Accessibility links

«Канадада жүріп те қазақ тілін үйренуге талпынатындар бар»


Ержан Нұрхасен, Канадада тұратын қазақ. Сурет оның Facebook парақшасынан алынды.

Ержан Нұрхасен, Канадада тұратын қазақ. Сурет оның Facebook парақшасынан алынды.

Азаттыққа сұхбат берген Канада қазағы Қазақстаннан көшіп адамдардың өз мәдениетін сақтауға тырысатынын айтады. Канадада жүздеген қазақ отбасы тұрады.

Ержан Нұрхасен – Канаданың Виннипег қаласының тұрғыны.

2007 жылы Алматы облысынан қоныс аударған ол жергілікті компаниялардың бірінде сапа инспекторы болып қызмет істейді.

Ержан Азаттыққа өзі тұрып жатқан елдің және сонда тұратын қазақтардың мәдениеті мен оларды қазір не толғандыратыны туралы әңгімелеп берген еді.

Ержан Нұрхасеннің Азаттық тілшісі Нұртай Лаханұлына берген skype-сұхбаты:

Азаттық: – Канадаға қоныс аударуыңызға не себеп болды?

Ержан Нұрхасен: – Өмір бір-ақ рет беріледі. Басқа мемлекеттерде тұрып, елді, жерді көрейін деген ой болды. Оған қоса бұл жақта жұмыс та көп.

Азаттық: – Жергілікті халықтың өмір сүру стилінің Қазақстанмен салыстырғанда айырмашылғы бар ме екен, бар болса, қаншалықты?

Ержан Нұрхасен: – Шынымды айтсам, мұнда демократия талаптары үстем деуге болады. Адамға жағымды жақтары көп. Өте қауіпсіз мемлекет. Тұрғындары да өте сыпайы. Сосын мені бір таңқалдырғаны жергілікті тұрғындар сырттан қоныс аударып келген өзге ұлт өкілдерінің ұлттық үрдістерін сақтауын қолдап, жігерлендіріп отырады. Мысалы, мәдениет фестивалі, күзгі жүгері-алма фестивалі секілді жылына төрт мәрте әртүрлі мәдени байқаулар болып тұрады. Сол кезде әр ұлттың өкілдері бес отбасыдан асса, оларға арнайы орын бөліп,ұлттық мәдениеттерін, ұлттық тағамдарын, ұлттық бұйымдары мен киімдерін көрсетуге, слайд-шоу жасауға мүмкіндік тудырады. Әр ұлт өзі көшіп келген мемлекетінің де туын іліп қоя алады.

Азаттық: – Яғни «өзге елден қоныс аударған адамның жергілікті тұрғындармен бірден сіңісіп кетуіне қолайлы ел» дейсіз ғой?

Ержан Нұрхасен: – Солай. Мысалы, бұл жерде ежелден тұратын қазақтар өте аз. Соғыс жылдарында тұтқынға түсіп, осында көшіп кейін қалып қойған бірен-саран адамдардың ұрпақтары бар. Бірақ олар қазақ тілін білмейді. Ал қазақтардың басым көпшілігі өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап келгендер.

Азаттық: – Канадада қанша қазақ тұрады? Олардың бірі бірімен қарым -қатынасы қалай?

Ержан Нұрқасеннің Facebook парақшасынан алынған суреті.

Ержан Нұрқасеннің Facebook парақшасынан алынған суреті.

Ержан Нұрхасен: – Мен тұрған жер орталық провинция болып есептелінеді. Бұл жерде жұмыс істеуге жеткілікті мүмкіндік жасалған және мұнда көшіп келушілер де көп. Сондықтан дәл қазір нақты қанша екенін айта алмаймын. Бірақ бұған дейінгі шамалауымыз бойынша қазақтардың ең көп шоғырланған жері Торонто болып есептелінетін. Онда 100 шамалы отбасы тұрады. Одан кейінгі орында Ванкувер тұр. Ванкуверде 70 шамалы отбасы тұрады. Торонтодағы қазақтар наурыз мерекесін тойлап тұрады. Өздері жеке қауымдастық ретінде тіркеліп алған. Жалпы, Канададағы қазақтар бір-бірімен өте жақсы араласып тұрады. Тағы бір назар аударатын мәселе Қазақстаннан Канадаға қоныс аударғандардың басым бөлігі орыстілді болып келеді.

Азаттық: – Қазақтар шоғырланып қоныстанған елдердің кейбірінде қазақтілді жексенбілік мектептер жұмыс жасайды. Сіздерде ондай мүмкіндіктер бар ма?

Ержан Нұрхасен: – Орыстілділерге жергілікті тұрғындар «Өз тіліңде неге сөйлемейсің? Сенде тіл жоқ па?» деп күледі. Соған намыстанған көп қазақтар қазір балаларына мұғалім тауып оқытып, қазақша білетін отбасылармен араласып әрекет жасап, осында келіп қазақ болуға ұмтылып жатыр. Ал мектеп ашуға мүмкіндігіміз болмай жатыр. Ал мұндағы мектептер негізінен ағылшын және француз тілін оқытады.

Азаттық: – Бірер күн бұрын Америкада кәсіпқой бокстан қазақстандық Геннадий Головкин мен канадалық Давид Лемьенің арасында жекпе-жек болды. Шыныңызды айтыңызшы, кімге жанкүйер болдыңыз?

Головкин-Лемье жекпе-жегінен кейін әлеуметтік желіге кірсем, Канадада тұратын қазақтардың бәрі Головкиннің жеңісімен бір-бірін құттықтап жатыр екен. Әйтеуір, қайда жүрсек те қанымыз Қазақстан деп соғып тұрады ғой.

Ержан Нұрхасен: – Біз Головкинге жанкүйер болдық. Головкин-Лемье жекпе-жегінен кейін әлеуметтік желіге кірсем, Канадада тұратын қазақтардың бәрі Головкиннің жеңісімен бір-бірін құттықтап жатыр екен. Әйтеуір, қайда жүрсек те қанымыз Қазақстан деп соғып тұрады ғой.

Азаттық: – Қазақстанға қайта оралу ойыңыз жоқ па? «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейтіндер де бар ғой...

Ержан Нұрхасен: – Қартайғанда болмаса әзірге ондай ой жоқ. Тек бес жылдан кейін Қазақстанда немесе Қазақстанмен шекаралас елдердің бірінен жеке ісімді ашсам, сол арқылы елге жиі барып-келіп тұрсам деген жоспар бар.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG