Accessibility links

Маңғыстау жұмысшылары талабы «жартылай орындалды»


ОСС компаниясы ауласында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басшысы Сауат Мыңбаевты күтіп тұрған жұмысшылар. Ақтау, 23 желтоқсан 2014 жыл. Сурет "Не хабар?!" газетінің редакциясынан алынды.

ОСС компаниясы ауласында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басшысы Сауат Мыңбаевты күтіп тұрған жұмысшылар. Ақтау, 23 желтоқсан 2014 жыл. Сурет "Не хабар?!" газетінің редакциясынан алынды.

Ақтаудағы «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясына қызмет көрсететін Oil Construction Company жұмысшылары еңбекақы төлеу жүйесіне енгізілген өзгерістердің толық орындалмай отырғанына наразы.

Еңбекақы дауы өткен апта шығып, Ақтаудағы «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясына сервистік қызмет көрсететін Oil Construction Company-дің (OCC) 100-ге тарта жұмысшысы желтоқсанның 18-і күні мекеме кеңсесінің ауласына жиналып, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басшысы Сауат Мыңбаевтың келуін талап еткен еді.

Сауат Мыңбаев желтоқсанның 23-і Ақтауға барып, наразы жұмысшылар өкілдерімен (10 адам – ред.) екі күн кездесу өткізді. Жұмысшылар Азаттыққа «Сауат Мыңбаевтың қойылған талаптардың ішіндегі әлеуметтік төлемдер мен өндірістің денсаулыққа зияны үшін берілетін өтемақының төленетініне уәде беріп кеткенін» хабарлады.

ЖҰМЫСШЫЛАРДЫҢ ТАЛАПТАРЫ

OCC компаниясы кәсіподағының төрағасы Әмин Елеусіновтың айтуынша, «ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) ұлттық компаниясы 2014 жылы сәуірде еншілес компанияларындағы еңбекақы төлеудің біртұтас жүйесінің типтік ережесін бекіткен, бірақ ол ереженің кейбір пункттері орындалмай отыр».

ОСС компаниясы кәсіподағының төрағасы Әмин Елеусінов (оң жақ шетте). Ақтау, 23 желтоқсан 2014 жыл.

ОСС компаниясы кәсіподағының төрағасы Әмин Елеусінов (оң жақ шетте). Ақтау, 23 желтоқсан 2014 жыл.

- Жалақымызды ережеге сай төлемей жатыр. Оның үстіне, ол ережеге [ҚМГ] «транспорттық қызмет» деген жаңа пункт қосып жіберген. Ол кейбір жұмысшылар (жүргізушілердің – ред.) жалақысының азаюына (62 мың теңгесі азайған – ред.) себеп болды. Одан бөлек, ауыр жұмыс пен өндірістің денсаулыққа зияны үшін төленетін ақша да төленбейді,- дейді Әмин Елеусінов.

Оның сөзінше, ҚМГ жасаған еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесінде өткен жылмен салыстырғанда жоспарды артық орындаған жұмысшыларға бонус төленетіні айтылған.

- Бонус та жоқ. Ал шын мәнінде біз «Маңғыстаумұнайгаз» мұнайшыларымен бірдей денсаулыққа зиянды жағдайда жұмыс істейміз. Оларға төленеді де, бізге жоқ. Әлеуметтік пакет деген бар, ол да бізге қарастырылмаған, - дейді кәсіподақ төрағасы.

Жұмысшылардың айтуынша, «Ұлттық компания бекіткен еңбекақы төлеудің біртұтас жүйесі «ҚазМұнайГаз» құрамына енетін 146 еншілес компанияның барлығына, соның ішінде ОСС-ға да таралуы керек. Алайда төлем төлеуге келгенде OCC «ол ереже сервистік компанияға қолданылмайды» дегенді көлденең тартады».

Ақтау қаласының прокуроры Талғат Әлібаев жиналған жұмысшылармен сөйлесіп тұр. 23 желтоқсан 2014 жыл.

Ақтау қаласының прокуроры Талғат Әлібаев жиналған жұмысшылармен сөйлесіп тұр. 23 желтоқсан 2014 жыл.

Жұмысшылар еңбекақы дауы туралы «Қазмұнайгаз» компаниясына бұған дейін де хат жолдағандарын айтты. Бірақ хатқа жауап келмеген.

- Дауды шешудің бір жолы - бізді өзіміз қызмет көрсететін «Маңғыстаумұнайгазға» қосу. Еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесі туралы ереже бұл компанияда орындалып жатыр, - дейді Елеусінов.

Оның айтуынша, желтоқсанның 24-і күні жұмысшылар өкілдерімен кездескен Сауат Мыңбаев «әлеуметтік төлемдер мен жұмыстың денсаулыққа зияны үшін берілетін өтемақы төленеді» деген уәде беріп, «қалған талаптарды орындау-орындамау мәселесін қаңтардың 15-не дейін қарастыратынын» айтқан.

«ҚАРАЙМЫН, ЕСЕПТЕЙМІН ДЕП КЕТТІ»

ОСС компаниясының басшысы Дүйсенғали Атшыбаев Азаттық тілшісінің жұмысшылар талаптарына қатысты сауалына нақты жауап бере алмады. Азаттық тілшісі телефон шалғанда ұзақ уақыт үндемей қалған басшы «не дерімді ойланып тұрмын» деді де, «Мыңбаев «өзім қараймын, есептеймін» деп кетті» деген жауап қайырды.

ОСС компаниясы ауласына жиналған жұмысшылар наразылықтарын айтып тұр. Ақтау, 23 желтоқсан 2014 жыл.

ОСС компаниясы ауласына жиналған жұмысшылар наразылықтарын айтып тұр. Ақтау, 23 желтоқсан 2014 жыл.

Ал «KMG Drilling&Services» (ОСС осы компания құрамына кіреді – ред.) директорының орынбасары Атқосшы Кетебаев «екі тарап кездескен комиссия хаттамасының әлі қолына тимегенін» айтты.

- Бірақ Мыңбаев сервистік компаниялардың «Маңғыстаумұнайгазға» қосылмайтыны ашық айтты, - дейді ол.

«KMG Drilling&Services» компаниясы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына тиесілі. Оның құрамына Oil Construction Company-ден бөлек, мұнай кеніштеріне қызмет көрсететін тағы бірнеше мекеме кіреді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG