Accessibility links

Ресейден соң Қазақстан да «Номер 44» фильмін прокаттан алды


"Номер 44" фильмінен бір кадр.

"Номер 44" фильмінен бір кадр.

Ресейде «тарихи фактілерді бұрмалады» деп кинопрокаттан алынған фильм Қазақстанда да көрсетілмейтін болды. Қазақстандық кинопрокат өндірісімен шұғылданатын компания «бұл - құқық иесінің шешімі» дейді.

АҚШ-тың бірнеше Еуропа елдерімен бірігіп түсірген «Номер 44» (Түпнұсқадағы атауы - Child 44) фильмі дәл көрсетілетін күні, яғни 16 сәуірде қазақстандық кинотеатр сеанстарынан алынып тасталды.

Бірнеше кинотеатр өкілі қазақстандық кинопрокатпен айналысатын қазақстандық компаниядан хат алғанын, «соған сәйкес алып тастағандарын» айтып отыр.

Өзін кинотеатрдың администраторы ретінде таныстырған Star Cinemа өкілі хаттың мазмұнын айтудан бас тартты.

Ал есімін Евгения деп таныстырған Sulpak Cinema компаниясының өкілі:

- Компаниямыз ешқандай түсініктеме бермейді. Себебі, бұл шешімді құқық иесі (ресейлік Central Partnership – ред.) қабылдады. Бізге олар «фильм Қазақстан территориясында көрсетілмейді» деп айтты. Сондықтан соларға хабарласқандарыңыз жөн болады, - деп жауап берді.

Бір күн бұрын бұл фильм ресейлік прокаттан да алынып тасталған болатын. Ресейдің мәдениет министрлігі мен фильмді прокат жасаушы Central Partnership компаниясы біріккен мәлімдеме жасап, фильм авторларын «тарихи фактіні бұрмалады» деп айыптаған болатын.

"Номер 44" фильмінен бір кадр.

"Номер 44" фильмінен бір кадр.

Азаттықтың Орыс қызметінің хабарлауынша, Central Partnership компаниясының бас директоры Павел Степанов ресейлік БАҚ-қа «Номер 44» фильмін көрсету құқығын 2011 жылы сатып алғанын айтқан. Төрт жыл ішінде Ресей тарапының өтініші бойынша, фильмнің сценарийіне өзгерістер енгізілген. Алайда Ресей жағы оның нәтижесіне көңілі толмаған. Осылайша Ресей мәдениет министрлігі Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 70 жылдығы қарсаңында мұндай фильмді "көрсетуге болмайды" деп тапқан.

Министрліктің бұл шешімін Ресейде кейбір мамандар қолдаса, кино өндірісі саласының кейбір мамандары мұны «өнердің цензураға ілігуі» ретінде бағалады.

Қазақстандық киносыншы Олег Борецкий бұл фильмді көрмегенін, сондықтан кинопрокатшылардың бұл әрекетіне баға бере алмайтынын айтады. Маман қазіргі кезде барлық киноны интернет, DVD нұсқалардан көруге болатындықтан бұл әрекеттен киноаудитория аса зардап шеге қоймайды деп санайды.

Триллер жанрында түсірілген фильм Сталин қайтыс болар алдында СССР-де болған оқиғаны баяндайды. Советтік қауіпсіздік қызметі өкілі жаппай балалар өлімінің себептерін іздеу барысында түрлі шытырман оқиғаларға тап болады.

Фильм сценарийі жас ағылшын жазушысы Том Роб Смиттің кітабы негізінде жазылған. Жазушы осы еңбегі үшін 2008 жылы британдық жазушы-криминалистер қауымдастығының арнайы сыйлығымен марапатталған.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG