Accessibility links

Жасөспірімдердің өзіне қол жұмсауын түрліше түсіндіреді


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Соңғы айда Қазақстанның түрлі облыстарында өздеріне қол салып өлген жасөспірімдер туралы ақпарат әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Мамандар оқу жылының соңында оқушыларға психологиялық салмақ түсірмеуге шақырады.

Өткен апта Астана қаласында кәмелетке толмаған екі жасөспірім 11-қабаттағы пәтердің балконынан секіріп қаза болды. Қарсы беттегі үй тұрғындарының видеосына ілінген бұл оқиға әлеуметтік желілерде жиі талқыланды. Соңғы айда Ақтөбе облысында да бірнеше жасөспірімнің түрлі жолдармен өздеріне қол жұмсағандары туралы ақпарат тарады. Бұл қайғылы оқиғаларға қатысты түрлі болжамдар жасалды, соның ішінде «оқушылардың суицидке баруына ҰБТ-ның да әсері көп» деген пікірлер айтылды.

Мамырдың 15-інде осы оқиғаға қарай мәлімдеме жасаған білім және ғылым министрлігі бақылау комитетінің төрағасы Саят Нүсіпов «ҰБТ нәтижесіне байланысты бірде-бір суицид болмаған» деп мәлімдеді.

Азаттық тілшісі жоғары сынып оқушыларының арасындағы суицид туралы дәрігер-психотерапевтермен, орта мектеп психологтарымен сөйлесіп, бұл құбылыстың оқу жылы аяқталатын кезде неліктен назарға жиі ілінетіні туралы пікірлерін білді.

ЖАСӨСПІРІМГЕ ШЕКТЕН ТЫС ТАЛАП ҚОЮ

Астана қаласындағы «Салауатты өмір салтын қалыптастыру» орталығында дәрігер психотерапевт қызметін атқаратын Назгүл Шідерханқызы бұл мәселені бірнеше жылдан бері зерттеп келе жатқанын айтады. Оның сөзінше, Қазақстанда жылына шамамен орта есеппен 200-ге жуық жасөспірім өзіне қол салады.

- Бұл көрсеткіш әр жылы әртүрлі. Бірақ соңғы үш жылдағы динамикасы осылай, - дейді ол.

Маманның айтуынша, жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауының негізгі себебі – рухани күйзеліс.

Төңкеріс ауылындағы №23 мектептің жоғары сынып оқушылары. Алматы облысы Талғар ауданы, 5 қыркүйек 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Төңкеріс ауылындағы №23 мектептің жоғары сынып оқушылары. Алматы облысы Талғар ауданы, 5 қыркүйек 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

​ - Рухани күйзеліске әртүрлі жайттар себеп болуы мүмкін. Мәселен, ҰБТ тапсырар алдына ата-ана бала психологиясына салмақ салып, «қайтсең де жоғары балл жинайсың» деген талап қояды. Әсіресе бұл талап сабақты жақсы оқитын балаларға ерекше әсер етеді. Сондықтан үздік оқушылар арасында суицид көрсеткіші басқалардан көп, - дейді ол.

Психотерапевтің пайымдауынша, ата-ананың бала психикасын түсінуге ұмтылмауы, оған сүйеніш болудың орнына отбасында түрлі жанжал шығаруы да суицидке бір себеп.

- Мұндай отбасындағы жасөспірімдер күйзеліске ұшырағанда интернеттен суицид жасаудың жолдарын үйрететін ақпараттармен танысады. Біраз уақыт ақпарат жинап, іштей өлімге дайындалады, - дейді Назгүл Шідерханқызы.

Отбасында [түрлі жанжал шығатын] жасөспірімдер күйзеліске ұшырағанда интернеттен суицид жасаудың жолдарын үйрететін ақпараттармен танысады. Біраз уақыт ақпарат жинап, іштей өлімге дайындалады.

Алматы облысы Талғар ауданындағы орта мектептің аты-жөнін атамауды өтінген мұғалімдерінің бірі де осыған ұқсас пікір айтады. Оның сөзінше, бірнеше айға созылатын ҰБТ-ға дайындық кезінде тек ата-аналар емес, жақсы көрсеткішке мұқтаж мұғалімдер де талап-тілекті күшейтеді.

- Сол себепті басқа сабақты жиып қойып, мұғалімдер оқушыларды тек тестке дайындайды. «Сенің жоғарғы оқу орнына түсуің мектептің атын шығарады, егер өте алмасаң, ұятқа қалдырасың» деген сөздер жеңіл айтыла салғанымен жасөспірімдерге қалай да әсер етеді, - дейді ол.

«СУИЦИДТЕН АЛҒАШҚЫ ОРЫНДА»

Қазақстанда өзіне қол жұмсап қаза болған жасөспірімдердың нақты саны түрліше айтылады. 2012 жылы бас прокуратура таратқан мәліметке қарағанда сол жылы 267 жасөспірім суицидтен өлген. Осыған орай 2012 жылы күзде мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева білім және ғылым министрлігіне арнайы сұрау да салған. Бірақ сол кездегі министр Бақытжан Жұмағұлов та «суицидке ҰБТ-ның қатысы жоқтығын» мәлімдеген.

Жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесін мәжіліс депутаттары 2014 жылы күзде де талқылап, «Қазақстанның суицид жасау бойынша әлемде 10-орын алатынын», ал жасөспірімдер арасында «алдыңғы орындардың бірінде екенін» мәлімдеген.

Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

​Азаттық тілшісі бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есеп комитетіне хабарласқанымен суицид туралы ресми деректерді бірден алу мүмкін болмады. Соңғы айда үш оқушысы суицидтен қаза болған Ақтөбе облысының ресми орындарынан да пікір білу қиынға соқты. Ақтөбе қалалық білім бөлімінің жасөспірімдер тәрбиесіне жауапты маман-психологы Роза Көлжанова «суицид мәселесіне қатысты ақпараттардың өте құпия екенін» айтып, қандай да бір пікір айтудан бас тартты.

Ресми орындардың жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесімен қалай шұғылданатыны туралы мәлімет те жоқтың қасы болып шықты. Бірақ бұл құбылыстың алдын алуға шақырып, арнайы мамандардың қоғамдық лекцияларын ұйымдастырып жүрген белсенділер бар екен. Алматы қаласындағы «Ел шежіре» ҮЕҰ-ның мүшесі Айбек Нәби Алматы қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімімен бірлесіп суицидке қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жасап жүргенін айтады.

Оның сөзінше, суицидке қарсы үгіт-насихатқа әкімдіктің ішкі саясат бөлімі келісім берген соң «Ел шежіре» ұйымы орта мектептер мен кітапханаларға барып, психолог мамандардың жасөспірімдерді өмірге ынталандыратын арнайы лекцияларын ұйымдастырған. Белсендінің айтуынша, 10 мектепте лекциялар оқылып, жастармен кездесу өткен.

Алдымызда әлі талай тест бар, сондықтан өмірдің бәрін тестпен ғана байланыстырмау қажеттігін осындай лекциялардан түсіндік.

- Бұл шараны жылдың соңына дейін жалғастырамыз. Өмірді сүю, өмірге келгеніңе өкінбеу, уақытша күйзелістерден шығу тәсілдері туралы мамандардың лекциялары жасөспірімдерге ұнаған сияқты. Біздің ойымызша, суицидпен күресудің бұл да бір амалы, - дейді ол.

«Ел шежіре» қоғамдық ұйымы мамандарының «Суицидтің пайда болу себептері» деген тақырыпта лекциясын тыңдағандардың бірі Қасым Бижан Алматы қаласындағы сервистік қызмет көрсету колледжінің 1-курсында оқиды. Оның сөзінше, бастапқыда колледж оқытушылары лекцияға жібергенде мұндай дәрістің не үшін қажет екенін түсінбеген.

- Лекция тыңдағаннан кейін қызығушылығымыз оянды. Өйткені арамызда ауылдан енді ғана келіп, әлі қала өмірі мен жаңа ортаға үйрене алмай жүргендер де бар. Ондай томаға-тұйық балалардың мінез-құлқының ашылып, өмірге құлшынысын оятуға септігі тиеді екен. ҰБТ тапсырып, жоғары оқу орнына түсе алмай өкініп жүргендерді де серпілтеді. Алдымызда әлі талай тест бар, сондықтан өмірдің бәрін тестпен ғана байланыстырмау қажеттігін осындай лекциялардан түсіндік, - дейді ол.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG