Accessibility links

Қазақстанда енді парламент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу сөз бола бастады


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзін қолдаушылармен кездесті. Астана, 4 сәуір 2011 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзін қолдаушылармен кездесті. Астана, 4 сәуір 2011 жыл.

Қазақстанда парламент сайлауы 2011 жылдың жазында өтуі мүмкін. Ол сайлаудан бастап «парламент көппартиялы болады» дейді президент Назарбаев.


Сәуірдің 4-і күні Азаттық радиосына сұхбат берген Қазақстан президентінің саяси мәселелері жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев «инагурациядан кейін парламент президентке оның саяси реформаларын жүргізуге көмектесіп, тоқырау болдырмауы үшін тарауы мүмкін».

«САЯСИ МОДЕРНИЗАЦИЯ»

Заңға сәйкес, президент инагурациясынан кейін үкімет отставкаға кетуге тиіс. Төртінші шақырылым парламенті депутаттарының өкілеттері 2012 жылы аяқталады, яғни парламенттік сайлау келесі жылы өтуге тиіс. Бірақ Ертісбаев «президенттің барлық бастамасын қолдайтын парламент болса, оның (президенттің) саяси модернизацияны жүргізу мақсатында қолын байламай, ерікті түрде тарқауы тиіс» екендігін айтты.

– Суперпрезиденттік республикадан президенттік-парламенттік жүйеге көшу президент сайлауынан кейінгі нөмері бірінші мәселе болады. Парламент елдегі ең басты саяси мінбер болады. Президентті қазір осы мәселе қатты
Қазақстан президентінің саяси мәселелері жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев.
толғандырады, – дейді президент Назарбаевтың кеңесшісі.

Саясаткер Жасарал Қуанышәлиннің ойынша, президент кеңесшісінің бұл сөздерінің «жаны бар».

– Режимнің «бұлбұлы» – Ертісбаев өзінің көкесімен келісіп алып, содан кейін өз тарапынан айтқандай етіп айтып жатады. Осылайша жағдайды байқап, тамырды басып көреді. Содан кейін сол жағдайға байланысты шешім қабылдайды. Бұл бұрыннан белгілі, сондықтан әбден мүмкін, – деді Азаттық радиосына сәуірдің 4-і күні түсініктеме берген Жасарал Қуанышәлин.

ЭКС-ҮМІТКЕРЛЕРДІҢ НИЕТІ

Қазақстанда мерзімінен бұрын парламент сайлауы өтетіндігі әлі нақты айтылмаса де, бірқатар азаматтар парламенттік креслодан дәмелі екендіктерін мәлімдеп те үлгерді.

Мәселен, президент сайлауына түскен «Табиғат» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Мэлс Елеусізов экологиялық партия құрып, 2012 жылғы парламенттік сайлауға қатысатындығын айтты. Одан басқа экс-үміткерлер – Ғани Қасымов пен Жамбыл Ахметбеков те парламенттік сайлаудан бас тартпайтындарын мәлімдеді.

– Орталық сайлау комиссиясының біздің партияға қатысты мәліметті жариялағаны – мақтанарлық. Сайлаушылардың 200 мыңға жуығы бізге дауыс берген. Бұл парламент сайлауына қатысу үшін жақсы платформа, – дейді сенатор Қасымов.

Ал коммунистер парламентте өз фракцияларын құруды көздеп отыр.

– Біз парламентте өз фракциямызды құрамыз. Онда халық коммунистерінің болғанына күш саламыз, - деді Жамбыл Ахметбеков.

ПАРЛАМЕНТТЕ ОППОЗИЦИЯ БОЛУЫ МҮМКІН БЕ?

Парламент сайлауының қашан өтетіндігі нақтыланбай тұрып оның құрамы өзгеретіндігі сөз болды. Сәуірдің 4-і күні президент Нұрсұлтан Назарбаев ақпарат құралдарына сұхбат беру кезінде елдегі келесі парламент сайлауынан бастап «парламенттің көппартиялы болатынын» айтты.

– Келесі парламенттік сайлаудан бастап Парламент көппартиялы болады. Осылай біздің Конституциямызда жазылған, – деді президент Назарбаев.

Бұдан бұрын, сәуірдің 2-сі күні Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов те «Рейтерс» агенттігіне сұқбат бергенде қазір тек «Нұр Отан» партиясынан жасақталған ел парламентінде «оппозиция болуы керек» деп мәлімдеп,
Тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов. Алматы, 9 наурыз 2011 жыл.
парламент құрамында «оппозицияның болуы елдің экономикалық дамуы мен демократиялық реформаға септігін тигізетіндігін» айтқан.

Тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов бұл сөзге күмәнданады.

– Мәсімовтың «оппозициялық партиялардың пікірі қажет және ол мемлекетке септігін тигізеді» деген сөзі – алдамшы деп ойлаймын. Өйткені билік әр кез оппозицияның әлсіз екендігін, қолынан ешнәрсе келмейтіндігін айтып келді. Әй-шәй жоқ енді неге керек болып қалды екен? Меніңше Мәсімов біздің партияны емес, керек кезде ғана сынайтын, керек адамды ғана сынайтын, тек бұйрық бойынша жұмыс істейтін «ыңғайлы оппозицияны» меңзеген болар. Олар мұны «конструктивті оппозиция» деп атайды. Менің ойымша, бұл орындар «Руханият», «Әділет» және «Ақ жол» сияқты партияларына арналған. Ал оппозициялық партиялардың шынайы сыны Мәсімовке керек емес, – деді сәуірдің 4-і күні Азаттық радиосына Владимир Козлов.

Саясаткер Жасарал Қуанышәлин де бұл пікірді қолдайды.

– Парламентке «Алға» сияқты шынайы оппозицияны кірргізбейді. Ол орынға «Азат ЖСДП» секілді өтірік оппозициясымақтар барады, – дейді Қуанышәлин.

Біз бұл мәселеге қатысты «Азат ЖСДП» партиясының басшылығымен сөйлесе алмадық. Партия кеңсесінде тең төрағалардың бірі – Болат Әбілов іссапармен кеткендігін айтты. Ал тағы бір төраға Жармахан Тұяқбай телефон тұтқасын көтермеді.
XS
SM
MD
LG