Accessibility links

Референдумға қарсы шыққан жастар әкімшілік жауапқа тартылды


«Рух пен тіл» клубының белсендісі, журналист Инга Иманбай сот залында. Алматы, 13 қаңтар 2011 жыл.

«Рух пен тіл» клубының белсендісі, журналист Инга Иманбай сот залында. Алматы, 13 қаңтар 2011 жыл.

Назарбаевтың өкілетін ұзартуға қатысты референдум өткізуге қарсы шыққан «Рух пен тіл» клубының бес белсендісі қаңтардың 13-і күні әкімшілік жауапқа тартылды. Алматы қалалық әкімшілік соты оларға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды.

Таңертеңгі сағат он жарымға белгіленген сот түскі сағат екіден кете бере басталды. Бұл кезде сотқа қатысуға келген журналистердің көбі кетіп қалған болатын. Олардың арасында Азаттықтан басқа «Ассошайтед пресс», «Дейли телеграф» сияқты халықаралық ақпарат құралдары да бар еді.

«Рух пен тіл» клубының бес белсендісінің ісін үш судья (Қоразбаева, Факирдинов, Күзембаев) қарады. Сот процестері қатар жүргендіктен тек біреуіне ғана қатыса алдық.

«Рух пен тіл» клубының екі белсендісі – журналист Инга Иманбай мен есімін атамауды өтінген тағы бір студенттің ісін судья Берік Күзембаев
Алматы қалалық әкімшілік сотының судьясы Берік Күзембаев. Алматы, 13 қаңтар 2011 жыл.
қарады. Жауапкерлерге сөз кезегі берілгенде, екеуі де өздеріне тағылған айыптарды мойындамайтынын, ҚР Конституциясында жазылған құқықтарын пайдаланғанын айтты.

– Бұл жаққа шығудағы мақсатымыз – біздің барлық заңдарымыздың атасы – Конституцияның 32-бабында көрсетілген: «Әрбір Қазақстан азаматы және азаматтар тобы, егер жол ережесіне кедергі жасамаса, қоғамдық тыныштықты бұзбаса, көгалды таптамаса, жиналып пікір білдіруіне құқығы бар».

Тікелей Ата Заңда көрсетілген құқықты пайдаланып, ол жерге барып, белгілі бір мәселеге қатысты өзіміздің пікірімізді білдірдік, – деді Инга Иманбай сотта.



Сотқа мемлекеттік айыптаушы ретінде келген Жетісу аудандық прокурорының көмекшісі Дәулет Есдәулетовке сөз кезегі берілгенде, ол екі
Жетісу ауданы прокурорының көмекшісі Дәулет Есдәулетов. Алматы, 13 қаңтар 2011 жыл.
жауапкердің ҚР Әкімшілік кодексінің 373-бап 1-бөлімін, яғни бейбіт митинг, шеру, демонстрацияны ұйымдастыру мен өткізу туралы ережелерді бұзғанын айтып, оларға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлетуді сұрады.

– Алматы қаласының әкімдігі ешбір саяси партияға, қоғамдық ұйымға және жеке тұлғаға 2011 жылдың 11 қаңтарында Абылай хан көшесі, 79 мекен-жайы бойынша орналасқан «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Алматы қалалық бөлімшесі ғимаратының алдында және де басқа жерлерге митинг, бейбіт шеру, пикет, демонстрация өткізуге рұқсат бермеген, – деді Дәулет Есдәулетов.



Судья прокурордың сөзінен кейін бірден шешім шығарып отырды. Прокурордың өтінішін қабыл алып, екі жауапкерге 20 есептік айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл төлету туралы шешім шығарды.

Соттан кейін «Рух пен тіл» клубының барлық белсенділеріне дәл осындай көлемде айыппұл салынғанын білдік. Жауапкерлердің өздері судьяның
«Рух пен тіл» клубының жетекшісі Жанболат Мамай. Алматы, 26 қаңтар 2010 жыл.
шешімін тым қатаң деп бағалады.

Ал «Рух пен тіл» клубының жетекшісі, журналист Жанболат Мамай сот үкімінің себебін былайша топшылайды.

– Оппозиция тыныш отырғанда, ұлтшыл күштер тыныш отырғанда, қоғамдық ұйымдар тыныш отырған кезде жастардың шығуынан билік кәдімгідей сескеніп қалған сияқты. Жастар бірінші рет шықса да, оларға осындай ауыр жаза тағайындауы соны бізге айқын көрсетіп отырған тәрізді, – деді Жанболат Мамай.

Жанболат Мамай соттың 6 адамға кескен айыппұлын (шамамен 180 мың теңге) «2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін төлеу туралы ұйғарым шығарғандарын» да мәлімдеді.



Референдумға қарсы шыққан жастардың біреуі кәмелетке толмаған екен. Сондықтан оған қатысты сот процесі ертең ата-анасының қатысуымен өтеді.

Қаңтардың 11-і күні «Рух пен тіл» клубының алты белсендісі «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық ғимаратының алдында референдумға қарсы наразылық шарасын ұйымдастырып, «Демократияны жерлеу» деп аталатын рәсім өткізген болатын. Референдумға қарсы наразылық шаралары осыған дейін республиканың өзге аймақтарында да өтіп, оған қатысқан адамдардың бәрі әкімшілік жауапқа тартылған еді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG