Accessibility links

«Ағайынды жиһадшылар» мен тағы бір ерлі-зайыпты


Сирияға барған ағайындылар - Жасұлан Сәрсенбек (қызыл шеңберде) және Еркемұрат Сәрсенбек (жасыл шеңберде). (YouTube сайтынан алынған скриншот).

Сирияға барған ағайындылар - Жасұлан Сәрсенбек (қызыл шеңберде) және Еркемұрат Сәрсенбек (жасыл шеңберде). (YouTube сайтынан алынған скриншот).

«Сирияға қоныс аударған қазақстандық жиһадшы топ» туралы видеоға түскен тағы бірнеше қазақстандықтың туыстары Азаттыққа хабарласты.

Қазан айында YouTube желісінде жарияланған «Сирияға қоныс аударған қазақстандық ондаған жиһадшы» туралы видеоға түскен тағы бірнеше адамның туыстары Азаттыққа хабарласып, олардың тұлғасын анықтады. «Сирияға кеткендердің» ішінде жезқазғандық ағайынды жігіттер Еркебұлан, Еркемұрат, Жасұлан Сәрсенбектер мен алматылық және шығыс қазақстандық ерлі-зайыптылар Кенжебек пен Нұргүл Ахмадиевтер және олардың балалары болуы мүмкін.

Жезқазған қаласына іссапармен барған Азаттық тілшісі бұған дейін вебсайтымызда жарияланған «жиһадшы» Мақсат Аймаханов араласқан жергілікті діни топ мүшелерінен сұхбат ала жүріп, тағы бірнеше «Сирияға кеткен жас адамдарды» анықтады.

Сырттан келген жолаушыны тез байқайтын Жезқазған қаласының қаусаған ескі көлік мінген таксистері аз уақытта қаланың кешегісі мен бүгінгісін жіпке тізгендей айтып береді. Көбі - жұмыс орны жабылған бұрынғы шахтер я металлург. Жүргізушілерді әңгімеңе тартсаң, қазіргі қызу талқылайтын тақырыптары «Сирияға жиһадқа кеткен жастар» екені байқалады. Таксистердің көбі олардың кейбірінің ата-анасын да танитындарын айтып жатады. «Жиһадқа шығатындар Сирияға "жиһадқа барған" қазақтар. (YouTube видеосынан скриншот)

Сирияға "жиһадқа барған" қазақтар. (YouTube видеосынан скриншот)

шетелде болады деп ойлайтын едік, іргемізден шыққанына таңғалдық, бірнеше топқа бөлініп жүрген діншілдер қарап жүре алмайтынын өзіміз де сезген едік» дейтіндері бар. Қазан айында YouTube желісінде жарияланған «Сирияға қоныс аударған ондаған жиһадшы» туралы видеодан бірнеше жерлестерін таныған соң олардың бұл әңгімелері тіпті қыза түскен.

Азаттық тілшісі жұмыссыздық жайлап, сұрқай тартқан бұрынғы облыс орталығына келгеннен жиі естіген, бірақ егжей-тегжейлі анықтай алмай жүрген бір әңгіме «Сирияға кеткен ағайынды үш жезқазғандық жігіт» туралы еді. Көптің сөзінше олардың бірі сол елде өліп, әке-шешесіне бейресми жолмен естіртілген.

«Ағайынды үш жігіт» туралы әңгімені әркімнен бір сұрастырып жүріп Азаттық тілшісі Жезқазған қаласындағы Ахмет ишан атындағы жалғыз мешіттің наиб-имамы, қаланың байырғы тұрғыны Айтжан молданың алдынан бір-ақ шықты. Ол жезқазғандық бір отбасыдан үш жігіттің «Сирияға кеткенін» растады. «Алыстан қосылатын жамағайыным еді, шешелері күнара мешітке келіп, құран оқытып, жылап кетеді» деген ол Азаттық тілшісіне «ағайындылардың» үйінің телефон нөмірін берді.

«БАЛАЛАРЫНЫҢ ЖАЙЫН ДАБЫРЛАТҚЫСЫ КЕЛМЕЙДІ»

Азаттық тілшісімен телефон арқылы аз-кем сөйлескен «ағайынды үш жиһадшының» әкесі Сәрсенбек есімді Жезқазған тұрғыны сәл ойлануға мұрсат беруді өтінді. Үш жігіттің әкесі хабарласпаған соң мешітке қайта барған Азаттық тілшісі ғимараттан шығып бара жатқан, сыртынан «ағайынды үшеудің анасы» Сирияға кеткен ағайынды Сәрсенбектердің анасы. Жезқазған, 24 қазан 2013 жыл.

Сирияға кеткен ағайынды Сәрсенбектердің анасы. Жезқазған, 24 қазан 2013 жыл.

деп таныстырылған әйелді көріп қалды. Тілші әлгі әйелдің соңынан қуып жетіп, жай-жапсарды сұрай бастағанында ол дауыс салып жылады.

Атын айтпаған, жасы 50-лер шамасындағы әйелдің сөзінше, үлкен ұлының өлгені туралы хабар биыл сәуір айында келген. Оның отбасы Жезқазғанда қалған. Қайтыс болды деп хабарланған үлкен ұлы әуелі Жезқазған қаласында жоғары оқу орнын бітіріп, Египетте оқып келген. Әрі қарай сөйлесуден үзілді-кесілді бас тартқан ол әйел автобусқа мініп кетті.

Азаттық тілшісінің «ағайынды үшеудің анасымен» сөйлеспек болғанын байқап қалған мешіт айналасында жүрген, өзін таныстырмаған, жасы 60-тар төңірегіндегі ер кісі: «Астанада органда қызмет ететін әлдебіреу телефон шалып «дабыра етпеңдер» деген соң баласын өлді деп те айта алмай жүр» деді.

Ал Айтжан молда:

– Әке-шешелері балаларының жайын дабыралатқысы келмейді. Қала шағын. Көп жұрт бір-бірін таниды. Бәлкім, бетке салық қылғысы келмейтін шығар, – деді Азаттық тілшісіне.

Қалалық мешітке жұма намазға келген Азаттық тілшісі өзін «дәстүршіл ислам Сирияға аттанған ағайындылардың бірі - Жасұлан Сәрсенбек.

Сирияға аттанған ағайындылардың бірі - Жасұлан Сәрсенбек.

жолын ұстанғандардың бірі» ретінде таныстырған Айтжан Өтешовтен «ағайынды үшеудің» анық аты-жөнін білді. Олар – Еркебұлан Сәрсенбек, Еркемұрат Сәрсенбек және Жасұлан Сәрсенбек болып сипатталды. Айтжан Өтешов 1994 жылы туған Жасұлан Сәрсенбектің жақын досы екенін, оны алыс жолға шығардан бір күн бұрын көргенін айтады.

– Мешітте намаз оқыдық та, сонда қонып шықтық. Ертеңіне Қарағандыға кетті. Біраз уақыттан кейін агент (Mail.ru электрондық поштасының қосымшасы – ред.) арқылы сөйлескенімде Египетте екенін айтты. Енді оны «Сирияға жиһадқа кеткендердің» ішінен, видеодан көріп отырмыз, – деді Айтжан Өтешов.

«Мой мир» әлеуметтік желісінде 1994 жылы туған Жасулан Сарсенбек деген атпен тіркелген қазақстандық қолданушы бар. Оның парақшасында негізінен діни мазмұндағы суреттер қойылған.

«ВИДЕОДАН КҮЙЕУ БАЛАМ МЕН ЖИЕНІМДІ КӨРДІМ»

Діни көзқарасына сәйкес шетелге кеткен туыстарын қайтаруды сұрап, Азаттық пен ресми органдарға өздері хабарласып жатқан қазақстандықтар да бар. «Сирияға Қазақстаннан барған жиһадшылардың» тағы біреуінің туысы Азаттыққа телефон арқылы хабарласып, Қазақстан үкіметі «арбауға түскен бауырларын аман есен қайтарса екен» деген өтінішін жеткізді.

Толық есімін жарияламауды өтінген Айгүл есімді алматылық Сирияға «Алла "7 арна" бұл адамдарды "Сирияға кеткен жиһадшылардың бірі Кенжебек Ахмадиев пен қызы" деп сипаттады. (Скриншот "7 арна" сайтындағы видеодан алынды).

"7 арна" бұл адамдарды "Сирияға кеткен жиһадшылардың бірі Кенжебек Ахмадиев пен қызы" деп сипаттады. (Скриншот "7 арна" сайтындағы видеодан алынды).

жолында өздерін құрбан етуге барған» қазақтардың арасынан күйеу баласы Кенжебек Ахмадиев пен оның 5 жасар қызын көргенін айтады.

– Кенжебек пен сіңілім Нұргүлдің екі қыз, бір ұлы бар. Видеодан ортаншы қызын көріп қалдым. Ал Кенжебек топ болып жігіттер отырған жерде оң жақта ең артында, бұрышында отыр, – деді Айгүл Азаттық тілшісіне.

Айгүл 36 жастағы Кенжебек пен 35 жастағы Нұргүлді «намазға төрт-бес жыл бұрын жығылған, таза жүретін, ақкөңіл, өте сенгіш, жақсы адамдар» деп сипаттады.

– Олар Алматыда тұрған. Кенжебек әуежайда жұмыс істеді, ал сіңілім жеке компанияның асханасында аспаз болып жүрді. Жазда бір хабарласып, «Арабияға кетіп барамыз, сол жақтан оқып, үш жыл жұмыс істеп қайтып келеміз» деді. Бірақ одан кейін тағы бір телефон шалғанда, дауысы біртүрлі, бірдеңе жасырып тұрғандай болды. Одан кейін біз күдіктене бастадық, бірақ бәрі жақсы болып кетер деп үміттендік, одан кейін ана видеодан кейін қорқа бастадық, – дейді сұхбаттасымыз.

Айгүлдің сөзінше, сіңілісі Нұргүл Ахмадиева Алматыда туып-өскен, КИМЕП-те заңгер мамандығы бойынша оқып бітірген. Туысының айтуынша, Кенжебек Ахмадиев – Өскеменнің жігіті.

– Біреулер бұларды (туыстарын – ред.) алдап алып кетіп отыр ғой. Теледидардан шенеуніктер «өзіміздің отандастарымызды қайтарамыз» деп айтқан соң ҰҚК-ге бардым. Күйеу балам мен сіңілімді және жиендерімді аман-есен қайтару үшін көмек сұрадым. Олар қазір біздің адамдарды қайтару үшін Сириямен келіссөз жүргізіп жатыр екен, – деді Айгүл.

Әзірше Кенжебек Ахмадиевтің өз туыстарымен хабарласу мүмкін болмай тұр.

Ағайынды Сәрсенбектер туралы және олардың араласқан діни тобы жөнінде ресми органдардан қандай да бір мәлімет алу мүмкін болмады. Жезқазғанның қалалық прокуроры Марат Аққұлов Азаттық тілшісіне бірден жауап бере алмайтынын айтты. Жезқазған қалалық ішкі істер бөлімі мен ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері де қолма-қол комментарий беруден бас тартты.

Қазанның 15-і күні YouTube желісінде Toran Wahood есімді қолданушы «Сирияға қоныс аударған ондаған жиһадшы қазақстандық» туралы видео жариялаған еді. Қазақстанның ҰҚК бұл видеоны «Сириядан тыс жерде де жасалуы мүмкін үгіт-насихат материалы» деп сипаттап, клиптегі азаматтардың кім екенін анықтап жатқанын хабарлаған. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі видеода көрсетілген адамдардың «Қазақстан азаматтары екенін растайтын, не жоққа шығаратын мәлімет жоқ» екенін мәлімдеген болатын.

Азаттық видеоклипке түскен бірнеше қазақстандықтың тұлғасын анықтаған. Олардың ішінде ақмолалық Аманжол Жансеңгіров пен жезқазғандық Мақсат Аймаханов және жетісайлық ерлі-зайыпты Нұрлан мен Мадина Мырзахановалардың Дінмұхаммед және Әбілқайыр есімді екі ұлы бар.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG