Accessibility links

Қазақстанда жылына жүз мыңдаған тонна азық-түліктің жарамдылық мерзімі өтіп кеткені анықталады. Мамандар тамақ алғанда сақ болуға, құқықтарын қорғауда белсенділік танытуға шақырады.

Шығыс Қазақстан облысы Көкбастау ауылының тұрғыны Самал Жаппасова мамыр айының басында ауылдағы дүкендердің бірінен алған шұжығының жарамдылық мерзімі өтіп кеткенін үйіне барғанда бір-ақ көрген.

«Ауылда бар-жоғы бір-екі дүкен бар. Халал шұжықты үйдегі балалар жақсы көреді. Соларға 500 теңгеге шұжық алғанмын. Турар алдында мерзімінің он күн бұрын өтіп кеткенін көрдім. Шұжықты қайтарып бердік. Ауылдағы дүкендерде тұрып қалған тауарлар сатыла беретін сияқты. Қазір айына бір рет аудан орталығы Зайсанға барып, азық-түлікті сол жақтан әкелетін болдым» дейді ол.

УЛЫ СУСЫН, КӨГЕРГЕН ЙОГУРТ

Мерзімі өткен тауардан зардап шеккендер де жетерлік. Тараздық студент Қанат Шыңғысов – ішкен асының жарамдылық мерзіміне мән бермеудің кесірінен уланып, ауруханаға жатып шыққан адамның бірі.

«Былтыр Алматыдан ауылға автобуспен қайтып бара жатқан кезде тамақтанып алайық деп жолдағы жалғыз асханаға тоқтадық. Томат шырынын жақсы көремін. Сондықтан шай орнына соны алдым. Кейін жолда ішім бүріп ауыра бастады. Үйге жеткен соң жедел жәрдем шақырдық. Уланып қалыппын. Дәрігерлер асқазанымды жуып, емдеді. Шырынның жарамдылық мерзімі өтіп кеткенін кейін көрдім» дейді студент.

Қазір Қанат әуелі кез келген тауардың жарамдылық мерзімін тексеруді әдетке айналдырғанын айтады.

Бұзылып кеткен йогурт. (Көрнекі сурет)

Бұзылып кеткен йогурт. (Көрнекі сурет)

Ал алматылық Бауыржан Байқадамов сақтық жасаудың арқасында астан уланбай қалған. Ол қаладағы ірі дүкендердің бірінен сатып алған йогуртының қорабындағы жарамдылық мерзімі әлі өтпегенімен, сусынның өзі көгеріп кеткенін дер кезінде байқаған.

«Йогурттың қорабында әлі үш ай пайдалануға болатыны жазылған. Бірақ оған күдікпен қарадым. Йогурттың бетін қалың көк басқан. Кейін дүкенге барып, чекті көрсетіп, ақшамды қайтарып алдым» дейді ол.

Ол «йогуртты дүкенде дұрыс сақтамаған, не жарамдылық мерзімі қате жазылған» деп санайды.

«ЧЕКСІЗ ЕШТЕҢЕ ДӘЛЕЛДЕЙ АЛМАЙСЫЗ»

Заңгер Қайсар Қаңтарбаев сапасыз тауарға тап болған тұтынушыларды өз құқықтарын өздері қорғай білуге шақырады.

«Тауардың сапасына қатысты күдігі болса, жарамдылық мерзімі өткенін білсе, тұтынушы бірден сатып алған жеріне шағымдансын. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметке (СЭҚ), не прокуратураға хабарласуына да болады. Тұтынушы шағым түсірсе, СЭС, не прокуратура кезектен тыс тексеріс жүргізе алады» дейді заңгер.

Заңгер тұтынушыларды тауарды сатып алғаны туралы чекті сақтауға шақырады. Чек болмаса, ешбір құзырлы мекеменің тұтынушы шағымын қарай алмайтынын ескертеді.

Алматы облыстық СЭҚ бөлімшесінің маманы Зайра Қапарова тұрғындарды «сапасыз тағам сатылуы мүмкін-ау» деген орындарда сақ болуға шақырады.

Көшеде тағам сататын дүңгіршек. Балқаш, 10 ақпан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Көшеде тағам сататын дүңгіршек. Балқаш, 10 ақпан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

«Ұзақ жолдардың бойында тұрған асхана, дүкендерден тамақ алғанда абай болған жөн. Көбінесе осындай жерлерде мерзімі өткен тауарлар мол болады. Пойыз стансаларында тамақ сататындарда да сапасыз, мерзімі өтіп кеткен, тұрып қалған тамақтар болады» дейді маман.

Зайра Қапарова мұндай жерлерге тағам сапасын тексерушілер көп бара бермейтінін, уланған адамдар да оларды іздемейтінін не таба алмай қалатынын айтады.

«Ауылдағы дүкендерде де мерзімі өткен тауарлар болады. Ауылда дүкен аз, бәсекелестік те аз. Тексеріс те жиі жүрмейді, ауыл халқының өздері де шағым түсірмейді. Шағым түсіргеннің өзінде чек болу керек, ал ол дүкендер халыққа чек бермейді» дейді Алматы облыстық СЭҚ бөлімшесі маманы Зайра Қапарова.

Қазақстандық тұтынушылар көбіне сүт, ет, кондитерлік тауарлар мен жеміс-жидек сапасына қатысты жиі шағымданады. Жуырда қазақстандық Facebook қолданушысы өзі сатып алған сүттің «жасалған уақыты» ертеңгі күн екенін көріп таң қалғанын жазды.

Қазақстанда СЭҚ пен прокуратура қызметкерлері мерзімі өткен тауарларды «анықтау науқанын» жиі өткізсе де, бұл мәселеге қатысты шағым азаймай тұр. Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметінің мәлімдеуінше, 2013 жылы Қазақстанда 713 мың тонна сапасыз азық-түлік жойылған. Оның 100 мың тоннасының жарамдылық мерзімі өтіп кеткен. Кінәлілерге 10 миллион 852 мың теңге айыппұл салынған.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG