Accessibility links

Кейбір оппозициялық ұйымдар «Халық майданы» құрылғанын мәлімдеді


Қазақстанның Коммунистік партиясы жетекшісі Ғазиз Алдамжаров. Алматы, 29 маусым 2011 жыл.
Қазақстанның Коммунистік партиясы жетекшісі Ғазиз Алдамжаров. Алматы, 29 маусым 2011 жыл.

Қазақстан Коммунистік партиясы, тіркелмеген «Алға» партиясы және бірқатар қоғамдық ұйымдар «Халық майданы» деп аталатын бірлескен қозғалыс құрғандарын жариялады.


Осыған орай 29 маусым, сәрсенбі күні баспасөз мәслихатын өткізген оппозициялық партиялар мен қоғамдық ұйымдар өкілдері Қазақстан билігінің іс-әрекетін тағы бір мәрте сынға алды. Қазіргі бір партиялы парламенттің «қауқарсыздығын» айта келе, ол кез-келген сәтте таратылып, жаңадан парламент сайлауы белгіленуі мүмкін екенін сөз етті. «Халық майданы» қозғалысын құруға басты себептердің бірі де осы екенін айтты.

«ХАЛЫҚ МАЙДАНЫНАН» – КОММУНИСТІК ПАРТИЯҒА

«Аман-саулық» қоғамдық ұйымының төрайымы Бақыт Түменова, «Күретамыр» қоғамдық ұйымының төрайымы Айсұлу Қадырбаева өздерінің «Халық майданына» қосылғанын мәлімдесе, «Рух пен тіл»
Тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов. Алматы, 29 маусым 2011 жыл.

қоғамдық жастар ұйымының төрағасы Жанболат Мамай бұл мәслихатқа жеке тұлға ретінде ғана келіп отырғанын ескерте келе, «парламентте жаңа тәуелсіз тұлғалар отыруы тиіс» деді.

Тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов «Қазақстанда ешбір сайлау белгіленген уақытта өткізілмегенін, сондықтан «Халық майданы» қозғалысының басты мақсаты - алдағы сайлауда қапы қалмай, халық өкілдерінің парламентке енуіне мүмкіндік жасау» деген ойын жеткізді. Ол тіркелмеген «Алға» партиясының парламент сайлауына қатысу жолындағы жалғыз-ақ заңды мүмкіндігі – Коммунистік партияның саяси тізімі екенін де мәлімдеді.

– Алдағы парламент сайлауы қарсаңында «Халық майданы» қозғалысына қосылып, депутаттыққа кандидат болғысы келетіндер тек Коммунистік партияның тізімі арқылы ғана ұсынылмақ. Ал қозғалыстың өзге мүшелері кандидаттарға сайлау кампаниясы кезінде жәрдем көрсетпек, – деді Владимир Козлов.

Тіркелмеген «Алға» партиясы жетекшісінің бұл пікірін Қазақстанның Коммунистік партиясы жетекшісі Ғазиз Алдамжаров та қуаттады.

– Қоғамда өзгеріс болғанын қалайтын адамдар «Халық майданына» қосылып, уақытша Коммунистік партияға кіргенімен, коммунист болып кете қоймас, бірақ өз халқын қорғауға зор мүмкіндік алатыны анық, – дейді Ғазиз Алдамжаров.

«СОҢҒЫ МҮМКІНДІК»

Баспасөз мәслихатына «Халық майданын» құрушылардың бірі ретінде келген Серік Сапарғалидың пікірінше, «бұл сайлау – халықтың саяси күрес жолындағы соңғы заңды мүмкіндігі болуы мүмкін».

– Егер барша биліктің бастауы болып саналатын халық осы жолы парламентке заңды жолмен өзінің сенімді өкілдерін өткізе алмаса, мұнан

кейін басқа заңды жолы қалмауы да мүмкін. Әсіресе, осы ретте елдегі зиялы қауым өз жауапкершілігін сезінуі тиіс. Мәселен, Маңғыстауда толастамай жатқан жұмысшылардың әлеуметтік наразылығына сол өңірдегі зиялы қауым ашық қолдау көрсете алмай, бұғып отыр, – дейді Серік Сапарғали.

МҰХТАР ӘБЛЯЗОВТЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Осы баспасөз мәслихатында «Мұхтар Әблязовтың саяси мәлімдемесі» деп жазылған үнпарақ таратылды.
Мұхтар Әблязов. 30 наурыз 2010 жыл.


«Біз қазір жолайрықта тұрмыз. Түйеқұс сияқты басымызды құмға тығып жіберіп, қиындықтардың бәрі бізді айналып өтетін шығар деп үміттену де мүмкін емес. Егер біз шынымен де өз еліміздің болашағы жарқын болуын тілесек, шығатын жол біреу ғана – бірігу. Елімізді авторитарлық режим қазып қойған шыңырауға түсіп кетуден сақтағымыз келсе, бірігуіміз және күштерімізді біріктіруіміз қажет» деп мәлімдепті Мұхтар Әблязов.

Журналистер:

– «Халық майданы» қозғалысының құрылуына қуғында жүрген Мұхтар Әблязовтың соңғы мәлімдеменің қатысы бар ма? – деп сұрап еді, жаңа қозғалысты құрушылар «еш қатысы жоқ» деп жауап берді.
XS
SM
MD
LG