Accessibility links

Өзі басқарған мекемедегі сәтсіздіктерден кейін Қалмұрзаев Ақордаға қайта оралды


Сарапшылардың бірқатары Сарыбай Қалмұрзаев жоғарылауға лайықты еңбек сіңірді десе, екіншілері оның осылайша орын ауыстыруы керек болды дегенді айтады. Ал Болат Өтемұратовтың жаңа қызметі әзірге белгісіз.

Бейсенбі күні Мемлекет басшысының Жарлығымен қаржы полициясының басшысы Сарыбай Қалмұрзаев Қазақстан президентінің іс басқарушысы болып тағайындалды. Бұрын осы лауазымды атқарған Болат Өтемұратов басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды. Ақорданың баспасөз қызметі әзірше «Форбс» тізімінде миллиардер қатарында тұрған атақты назарбайшыл шенеуніктің дәл қай қызметке ауыстырылғанын айтпай отыр.

59 жастағы Қалмұрзаев бұрындары Қазақстан Республикасы мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы қызметін атқарды, Қазақстан президенті әкімшілігінің басшысы және Жамбыл облысының әкімі болды.


Қалмұрзаев президент әкімшілігін басқарып тұрған кезде, 2003 жылы қарашада, коммунистер Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы алаңға жиналып, Сарыбай Қалмұрзаевтың қызметтен кетуін және оның үзеңгілесі - Рахат Әлиевті қылмысты жауапқа тартуды талап еткен митинг өткізген болатын.


2004 жылдың қаңтар айынан бастап Сарыбай Қалмұрзаев экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі Қазақстан Республикасы Агенттігінің (қаржы полициясы) төрағасы қызметін атқарды.


«Нұрбанк» ісіне байланысты қаржы полицейлері Қалмұрзаевтың тікелей әмірімен Рахат Әлиев жағына шыққанда оның аты мен ол басқаратын агенттік баспасөз бетінен түскен жоқ.. Күлекевтің ісіне қатысты да солай болды. Сол кездегі ҚТЖ президенті Жақсыбек Күлекеевті дәл осы қаржы полициясы қызметкерлері парақор және жемқор ретінде қаралаған. Олардың іс-әрекеті нәтижесінде Күлекеевке өз үйінің ауласында 100 мың доллар ақша салынған портфель алды деп айып тағылып, артынша ол тұтқындалған болатын.

Сотта дәл осы жүз мың доллар пара алды делінген айыптау сәтсіздікке ұшырап, қалған үш қылмыс бойынша Күлекеев үш жылға бас бостандығынан айрылды. Көптеген сарапшылар Күлекеев ісін аққа қара жаққандай бағалап, Қалмұрзаевтың қоластындағы қызметкерлерінің кәсіби олақтығын айта келіп, қаржы полициясы бастығының өзін біреулердің тапсырысын орындап отыр деп айыптады.

Бұл күндері көптеген сарапшылар Қалмұрзаев Күлекеевке қатысты шаруаны жақсы атқарғаны үшін Ақордаға оралды десе, кейбіреулері оның жоғарылауына бұл істің ешқандай қатысы жоқ деуде.

Коммунистер көсемі Серікболсын Әбділдин бұл тағайындауға таңқалатын ештеңе жоқ дейді:

-Н.Назарбаев өзінің әбден тұзы шыққан карталарын тағы да ауыстырды. Назарбаев тек өзіне тым берілген адамдарын ғана ауыстырып отырады, мұнда жаңа адамдар болмайды. Ал Күлекеев ісіне келетін болсақ, оған Қалмұрзаевтың сіңірген еңбегі жоқ. Қалмұрзаев, Өтемұратовтардың өз лауазымдары бойынша атқарып отырған істері президенттің айтуымен жүзеге асады. Ол кімді отырғыз десе, соны отырғызады, кімді босат десе, соны босатады. Бұл жемқорлық - мафиялық жүйе, сондықтан онда басқаша ойлайтындар болуы мүмкін емес. Олар ойлары бір жерден шыққан адамдар.

Талдаушы Нұрлан Ерімбетов Назарбаев өз айналасына ескі гвардиясын жинап алып, жастарға жол бермей отыр деп есептейді:
-Назарбаев өз ісін алғашында бірге бастағандарға әлі де сенеді. Мүмкін, жастар оның сенімін ақтай алмаған болса керек. Ол бұрынғы гвардиясына сенім артады, ал Қалмұрзаев қанша дегенмен тәжірибесі мол шенеунік.

Саясаткер, «Әділет» партиясы жетекшісінің орынбасары Серік Әбдірахмановтың айтуынша, Қалмұрзаевтың жоғарылауы заңды, сондықтан оған осы қызметте табыстар тілейді:
-Қалмұрзаев бұл қызметті бұрын да атқарған, аппарат жетекшісі болған, бұл істің қыр-сырын жақсы біледі, мен оның бұл жерде де жемісті еңбек ететініне сенемін. Ал Күлекеевтің ісіне қатысты айтсам, мен оны толық біле бермеймін, шынымен оны сүріндірді ме, қаржы полициясы қызметкерлері кәсіби біліксіздіктерін көрсетті ме, немесе Күлекеевтің өзі кінәлі ме, ол маған беймәлім. Қалай болған күнде де оның бәрі Қалмұрзаевтың жоғарылауына кедергі келтіре алмайды.

Саясатшы Андрей Чеботарев Қалмұрзаевтың бұл лауазымға келуіне Өтемұратовты осы орынға қою керектігі себеп болды деп есептейді:
-Өтемұратовтың аты түрлі мағынада баспасөз беттерінде жиі аталып кетті, оның үстіне ол «Форбс» журналының тізімінен табылды, сонымен бірге Рахат Әлиевтің тыңдауларына қатысы бар болды. Бұл лауазым ондайды көтермейді. Өтемұратов өзі байқамай өз тұлғасын жарнамалап алды, сондықтан оны алмастырудың реті келді.
Ал Қалмұрзаевқа келсек, оның орны біреулерге керек болды. Бұл ведомство да БАҚ- тарда жемқорлық жанжалдармен танылды. Сонымен бірге ол Күлекеев ісін ақыр соңына дейін аяқтай алмады - тағылған кінәні дәлелдеп бере алмай, оның арандатушылық іс екенін көрсетіп қойды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG