Accessibility links

Әртүрлі аймақтардан шыққан жергілікті бірнеше кәсіпкер Азаттық тілшісіне Қазақстанда бизнес жасаудың көпшілік біле бермейтін ерекшеліктерін ашық айтып беруге келісті.

Transparency International желтоқсанның 5-і жариялаған «Жемқорлықты қабылдау индексіндегі» 176 елдің ішінде Қазақстан Ресеймен бірге 133-орында тұр. ТМД елдерінің ішінде сарапшылар мен кәсіпкерлер жемқорлығы ең аз деп бағалаған Грузия – 51-орынға шыққан.

Азаттық тілшісі әртүрлі салада бизнеспен шұғылданып жүрген қазақстандық шағын және орта кәсіпкерлерден өздерінің «пара беру тәжірибесі» жөнінде сұраған еді. Кәсіпкерлердің аты-жөні тілшіге белгілі болғанмен мақалада олардың жеке бас қауіпсіздіктері үшін есімдері мен мен аудио-сұхбаттары жарияланбайды.

ПАРАСЫЗ БИЗНЕСПЕН АЙНАЛЫСУ МҮМКІН БЕ?

Бірінші кәсіпкер (құрылыс, үй салу ісімен айналысады):

- Егер пара бермесеңіз, сізбен ешкім сөйлеспейді. Бұл қоғамдағы жазылмаған заң болып тұр ғой. Онсыз Қазақстанда бизнеспен айналыса алмайсың. Заманға бейімделе алмайтын, білімі жоқ, ойлау қабілеті жоқ адамдар кәсіпкер бола алмайды.

Екінші кәсіпкер (қоғамдық мекемелерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізумен, жобалау ісімен айналысады):
Егер пара бермесеңіз, сізбен ешкім сөйлеспейді. Бұл қоғамдағы жазылмаған заң болып тұр ғой.


- Егер мемлекеттік мекемелермен жұмыс істеу керек болса, онсыз (парасыз – ред.) жұмыс жүрмейді. Әйтеуір бір себептер табылып жатады. Көмек ретінде ме, басқа түрінде ме, әйтеуір айналдырып алады. Бірақ қазір кішкене мемлекеттік мекемелермен жұмыс істеуді азайттық. Бұрын көбірек істейтінбіз. Қазір жеке меншік кәсіпкерлермен көбірек жұмыс істеп жүрмін. Оларда мұндай мәселелер көтерілмейді.

Үшінші кәсіпкер (құрылыс саласы, негізінен қайта жөндеу, күрделі жөндеу, канализация, су жүргізу ісімен айналысады):

- Парасыз әрине, жұмысымыз жүрмейді. Қазіргі уақытта онсыз жұмысыңызды бітіре алмайсыз. Жиі беруге тура келеді.

ТЕНДЕРДІ ҰТУ ҮШІН НЕШЕ ПРОЦЕНТ «ОТКАТ» БЕРІЛЕДІ?

Бірінші кәсіпкер:

- «Откаттың» проценті кәсіпкердің «көкесінің» (мемлекеттік қызметте істейтін жоғары лауазымды танысы, я туысы – ред.) бар-жоғына байланысты. Егер менің жақсы көкем болса, онда мен көкеме айтып түсіндіруге мүмкіндігім бар. Мысалы, «көкемнің» өзі облыс әкімі болып тұрса, оған кіріп: «көке мынаны кішкене түсіру керек, болмай тұр» деп түсіндіріп айта алам. Ал егер «көкем» көкемнің көкесі, танысымның танысы болып тұрса, онда бағасын міндетті түрде көтереді. «20» десе, 20-ға келісем. Негізі 10-нан басталып, 20-30 процентке дейін де бара береді.

Сосын «откаттың» процент көлемі кей кезде орындалатын жұмыс көлеміне де байланысты. Кейде мысалы «біз қадағалауын аламыз да, сен «тяп-ляп» істеп берсең болды» деп айтады. Мұндай кезде 30 процентке келісуге болады. Кейін «делоларды» тексеріп келгенде проблема туындаса, 30 процентін алған адамға барып айтады.
Ал егер «көкем» көкемнің көкесі, танысымның танысы болып тұрса, онда бағасын міндетті түрде көтереді. «20» десе, 20-ға келісем.


«Тяп-ляп» деп... тек «косметикалық ремонттарды» талап ететін жұмыстар болады. Мысалы, бет жағын әктей салатын, краскілей салатын. Ал ар жағында не болып жатқаны белгісіз. Соны атайды. Кәсіпкерге ең керегі қол ғой. Қабылдап алдым деген қол. Қабылдап алғаннан кейін бүкіл жауапкершілік қабылдап алған адамға кетеді.

Екінші кәсіпкер:

- Осы көктемде таныс арқылы тендер ұттым. Біздің компанияның тәжірибесі көбірек. Біреуден біреу естиді дегендей, біздің компанияны естіп, өздері тендер ұсынды. «Осындай тендерді алып берсек қалай болады? Көмектесіп жіберсек деп». Негізі жобалаудікі бөлек, құрылыстыкі бөлек болады. Біз жобалау бойынша «ұттық». 12 пайызға келістік. Ол кезде күрделі жөндеу болған.

Өз басым көп процентке келісе бермеймін. Сапалы жұмыс жасаймын деген адам көп пайызға келіспейді. Мысалы, маған да «15-20 процент» деп келген кездер болған. Мен араға түскен адамдар болса да, оған келіспедім. Себебі ақшасы бар болғанмен ертеңгі күні бәрінің жауабы бар. 20-30 процентке келісіп жүргендер – сау бастарына сақина тілеп жүргендер ғой. Ертең құрылыс жасаған кезде жаман материал қолданып, үнемдеп, материалдарды жеткізе алмай қиналады. Соның бәрін қабылдап алатын адамдар да болады. Мықты тіректері бар адамдар ондайға да бара береді. Ал мен ондайға бармаймын.
Алматыдағы жүріп жатқан құрылыстың бір көрінісі. 2 ақпан 2011 жыл

Алматыдағы жүріп жатқан құрылыстың бір көрінісі. 2 ақпан 2011 жыл


Үшінші кәсіпкер:

- Қазір негізі 10 процент деген жоқ. Келісіп, түсіртіп, 12-13 пайыз қыласыз. Ең көп дегенде 15 пайыз. Ал 20 процентке келіскенше, істемей-ақ қойған дұрыс. 15-тен көп болса, істеудің мәні де жоқ. Өйткені, қаншама жұмыс, еңбек. Адамдардың айлығы бар. Салықтар бар. Жақсы мамандар жалдау керек. Тексеруші органдар бар. Технадзор өлгенде бір процент сұрайды. Оның бәрі ертеңгі күні ақша. Объектіні алып алғаннан кейін бәрі басталады. Құрылысқа рұқсат аласың. Оның өзі ақша. Оған бермесең, рұқсат бермей қояды. Біз бір ретте бір ай жүргенбіз ала алмай. Әкімшілік «ойбай, сендер құртып жатырсыңдар» деп ойбайлайды. Оларға бересің. Фондқа аударып бер дейді. Фондына аударып бересің. «Техника бер» дейді. Техникасын бересің. Мұнан соң «участковыйың» келеді. «ЧС»-тың бір қолы 500-ге барады. Бір қолдың құны. СЭС бар. Архитектурный. Сонымен общым өткізем дегенше... Білмеймін. Бизнес негізі қиын. Ақша бермей жұмыс істеу мүмкін емес.

Бір жыл таза тапсырып көрейік деп құжаттарды тапсырдық. Бір апта қарады да, «мына документің жоқ» деп қайтарып берді. Оны өзгертіп, қайта өткіздік. Бұрынғысы дұрыс болып шықты да, басқасы жоқ деп қайтадан қайтарып берді. Сөйтіп, үш рет қайтарып берді. Онан кейін мен айттым, «сендер бірден айтпайсыңдар ма, бәрін толықтыратын едік қой» деп. Ал олар болса айтпайды. Екі қатені көрсетеді де қайтадан өзіңіңізге тапсырады. Қайтадан өткізесіз. Сосын тағы келесі. Мұның бәрі уақытты босқа шығындау екенін түсіндік. Кейіннен еріксіз бардық, «әй жігіттер, не істейміз, келісейік» деп. «Бағанадан бері келмедіңдер ме?» дейді. Бересің. Бір күнде алып шығасың.
Қазіргі жағдайда ол 10 мен 15 пайыз арасы. Енді 10 пайыз деген қалып бара жатыр.


Арада таныстар да болады. Әртүрлі. Былай да сөйлесе береді кей кезде. Кейбіреулер қорқады. Кейбіреулер қорықпай айтады. «Алып кеп бер, болмаса болмайды» дейді.

Төртінші кәсіпкер ( құрылыс, жобалау, күрделі жөндеумен айналысады):

- Әрбір конкурсқа кірер алдында бірінші «откатпен» келісіп аласың. Қазіргі жағдайда ол 10 мен 15 пайыз арасы. Енді 10 пайыз деген қалып бара жатыр. Сол 15 пайыздан бөлек, мен таза сол жобадағы жұмысты істеп беретін болып, маған 10 пайыз пайда қалмайтын болса, мен оған кірмеймін. Бюджеті аз салынған болса, мен келіспеймін. Себебі мен жұмысты бітіре алмай қалам, сосын проблемам басталады.

Бесінші кәсіпкер (кеңсе заттарын қамтамасыз етумен айналысады):

- Тендерлерге жылына екі-үш рет қатысып тұрамыз. Бізде құрылыс саласы сияқты ақша айналымы көп емес. Көп болса, 5 миллион теңге. Кейде 2-3 миллион. Кей кезде 1 миллион 700 мың теңге. Сол сияқты. Бізде көкең бар-жоқ, бәрібір, шешетін адамдар сол проценттерде отыр. Әдетте, 10 процентін береміз. Шешетін адамдарға шығып, ауызекі келісімге келіссең, сол тендерді жеңіп аласың.

«ОТКАТҚА» КЕТКЕН АҚШАНЫҢ ОРНЫ ҚАЛАЙ ТОЛАДЫ?

Бірінші кәсіпкер:

- Үнемдеуге тура келеді. Мысалы, көп жерлерде құрылыста астына бетон құймауға болады. «Стяжка» деген бар. Ол сметада есептелгенмен оны құймауға да болады. Бұл бір жағынан салып жатқан компания басшылығына байланысты. Кейбір компаниялар салған үйлер жылтырап тұрғанымен ар жағында не болып жатқаны түсініксіз. Қанша уақытқа шыдайтынын ешкім білмейді. Бір жылдан соң-ақ ажырап кетуі мүмкін. Ал бізге компанияға имидж керек. Анау компания шала істейді деген сөз біз үшін жаман сөз. Сондықтан үнемдеу тәсілін де біле білу керек.

Екінші кәсіпкер:

- Жобалау саласында оңай. Құрылыс сияқты онда материал алынбайды, ештеңе сатылып алынбайды. Ол интеллектуалдық жұмыс. Адам өз идеясын, бастағы білімін қағаз жүзіне шығарады. Сол себепті бізге оңай. Құрылысқа қарағанда жобалауда ақысыз бағасын шығарған кезде пайдасы көбірек болады. Ал құрылыста неше түрлі жағдайлар болып жатады. «Фактор неожиданности» дейді. Ойламаған нәрселер шығып жатады. Мысалы, есепке, сметаға кірмеген шығындар болып жатады. Сол себептен құрылыста өте-мөте тәуекелге бел байлайсың. Ал жобалауда оңайырақ.
Шығынды толтыра алмайтын кездер болып тұрады. 4-5 объект болса, соның біреуі кішкене зиянды болады. Қалғандарынан бірнәрсе қылып шығасың.


Үшінші кәсіпкер:

- Енді үнемдейсіз ғой. Саннан аласыз. Материалдан үнемдейсіз. Жалақыдан үнемдейсіз. Салықтан үнемдейсіз. Кейбір сметалар жақсы жасалады. Ондай жерден беруге болады. Кейбір сметалар қымбат. Кейбір сметалар арзан болады. Кейбір объектілер «убыткаға» (шығын – ред.) кетіп қалады.

Ара-арасында қолданылған материал пайдалануға тура келеді. Кей кезде азаматтар жұмыстың сапасын сұрайды. Мен айтам, «мынадай процент сұрап жатырсыңдар. Керемет сапа болмайды енді, әрине» деймін. Бәріне болмаса да, арасында қолданасың, әрине. Онсыз болмайды. Шығынды толтыра алмайтын кездер болып тұрады. 4-5 объект болса, соның біреуі кішкене зиянды болады. Қалғандарынан бірнәрсе қылып шығасың.

ПАРАНЫ ТАПСЫРУ МЕХАНИЗМІ ҚАНДАЙ?

Бірінші кәсіпкер:

- Қолма-қол қағаз ақшамен апарып береміз. Қазір айлықты да қағазбен беретіндіктен, материал сатып алған кезде де қағаз ақша қолданатындықтан оған қатысты проблема жоқ. Үлкен фирмалар болмаса, жай кісілер конвертпен бере береді.

Екінші кәсіпкер:

- Қолма-қол берем. Арада жүретін адам артымыздан қалмайды ғой (күледі).

Маған қағаз ақшаға айналдыру қиын болған жоқ. Өйткені, менде бірнеше объект бар. Құрылыс жүріп жатыр. Құрылыс жүргеннен кейін таза ақша алынады, салынады. Жүреді ары-бері.

Үшінші кәсіпкер:
Ақша санап отырған бюрократ. Көрнекі сурет.

Ақша санап отырған бюрократ. Көрнекі сурет.


- Енді оны өз ақшаңыздан бересіз. Жұмыс ақшасынан бере алмайсыз. Ол мысалы 30 процентпен төлейді ғой. Оны сіз объектіге жібересіз. Материал аласыз. Анау-мынау. Ал беретін ақшаны өз ақшаңнан бересің. Өзіңіздің ақшаңыздан бермесіңіз, ертеңгі күні қиын болады.

Төртінші кәсіпкер:

- Ондай параны берудің де өз орны бар. Мысалы, сұраған сумманы сіз бірден бермейсіз. Себебі сізге ауыр тиеді. Сондықтан ұтып алған кезде ақшаның бірінші 30 пайызы түседі. Сол 30 пайыздың ішінен 15 пайызын бересіз. Одан кейін жұмыс біткесін 70 пайыз түскен кезде тағы 15 пайызын бересіз... Сізге қызық жағдайды айтайын ба. Атын айтып түстемей-ақ қояйын. Бір конкурсқа бардым. Негізі процентіміз он болатын. Екі-үш жыл солай алып жүргем. Сосын ол маған 20 пайыз деді. Мен түсінбей қалдым, неге 20 пайыз деп едім: «сіз дұрыстап есептеңіз, біз әдейі «откатты» көбірек алу үшін сүйтіп отырмыз. Бөлінген ақша 100 миллион болса, біз оған 150 миллион қылып үстіне тағы қостық. Сметаны әдейі үлкейтіп кеңейттік. Бюджеттен көп салыну үшін. Сондықтан сіз 20 пайызын берсеңіз де, тіпті 30 пайыз берсеңіз де, тіпті жұмысты істеп кеткен күннің өзінде қалатын ақша былай жетеді» деді. Кейіннен есептеп қарасам, шындығында солай салынған. Сондықтан 20 пайыз маған ауырлық тигізген жоқ. Мен қуана қуана айтқан пайызын бердім. Негізгі мақсат сол жобаны алу керек болатын.

ӨМІРДЕ БЕРГЕН ЕҢ ҮЛКЕН ПАРА КӨЛЕМІ ҚАНДАЙ?

Екінші кәсіпкер:

- Есімде жоқ. Қандай жағдай болмады дейсіз. Бермесең болмайды, жұмыс істеу керек. Жұмыс істейін десең, беруге тура келеді. сондай жағдайлар көп болды. Бірақ есімде де жоқ.

Үшінші кәсіпкер:

- 150 мың АҚШ доллары. Одан артыққа шамам де жетпейді.

Төртінші кәсіпкер:

- 50 миллиондай теңге бердім ғой деймін. Бір жолы бергенім.

ПАРА БЕРГЕНДЕ ҚАНДАЙ КҮЙ КЕШЕСІЗ?

Бірінші кәсіпкер:

- Өзімді кінәлау сезімі болмайды. Себебі біз – кәсіпкерлер, алдымызда не тұр, соған бейімделеміз. Бұл жүйені ойлап тапқан мен емеспін. Егер нан тапқым келсе, осылай істеуім керек. Мәселен, мен Африкада тұрсам немесе Кувейтте тұрсам, ойбай, Африкада тұрып жатырмын екен деп қол қусырып отырмаймын. Палатка тігем, құдық қазам. Су іздеймін. Қарап отырмаймын. Сол сияқты «парақор жүйемен жұмыс істемеймін» деп отырсаң, кім саған нан береді?
«Парақор жүйемен жұмыс істемеймін» деп отырсаң, кім саған нан береді?


Екінші кәсіпкер:

- Қандай да бір ойлар мазалайды ғой, әрине. «Қайда бара жатырмыз, қай жаққа бара жатырмыз, осылай жүріп қалай ел боламыз» деген сияқты ойлар келеді. Оны ойлай берсең, тағы да болмайды. Отбасым бар, ақша табу керек, жұмысшыларым бар, оларға да ақша табуым керек. Не үшін бастық болып жүрмін жұмыс тауып бере алмасам. Біздің істеп жатқан заңға қайшы істеріміз негізі алдымызда тұрған міндеттерді орындаудың бір амалы боп тұр. Менде 5-6 инженер болсын, 10 инженер болсын, оларды жұмыссыз қалдырмауым керек. Оны қалай істеймін? Осындай заңсыз әрекеттер арқылы істеймін. Айналып келіп өзімізге соғады. Басқа жол табу қиын қазір. Егер жеке меншік кәсіпорындармен жұмыс істесе, ондай мәселелер көтерілмейді. Бірақ оның өзінше басқа нюанстары бар.

Үшінші кәсіпкер:

- Әрине, ол дұрыс емес енді (күледі)... Ислам дінін ұстанып жүрген бизнесмен жолдастарым бар. Мықты компаниялары бар. Олар да тендерге қатысады. Алдында 4-5 жыл қатыспай жүрген «болмайды» деп. Сосын үлкен бір имамдардан кеңес алыпты. Айтқан ғой, «Жұмыс істеу мүмкін емес онсыз, қалай жұмыс істеймін. Қатыссам ұтылып қала берем» деп. Тендерге қатысады. Бірде-біреуін ала алмады. Ақыры екі жыл болды. Келісті ғой әйтеуір. Ислам дінінде егер мәжбүрлікпен беруге тура келсе, оған ана адамдардың өздері жауап береді екен. Солар мойнымен көтереді бұлар емес. Біз де мәжбүрлі түрде береміз. Бермесең, жұмысың жылжымайды.

Төртінші кәсіпкер:

- Бір-ақ қана әсер болады. Қазір пара беріп жатқан кезде біреу келіп ұстап алмаса деген. Өйткені менің бала-шағам бар, қарамағымда пәленбай жұмысшы бар. Мен соларды қатты ойлаймын. Менің міндетім жұмыс беруші болғандықтан соларды айлықпен, жұмыспен қамтамасыз ету. Сондықтан ар ұятым мазалайды деп айта алмаймын. Мүмкін, соншалықты дәрежеде бұзылып кеткен болармын. Бірақ ондай нәрсенің маған қажеттілігі жоқ деп ойлаймын. Өйткені бұл – бизнес.

Бесінші кәсіпкер:

- Өзімді кінәлі сезінемін. Бірақ...сіз өзіңіз ойлаңызшы, не осы жүйеге көндігіп, ақша тауып, отбасыңды асырайсың, балаларыңа ақша бересің. Не бұл ойынға келіспеймін деп ойыннан шығып, бизнесіңнен де айрыласың. Бұл жүйеге еріксіз көнесің.

ҚАЛЫПТАСҚАН ЖҮЙЕГЕ ҚАТЫСТЫ ОЙЫҢЫЗ?

Бірінші кәсіпкер:

- Менің ойымша, ақша көбейген сайын демократия жағын көбірек ойлай берген дұрыс. Адамдарды, системаны өзгерту туралы. Ал ақша тапқанша сол системада жүре тұруға келеді. Бұл да жүйенің «кілті» сияқты ғой. Әзірге біз ол жаққа өз кілтімізбен кіре алмай тұрмыз. Олардың кілттерімен кіреміз.

Екінші кәсіпкер:

- «Балық басынан шіриді» дейді. Бір-ақ жерден шара қолдану ешнәрсені өзгертпейді. Оны жаппай қолдану керек. Ақша деген жаман нәрсе. Ақша ең астынан жоғарыға қарай ағады. Ақшадан басқа еш нәрсе де бұлай жоғарыға ақпайды. Ал егер жоғары жаққа ақса, демек жоғарыдағылар оны қолдайды деген сөз. Бір-екеуін ара-арасында ұстап қояды. Жұмыс істеп жатырмыз дегендей. Шын мәнінде ол – жүйе.
Парақорлық та жүйенің «кілті» сияқты ғой. Әзірге біз ол жаққа өз кілтімізбен кіре алмай тұрмыз. Олардың кілттерімен кіреміз.


Үшінші кәсіпкер:

- Қазір «жемқорлықпен күрес» деп керісінше, бәрі қымбаттап кетті. Бұрындары барлық жерде 10 процент («откаттың» проценті – ред.) дейтін еді ғой. Қазір өлгенде 15 сұрайды. Өйткені, тексеретіндер көбейген. Анаған-мынаған беру керек. Керісінше, қысқан сайын қымбаттатып жатыр. Меніңше, тек қана қыспай, басқа да жолдармен күресу керек сияқты.

Қазіргідей жағдайда жемқорлықты жою мүмкін емес сияқты. Себебі бизнестің өзі билікпен «араласып», күрделеніп, жүйе болып кетті. Қазір ірі бизнестердің бәрі үлкен шенеуніктердікі. Кіші, орта бизнесте де тиісетіндер бар. Одан үлкейіп бара жатсаңыз, кем дегенде «көкеңіз» болуы керек қой. Болмаса тартып алады.

Бірақ уақытша шығар. Өзгерістер болады деп ойлаймын. Үміт етеміз. Әзірге, қандай жүйе бар, сонымен жұмыс істей береміз.

Төртінші кәсіпкер:

Біз Ресейдің кішкене ғана макетіміз. Олар да тек шикізатқа байланып, соны сатып бюджетке салып, күн көріп отыр. Айлығын зейнетақысын, бәрін сол арқылы өтеп жатқан мемлекет. Бізде тура солай. Біз тіпті бюджетті таза мұнаймен толтырып отырмыз. Мұнай қалай, бюджет те солай....

