Accessibility links

«Талибанды» құрған адам ақыры тәлібтердің қолынан қаза тапты


"Талибан" қарулы жасағы. Ауғанстан. 13 желтоқсан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
"Талибан" қарулы жасағы. Ауғанстан. 13 желтоқсан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Guardian («Гардиан») қаңтардың 23-і күні Мекемеаралық барлау (Inter-Services Intelligence - ISI) тыңшылық агенттігінің көрнекті өкілі Сұлтан Әмір Тарардың Вазиристанда өзі құрған «Талибан» жауынгерлерінің қолынан тұтқында отырғанда қаза болғанын жазады.


«Талибан» жағы «Сұлтан Тарар жүрек ауруынан қайтыс болды» деген хабар таратса да, Пәкістан армиясының өкілдері оны қуаттай алмады. Қаңтардың 22-сі күні Пәкістанның АҚШ-тағы елшісі Хусейн Хаккани: «Имам Сұлтан Әмір Тарардың қайғысына ортақтасып, отбасына көңіл айтамыз» деді.

ҚҰПИЯ СОҒЫСТЫҢ ҚҰРБАНЫ

Сұлтан Әмір Тарарды 2010 жылдың наурызында Вазиристанда тегі пәкістандық Ұлыбритания журналисі Асад Куреши және адам құқықтарын қорғаушы белсенді, ISI тыңшылық агенттігінің бұрынғы қызметкері Халид Хаваджамен бірге ұрлап әкеткен еді. Асад Куреши өткен жылдың қыркүйегінде кепілге босатылған, ал Халил Хаваджа сол жылдың сәуірінде өлтірілген. «Олар Вазаристанға «Талибан» жайында фильм түсіруге барған еді» дейді Guardian.

Әмір Тарардың өлімін Ауғанстан мен Пәкістанның ортасында беймаза аймақтағы қылмыстық топтардың көрнекті өкілінің аяусыз қазасы ретінде сипатталады. «Әмір Тарардың екінші дүниежүзілік соғыстың парашютшілері киетін күртеше және қырлы әрі сәнді сәлдемен жүруі құдды Пәкістанның әскери исламға қатысты көпқырлы саясатын бейнелейтін еді» дейді басылым.

Әмір Тарар 1970 жылдардың басында Американың арнайы әскери күштерінің сапында партизандық соғыстарда шыныққан еді. Одан кейінгі он жыл бойына Совет Одағынының Ауғанстанға басып кіруіне қарсы Америка мен Пәкістан жүргізген құпия соғысқа қатысты. Ол сондай-ақ Белуджистан мен тайпалық аймақтарда Орталық Барлау басқармасы қаржыландыратын жаттығу лагерьлерін де басқарды. Мұнда Совет Одағына қарсы партизандық соғысқа жіберілетін мыңдаған моджахед дайындалатын.

Өз қарамағындағылардың, әсіресе пуштун босқындарының діни сенімі мен дәстүрін сыйлаған ол үлкен құрметке ие болған. Бұл жайында Әмір Тарар 2006 жылы Guardian басылымына берген сұхбатында «Олар мені өздерінің имам ретінде санайтын» деген пікір айтқан.

«ТАЛИБАН» АМЕРИКА БАСҚЫНШЫЛЫҒЫНА ҚАРСЫ ӨЗДІГІНЕН ПАЙДА БОЛДЫ»

Сұлтан Әмір Тарардан тәлім алған шәкірттерінің арасында ауған тәлібтерінің басшысы болған, 1996 жылы Кабулда билікті басып алған Мұхаммед Омар атты жас ауғандық дін қызметкері бар еді. Бұл көтеріліске Тарардың өзі бас-көз болған еді дегенді де келтіреді Guardian.

ISI тыңшылық агенттігінің қызметкері ретінде тәлібтердің Пәкістанмен байланысын дипломатиялық тәсілдермен реттеп отырған, Исламабадтың тәліптерге қару-жарақ, қаржылай қолдау мен ақыл-кеңес беруіне де сеп болған осы Сұлтан Тарар еді. Ол Мұхаммед Омармен тығыз байланыс орнатқан. Тіпті, кейбір деректер «Сұлтан Тарар 2001 жылдың соңында АҚШ Ауғанстанға шабуыл жасаған кезде Мұхаммед Омарға кеңес беріп отырды» дейді.

Кейін отставкаға шыққан Сұлтан Әмір Тарар Исламабадтың маңындағы Сауд Арабиясы қаржыландыратын жетімдер үйіне көмектесіп жүрді,
Бомба түскен қыздар мектебінің орнында жүрген балалар. Пәкістан, 5 қараша 2009 жыл.
ара-тұра телеарналардағы ток-шоулардан да көрінетін болды. Бірақ кейбір батыстық барлау деректеріне қарағанда, ол 2006 жылдан бастап ISI мен «Талибан» арасындағы дәнекер қызметін атқарған дегенді айтады басылым.

Әмір Тарардың өзі мұны жоққа шығарса да, «Талибанмен» байланыста болғанын және өзінің «көтерілісшілердің шәкірті» болғанын жасырмады. Ол 2010 жылы Guardian газетіне берген сұхбатында «Талибан» жайында былай деген: «Талибандықтардың күші - олардың жоғары мәдениеттілігінде. Онда бұрын моджахедтер қатарында болған менің достарым бар, қазір Пешаварға маған келіп тұрады. «Талибан» американың басқыншылығына қарсы өздігінен туындаған реакция болды. Моджахедтерде бұдан басқа жол жоқ еді».

2006 жылдың қазанында Пәкістанның сол кездегі президенті Первез Мушарраф ISI тыңшылық агенттігінің отставкадағы кейбір офицерлері «Талибанға» қолдау көрсетіп отырғанын, бірақ олардың атын атаудан бас тартатынын айтқан. Ал 2008 жылдың желтоқсанында АҚШ Әмір Тарар мен Орталық барлау басқармасының отставкадағы бірнеше қызметкерін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне терроризмді бақылауға бекіткені жайында хабар тарады.

Алайда Әмір Тарардың «Талибан» қолынан қаза табуы, оның қауіпсіздігін Пәкістан армиясының қамтамасыз ете алмауына (немесе ондай ниетінің болмауына) қарағанда, Тарардың қауіпсіздік құрылымдарымен байланысы бар деген сөз тым асыра айтылған сияқты дейді аталмыш басылым.

«АУҒАНСТАНДАҒЫ СОҒЫСТЫҢ СОЗЫЛУЫНА СЕБЕПКЕР – АҚШ-ТЫҢ ӨЗІ»

Халид Хаваджа мен Асад Курешидің Вазиристанға аяқ басуына және Пәкістандағы ең қауіпті деген жауынгерлермен байланысуына жол ашқан - Пәкістанның жиһадқа қатысты саясатын белсенді жақтаушы Әмір Тарар еді. Хаваджа Курешиге «Талибанның» басшысы Хакимулла Мехсудтен сұхбат аламын деп уәде береді. Бірақ бұрынғы тыңшы оның қаншалықты қауіпті екендігін ескермеген еді дейді басылым.

Бұған қатысты Хаваджидің Вазиристанға барар жолында Пешаварлық ардагер журналист Хакимулла Юсуфзайден сұхбат әрі кеңес алуға келгенін, Юсуфзайдың оған «Вазиристанға барма» деп өтінгенін келтіреді басылым. Бірақ Хаваджа «талибандықтармен» тіл табыса алатынын, олардың шынайы өмірін түсіруді және қарапайым тұрғындарды өлтіріп жатқандарын көрсетуді мақсат тұтатынын» айтқан.

Алайда оларды Вазиристанда Осман Пенджаби деген дала командирі ұрлап әкетіп, босату үшін бұрын белгісіз болып келген «Азиялық жолбарыстар» деген топтың атынан 25 миллион АҚШ долларын талап етеді. Наурыз және сәуір айларында Осман Пенджаби бұқаралық ақпарат құралдарына, оның ішінде Guardian басылымына ұрланған үш тұтқынды көрсеткен бейнекөріністі электронды почта арқылы жібереді.

Ондай жазбаның ең шулысы - 2007 жылы Исламабадта экстремистер басып алған Қызыл мешітті босату кезінде ISI мен Орталық барлау басқармасының агенті болған Хаваджаның «экстремистерді сатып кеттім» деп мойындаған жазбасы. Кейін Пәкістандық БАҚ-тарда тараған аудиожазбаға қарағанда, бұл жайттар пәкістандық танымал журналист Хамид Мир мен тұтқындағы үш адамның біреуінің арасындағы әңгімеде мәлім болған.

Осы оқиғадан соң үш апта өте Хаваджаның өлі денесі Солтүстік Вазиристанда жол жиегінен табылады. Мәйітпен бірге Америкаға қызмет еткен басқа тыңшылардың да тағдыры осылай аяқталатынын ескерткен жазба қалдырыпты. Ал Курешиді өткен жылдың қыркүйегінде жақындары кепілдікке босатып алды.

Әмір Тарарды ұрлаған Осман Педжаби жергілікті дала командирлерімен ұрыста қаза тауып, Әмір Тарар Хакимулла Мехсудтың пәкістандық «Техрик-и-Талибан» тобына өткен. «Талибан» жағы енді Әмір Тарарды қайтару үшін кем дегенде тұтқындағы бес сарбазын беруді талап етті. Бірақ Пәкістан армиясы одан бас тартып, іс насырға шапты. Қаңтардың 23-і күні Пәкістандық БАҚ-тар Әмір Тарардың тұтқында өлгенін, ал тәлібтер оның мәйітін қайтару үшін 15 мың еуро көлемінде ақша талап етіп отырғанын жазды.

Әмір Тарар ұрланғанға дейін ауған тәлібтерімен бейбіт келіссөздер орнатуды, оның одақтасы «Әл-Каидадан» бөлінуін жақтаған еді. Бұл Ауғанстандағы соғысты тоқтатудың бірден-бір жолы болатын. Ол мақсат қазір де күн
Тәліптер өз еріктерімен қаруларын өткізіп, Гераттағы өкімет орындары жағына шықты. Ауғанстан, 4 қараша 2010 жыл.
тәртібінен түспей келеді дейді Guardian.

Әмір Тарар АҚШ-тың Ауғанстанға қатысты саясатының кейбір тұстарын да сынаған болатын. Ол: «АҚШ-тың «Талибан» қозғалысын дала командирлерін сатып алу арқылы ыдырату стратегиясы өзін-өзі ақтамады. Бір қолмен тәтті беріп, екінші қолмен шықпыртып алу саясатының зардабы зор болмақ» деп ескерткен еді.

«Талибанның» негізін қалаған адамның осындай жағдайда қаза табуы бір нәрсені анық білдіреді. Ол, өз жерінде қандай адуынды барлау агенттігі қызметкері болса да, «Талибан» сияқты құрылымға ықпал жүргізуге қауқарсыз екендігін түсіне алмаған» деп түйіндейді Guardian.
XS
SM
MD
LG