Accessibility links

Олимпиаданың екінші алтынын Қазақстан ұтты


Велоспортшы Александр Винокуровтың Лондон-2012 жазғы олимпиадасында мәреге жеткен сәтінен көрініс. 28 шілде 2012.

Велоспортшы Александр Винокуровтың Лондон-2012 жазғы олимпиадасында мәреге жеткен сәтінен көрініс. 28 шілде 2012.

Қазақстан Лондон олимпиадасында алғашқы алтынға ие болды. 38 жастағы велоспортшы Александр Винокуров 250 шақырымдық топтық жарыста жеңімпаз атанды.

Лондон қаласында ХХХ жазғы олимпиадада топтық веложарыста күміс жүлдені колумбиялық Ригоберто Уран, қола жүлдені норвегиялық Александер Кристофф алды.

38 жасар спортшы жарысты сәтсіз бастаған. Алдыңғы 30 шақырымды 73 орында аяқтаған еді. Ал одан кейін жылдамдық қосып, мәреге жақындар тұста негізгі пелатоннан суырылып шықты. Және соңғы сәтке дейін ешкімге жеткізген жоқ.

Александр Винокуров мәреге 7 шақырым қалғанда, Ригоберто Ураннан озып шықты. 250 шақырымдық қашықтықты ол 5 сағат 45 минут 57 секундта жүріп өтті.

Қазақстандық Асан Базаев 41-ші орыннан көрінді.

Бұл – "Виноның" олимпиадада иеленген алғашқы алтыны. Ол алғаш рет халықаралық жарысқа 1997 жылы қатысты. 2000 жылы Сидней олимпиадасында күміс жүлдеге ие болды.

Винокуров 2004 және 2006 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2006 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері, Әлемдегі 20 кезеңнен тұратын «Вуэльта» көпкүндігінің жеңімпазы (2006 жыл), «Тур де Франс» көпкүндігінің үшінші орын иегері (2007 жыл) болған.
Велоспортшы Александр Винокуровтың мәре сызығын қиып өткен сәті. Лондон, 28 шілде 2012 жыл

Велоспортшы Александр Винокуровтың мәре сызығын қиып өткен сәті. Лондон, 28 шілде 2012 жыл


2007 жылы Александр Винокуров «рұқсат етілмеген препарат қолданды» деген айыппен екі жылға спорттан шеттетілді. Алайда ол мұны жоққа шығарды.

Винокуров Лондон олимпиадасының алдында 27 маусым - 21шілде аралығында «Tour de France» көпкүндігіне қатысып, жүлде алған жоқ. Ал олимпиада қарсаңында «Астана» командасының спорттық директоры, Винокуровтың алғашқы бапкерлерінің бірі Дмитрий Седун оның алтын аларына сенбеді. Седун Винокуров туралы «күміс пен қола жүлдеге таласар. Болмаса, алғашқы ондыққа енсе де, үлкен жетістік болмақ» деп болжам жасаған еді.

Биыл спорттан кетететінін мәлімдеген ол осылайша үлкен спорттағы жолын алтын медальмен аяқтады.

Бұл - Лондон-2012 олимпиадасындағы екінші алтын. Бірінші алтынды сенбі күні әйелдер арасындағы нысана атудан Қытай жеңіп алды.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG