришин.
Андрей Гришин, құқық қорғаушы. Алматы, 3 тамыз 2010 жыл.

Андрей Гришин, құқық қорғаушы. Алматы, 3 тамыз 2010 жыл.


Бұл шектеу туралы tengrinews.kz сайтына комментарий берген Мәжіліс депутаты Мұрат Әбен мұндай шектеуді тек мемлекеттік құпия ақпарат сақталатын компьютерлерге ғана салу керек деп санайды. Оның ойынша, интернетке шектеу қою жақсылықтың нышаны емес, мемлекеттік органдар керісінше халыққа жақын болуы үшін интернеттегі желілерге жақын болуы тиіс.

Өткен аптада «Мегаполис» газетінде ІТ (интернет технологиялары – ред.) саласының маманы Виталий Пашкевич мұндай әрекет қаржы үнемдеу мақсатында жасалып отыруы мүмкін деген болжам айтқан еді.

«Өте қымбат құрылғы керек, лицензиясы бар бағдарлама керек, бөтен адамдар кірмес үшін жеке желілік экран керек. Бірақ элекронды құжаттардың қауіпсіздігімен айналысатын фирмалар да бар. Бәлкім, қымбат құрылғы алып, бағдарламаларды қорғаумен айналыспас үшін мемлекеттік қызметкерлердің интернетіне шектеу қою оңайырақ көрінген болар» деген интернет маманы.

Осы мәселеге қатысты сәуірдің 19-ы күні көлік және коммуникация министрлігіне хабарласқанымызда баспасөз қызметінің өкілі Әсел Егізбаева ресми сауал жолдауымызды өтініп, үш күннің ішінде жауап беретінін айтты.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG