Accessibility links

Қала атын ауыстырудың шығыны қанша?


Жаңаөзен қаласының кіреберісінде тұрған қала атауы. 21 желтоқсан 2011 жыл.
Жаңаөзен қаласының кіреберісінде тұрған қала атауы. 21 желтоқсан 2011 жыл.

Жаңаөзен қаласының атын "Бекет ата" деп ауыстыру жайлы ұсыныс қоғамда қызу пікірталас тудырды. Мамандар бұл іске бірнеше жүз миллион теңге кетеді деп шамалайды.

Қала атын ауыстыру қомақты қаржыдан бөлек, біршама уақытты қажет етеді. Бірақ тарихи маңызды есім беруге бұл жайттар кедергі болмауы керек деп санайды Азаттыққа пікір білдірген мамандар.

«ХАЛЫҚТЫҢ ТАҢДАУЫ»

Жаңаөзен қаласының әкімі Серікбай Тұрымов қала атын ауыстыру туралы ұсыныс әзірге талқыланып жатқанын айтты.

- Бұл ұсынысты өз қаламыз ішінде және Маңғыстау өңірі талқылап жатыр. Қаланың атын өзгерту белгіленген заңдылықтарға сәйкес жүреді. Әрине халықтың пікірімен санасуға тиіспіз. Ол пікірлер қандай деңгейде болады, кім «қолдайды», кім «қолдамайды» оның барлығын екшеуіміз керек, - деді әкім.
Жаңаөзен қаласының әкімі Серікбай Тұрымов. Жаңаөзен, 1 маусым 2012 жыл.
Жаңаөзен қаласының әкімі Серікбай Тұрымов. Жаңаөзен, 1 маусым 2012 жыл.

Әкімнің өзі қала атын ауыстыруға қарсы емес, «бастысы – халықтың таңдауы болса болғаны». Қала атын ауыстыру біршама қаражатты қажет ететінін айтқанымен, ол нақты цифрды атай алмады.

- Дәл цифрды айта алмаймын. Әрине, белгілі бір шығын болатыны рас. Бірақ мен қазір дәл қанша қаражат кететінін айта алмаймын. Дегенмен ол (шығын – ред.), әрине, облыстық бюджеттен болады, - деді Серікбай Тұрымов.

Әкімнің сөзінше, «заң бойынша, қала атын ауыстыру ұсынысы толық халықтың талқылауынан өтіп, шешім қабылданса, қалалық мәслихаттың сессиясы өтуі тиіс».

- Онда тиісті шешім қабылданса, біз республикалық ономастикалық комиссияға, яғни, үкіметке жібереміз. Олар өз кезегінде тиісті құжатты президентке жолдайды, - деді Жаңаөзен қаласының әкімі.

Экономист Қанат Берентаевтың пікірінше, Жаңаөзен атауын ауыстыру көп ақшаны қажет етпейді.

- Бұл процеске керек қаражат мөрлермен қаладағы бюджеттік мекемелердің бланкілерін қайта жазуға ғана кетеді. Яғни бұл іске кететін қаражат айтарлықтай көп емес, сондықтан, менің пікірімше, Жаңаөзен атын ауыстыруда саясаттан өзге негіз жоқ, - дейді экономист.

Ал Серікбай Тұрымов, бұл бастаманы саясатпен байланыстырмайды.

- Бұл мәселені өткен жылғы оқиғамен я болмаса басқа да саяси оқиғамен шатастырғым келмейді. Бұл жалпы өзгеріс үшін, қаланың жаңаруы үшін көтеріліп отырған бастама, - дейді Тұрымов.

«МЕМЛЕКЕТ БЮДЖЕТІ КЕЗ-КЕЛГЕН ШЫҒЫНДЫ КӨТЕРЕДІ»

Қазақстанда тәуелсіздік алғаннан кейін, 1991-2005 жылдар аралығында үш облыстың, 12 қаланың, 53 ауданның, 7 шағын ауданның, 43 теміржол станциясы мен разъездің және 957 шағын елді мекеннің аттары ауысты. Бұл өзгерістер ең алдымен Қазақстанның батыс өңірінен бастау алды.

Бұл істе Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласы алғашқылардың бірі болды. 1964 жылдан 1991 жылға дейін украин ақыны Тарас Шевченконың құрметіне Шевченко аталып келген қалаға 1992 жылы Ақтау есімі берілді.

1640 жылы Қазақстанның батысындағы ағайынды Гурьевтердің аты қойылған Гурьев қаласы 1992 жылы Атырау болып өзгертілді.

Елдегі ерте өзгеріске түскен қалалардың бірі – Тараз. «1997 жылға дейін Жамбыл аталып келген қала өзгеріс кезінде бірқатар қиындықтарға тап болғаны рас» дейді Азатыққа сұхбат берген Тараз қаласы әкімінің орынбасары Күлімхан Тоғызбаева.
Қаланың кіре берісіне қойылған арка. Тараз қаласы. 27 мамыр 2011 жыл.
Қаланың кіре берісіне қойылған арка. Тараз қаласы. 27 мамыр 2011 жыл.

- Қала аты өзгергеннен кейін құжаттардың, карта-атластардың барлығы өзгеріске ұшырайды. Аз ақша да кетпейді, дегенмен қаланың атын өзгертіп, оның тарихы атын қайтадан қайтару – біздің парызымыз, - дейді ол.

340 мың тұрғыны бар қалаға Тараз есімін беру кезінде салмақ көбіне республикалық және облыстық бюджетке түскенін айтқан маман, қала атын ауыстыруға қанша қаражат кеткендігін білмейтін болып шықты.

- 15 жыл өтті ғой, нақты айта алмаймын, дегенмен менің ойымша, шамамен 500 миллиондай ақша кетті, - деді Күлімхан Тоғызбаева.

Қазақстанның шығысында орналасқан Семипалатинск 2007 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы бойынша Семей болып өзгерді. Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орынбасары Берік Көпбаев қала атын ауыстыруды игі іс деп бағалайды.

- Мен қала аты ауысқанда бұл бөлімде жұмыс істеген жоқпын, сондықтан бұл ауысуға нақты қанша қаражат кеткенін айта алмаймын. Бұл іске мемлекеттік көлемде шығын шығарылады ғой. Бірақ қазір Петропавл Қызылжарға ауыспай жатқанда, Павлодар және тағы басқа елді мекендер тиісті атын ала алмай жатқанда «бәленбай шығын кетеді» деген сөз болмау керек. Мемлекет бюджеті кез-келген шығынды көтере алады. Керек болатын болса, белгілі бір азаматтың атын қояр кезде олардың ұрпақтарының өзі біраз мәселені шешіп береді, - дейді маман.

Оның сөзінше, бұл іске «миллиондаған қаражат кетпейді».

- Сондықтан бұл істен қорқудың, «мемлекеттің қаржысы кетеді» екен, «бюджетке зиян келтіреді» деген алып-қашпа сөздердің қажеті жоқ, - дейді Берік Көпбаев.

ТҰСПАЛДАР

Бірнеше ай бұрын Алматы атауы «Алма-Ата» болуы мүмкін деген сөз айтылып, ол қоғамда қызу талқыланған еді. Оған Алматы әкімінің орынбасары Серік Сейдумановтың мамырдың 28-і күні журналистермен кездескенде «Алматы қайтадан Алма-Атаға айналуы мүмкін. Қаланың Алма-Ата аталуын мен де, әкім де қолдайды – әдемірек жазылады, жақсырақ жіктеледі, құлаққа да жағымды. Конституцияны жазған кезде ешкімнен сұрамай, қазақша да, орысша да «Алматы» деп жазды» деген комментариі түрткі болды.

Осы мәселеге қатысты «Vласть» журналы бұл өзгерістің қанша тұратындығын «экономистермен бірге санап та үлгерген».

Басылымның жазуынша, екі миллионға жуық қала тұрғындарының жеке куәліктері толығымен өзгеруі керек. Бұл шараға шамамен 80 миллион АҚШ доллары кетуі мүмкін екен. Қосымша 20 миллион доллар барлық мемлекеттік мекемелердің маңдайшаларын ауыстыруға жұмсалады. Жаңа картаға, яғни барлық карталардағы «Алматыны» «Алма-Ата» етіп өзгертуге 5 миллион доллар кетуі мүмкін. Конституция мен көптеген заңдардағы өзгеріс тағы 10 миллион долларды қажет етеді. «Vласть» журналының есебінше, Алматының Алма-Ата болуы 115 миллион АҚШ долларына түседі.

Алайда бұл есептің қаншалықты дұрыс екендігіне көз жеткізу қиын. Оның үстіне биылғы мамыр айында Алматы әкімі Ахметжан Есімов «әзірше қала атауы ауыспайтынын» мәлімдеді.

Қадірлі оқырман, бұл мақаланы автордың Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында да талқылай аласыз.
XS
SM
MD
LG