Еуропаны айтпаған күннің өзінде мына дамып кеткен елдер Жапония бар, Шығыс елдері, кәрістер бар, америкалықтарды айтпаған күннің өзінде, оларда мұндай жүйе жоқ. Бұл – баяғы Совет Одағының әсері, әрине. Осы совет өкіметінен бөлініп кеткен елдерде ғана осындай нәрсе қатты дамып кеткен шығар...
Біз Ресейдің кішкене ғана макетіміз. Олар да тек шикізатқа байланып, соны сатып бюджетке салып, күн көріп отыр.


Әрине үлкен мемлекеттерде ондай нәрсе (жемқорлық) бар. Бірақ біздегідей бүкіл қоғамның барлық саласына тарап кету деген жоқ. Біздікі масқара деңгей. Өте масқара жағдай. Оны тоқтатуға болады, әрине. Үлгілер көп. Кез келген Еуропа мемлекеттерін, әсіресе Батыс Еуропа елдерін алыңыз. Солардан үйреніп жасауға болады. Адамның санасын өзгерту жоғары басшылыққа байланысты. Өздері үлгі қып көрсетіп, осыны жасайтын болса, бұл да жойылатын нәрсе.

Бесінші кәсіпкер:

- Елдегі жағдайды мемлекет басында отырған шенеуніктер білмей отырған жоқ. Жақсы біледі. Сол жүйені толық ауыстырған кезде ғана жағдай түзелетін шығар. Қазір жүйе сондай болғаннан кейін не олармен бірге жұмыс жасайсың. Егер келіспесең, сыртқа лақтырып тастайды. Бәсекелестік болса, үкіметке тиімді болатын шығар. Көп ақша үнемделетін еді. [Ал қазіргі қалыптасқан жүйеге сәйкес] кез келген облыс әкімі, қала әкімі миллиардер ғой.

«ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ ТӨРТТЕН БІРІ – ТЕНДЕРДЕ»

Биылғы қазан айының басында «Нұр Отан» партиясының жемқорлықпен күрес кеңесінің төрағасы Оралбай Әбдікәрімов елдегі жемқорлық әрекеттердің төрттен бірі мемлекеттік сатып алу саласында жасалатынын мәлімдеген еді.

Дәл осы «Нұр Отанның» жиынында қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов заңбұзушылықтар негізінен мемлекеттік сатып алуды конкурс (тендер) арқылы жүзеге асыру барысында болатынын айтқан.

Қаржы полициясының дерегіне сілтеме жасаған «Нұр Отан» партиясының мәліметінше, 2010-2012 жылдар аралығында қаржы полициясы 1159 жемқорлық әрекетті анықтаған. Олардың басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан (143), Атырау облысы (122), Шығыс Қазақстан облысы (93) және Павлодар облысында (77) жасалған.
2011-2012 жылдары жасалған заңбұзушылықтардың қаржылық көлемі 351 миллиард теңгеден асқан.


Ал қаржы полициясының дерегі бойынша 2012 жылдың тоғыз айы ішінде 409 парақорлық әрекет анықталған. 2011-2012 жылдары жасалған заңбұзушылықтардың қаржылық көлемі 351 миллиард теңгеден асқан.

Бұған қатысты прокуратура органдары биылдың өзінде 113 қылмыстық іс қозғағанын хабарлаған. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда екі есе көп.

Статистика агенттігінің дерегіне сәйкес, 2012 жылғы қазан айына дейін Қазақстанда 754 706 шағын және орта бизнес орындары тіркелген. Олардың 62 665 - шағын, 7 432 - орта, 516 209 жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. 168 400-і - шаруа қожалықтары.

Ресми дерек бойынша, қазіргі кезде шағын және орта бизнес Қазақстандағы жалпы ішкі өнімнің үштен бір бөлігін құрайды. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары (50-80 пайыз).
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG