Accessibility links

Көмекші сұраған мүгедекке әзірше жаялық берген


Алексей Антонов ауласында отыр. Павлодар, 5 қыркүйек 2016 жыл.

Алексей Антонов ауласында отыр. Павлодар, 5 қыркүйек 2016 жыл.

Бірнеше ай бойы қала емханаларын жағалап, сергелдеңге түскен павлодарлық тұрғынға бір бума жөргек, әлеуметтік қызметкер мен инватакси қызметін бөлуге уәде еткен. Алексей Антонов жеке көмекшіге әлі зәру екенін айтады.

Мүгедектер арбасымен жүретін 61 жастағы Алексей Антонов Павлодардың шетіндегі жеке меншік үйінде жалғыз тұрады. Айнала трамвай жолдары, үйінің жанында жанар-жағармай құятын станция бар.

- Қазір тамағымды өзім пісіруге шамам келеді. Сәл оңайлады. Бірақ күйгелектенсем болды, саусақтарым икемге келмей қалады. Кір-қоңымды жуып, еденді сүрте алмаймын. Жуырда еденнің линолеумын жаңалап қайта төседім, үйімді тұрмысқа жайлы пәтерге ауыстырғым келеді. Пәтерге көшсем, бейнетім көп-көрім азаяр еді, - дейді Алексей Антонов.

Алексей Антоновтың үйі. Павлодар, 5 қыркүйек 2016 жыл.

Алексей Антоновтың үйі. Павлодар, 5 қыркүйек 2016 жыл.

Алексей Антонов жас кезінде омыртқасын зақымдап алған, онысы кейін сыр беріп, 10 жыл бұрын сал болып қалған. Ол өзін-өзі күту түгілі, қимылдауға шамасы келмей көпке дейін төсек тартып көп жатқан. Алғашқы кезде Алексейдің күтіміне туыстары жалдаған әйел қараған. Кейінірек балалары жұмыс іздеп кеткен кезде ол жалғыз қалған.

Туыстары оны Павлодар облысы Ақсу қаласындағы қайырымдылық үйіне орналастырған. Мүгедек жан кейінгі төрт жылын түрлі әлеуметтік мекемелерде өткізген. Ол жақта біртіндеп дене жаттығуларымен айналыса бастаған. Қолдарын біраз икемге келтіріп алғаннан кейін Алексей Антонов кейінгі 15 жыл бойы бала-шағасымен тұрған үйіне мүгедектер арбасымен оралуға бел буған.

ТРАМВАЙҒА ДЕЙІН БІР КИЛОМЕТР

Үйіне ең жақын дүкенге дейін баратын трамвайға отыру үшін Алексей Антонов бір километр жол жүруі тиіс.

- Арбамен трамвай депосына (трамвайлардың соңғы аялдамасы) дейін барамын да, еңбектеп вагонға кіремін, ал жұрттан арбамды кіргізіп беруін сұраймын. Әлі ешкім меселімді қайтарған жоқ. Арбаның артқы жағына пакет байлап қойғанмын, алған заттарымды соған саламын, бірақ 10 килограмнан артық әкете алмаймын, кері қайтқанда да солай істеймін, - дейді Алексей Антонов.

Алексей Антонов трамвай аялдамасына баратын жолына қарап отыр.

Алексей Антонов трамвай аялдамасына баратын жолына қарап отыр.

61 жастағы мүгедек күтуші әйелдің қызмет ақысын өзі төлей алмайды, сондықтан заңда қарастырылған көмекші қызметін мамырдан бері ресімдеуге тырысып жүр. Мұндай көмекшінің қызметіне жүгіну үшін өзге мүгедектер сияқты Алексей Антонов та тіркелген орны бойынша терапевт дәрігерге қаралуы тиіс, ал ол дәрігерлік-кеңестік комиссиядан өтуге жібереді. Ол жақтың ұйғарымы кейін медициналық-әлеуметтік сараптамаға түседі. Егер комиссия ұйғарымын мақұлдаса, мүгедек жанға жеке оңалту бағдарламасы қарастырылады.

Алексей Антонов бірнеше айда қаладағы бүкіл емхананы аралап шыққанын, бірақ «біздің ведомствоға қарамайсыз» деген уәжбен бір-біріне сілтеп қабылдамай қойғанын айтады. Ол тіпті Павлодардан 50 километр жерде орналасқан Ақсу қаласына барып-қайтуға мәжбүр болған. Оның айтуынша, бес мың теңгеге такси жалдап барғанымен, оған бұрын тұрған қайырымдылық үйі де көмектесе алмаған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасына шағымданғаннан кейін оның шаруасы реттеле бастап, оның қай емханада тіркеуде екені анықталған. Оған жеке оңалту бағдарламасын рәсімдеген, енді мүгедек жан көмекті сәл күтуі тиіс.

Енді ол бірер аптада заңда қарастырылған қызметтің бәрін алады.

Павлодардағы темір жол ауруханасының әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы Гүлнұр Құниязова науқас Антоновтың көмек сұрап келгенін растап, «сергелдең дәрігерлердің оның нақты тұратын жерін білмеуі кесірінен болды» деп қынжылады.

- Электрондық үкімет порталы бойынша ол Ақсуда тіркелген, ал біз – дәрігерлер сол деректерге сүйенеміз. Біздің территорияда (ауданды айтады – ред.) тұратынын анықтаған бетте оның құжаттарын дереу ресімдей бастадық. Енді ол бірер аптада заңда қарастырылған қызметтің бәрін алады, - дейді Гүлнұр Құниязова.

Ал 61 жастағы мүгедек бәрінен бұрын қалада жүріп-тұруына қолғабыс ететін жеке көмекші қызметін алуды армандайды. Қазіргі сәтте Алексей Антоновқа әзірше бір бума жөргек, әлеуметтік қызметкер мен инватакси қызметін пайдалануға мүмкіндік беруге уәде еткен.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG