Accessibility links

Талдықорған қаласының қоқыс орны мал жаятын жерге айналды

  • Әлия АХМЕДИЕВА

Қоқыс төгетін жерде жүрген жылқы. Талдықорған, 2011 жылдың наурызы. (Сурет «Вечерний Талдыкорган» газетінікі)

Қоқыс төгетін жерде жүрген жылқы. Талдықорған, 2011 жылдың наурызы. (Сурет «Вечерний Талдыкорган» газетінікі)

Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласының төңірегіндегі қоқыс алаңдары жылқы тебініне айналды. «Мал басы өскен сайын жайылым тарлық етіп барады, мұның соңы жер дауымен бітеді» дейді фермерлер.


Наурыз айының бас кезінде оқырмандардың бірі «Вечерний Талдыкорган» газетіне қаланың қоқыс орнында жайылып жүрген жылқылардың фотосуретін жолдаған еді. Суретті көріп шошыған азаматтар жергілікті газет беттерінде «Мұнан кейін қазыны жеуге бола ма, болмай ма?» деген тақырыпта пікірталас көрігін біраз қыздырған.

«ЖАЙЫЛЫМДЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ КЕРЕК»

Шамамен, осы кезде парламент депутаты Петр Дмитриенко Қазақстанда жайылымға жарамды шабындық жерлердің қалмай бара жатқанын мәлімдеген. Депутаттың айтуынша, «кезінде ауылдық округтегі жер үлестері ауылдағы базалық кәсіпорындарға берілгенде егістік жерлермен бірге шабындық жерлер де қоса кеткен».

Алматы облысындағы ақбоз жылқы тұқымын өсірумен шұғылданатын фермер Александр Софин депутат Петр Дмитриенконың бұл пікірін құптайды. Жүз қаралы жылқысы бар фермер «қолда ұсталатын малды шектеп, тозған жайылымдарды қалпына келтіру керек» дейді.

Фермер Александр Софин. Талдықорған, 2011 жылдың наурызы.
– Расында жайылым жетіспей жатыр, өйткені барлық жер жеке адамдардың меншігіне өтіп кеткен. Олар 49 жылға жалға алып отыр. Әркім ұлтарақтай жері үшін күресіп бағады. Кейбіреулер мал басын көбейтсе де, оны жаятын жер таппай жүр, – дейді Александр Софин Азаттық радиосына.

Жылқышы Александр Софин жайылым жетіспеушілігінің соңы ерте ме, кеш пе жер дауына апарып соғады деп ойлайды.

– Жайылым жетіспегендіктен қазірдің өзінде дау-дамай туып жатыр. Жері барлар үстеме дақыл сеппейді. Біздің жерімізге жерсіндірілген тұқым жоқ. Сондықтан табиғи өсімдіктер өсер-өспестен мал ауызына ілініп, тұяқ астында тапталып жатыр, – дейді Александр Софин.

ЖАЙЛАУ КЕРЕК

Алматы облысы әкімдігінің мәліметі бойынша, бұл өңірде егіс егуге жарамды жерлер мен жайылымның жалпы көлемі – 200 мың гектар. Шенеуніктердің айтуына қарағанда, биыл (өткен жылғымен салыстырғанда) мал шаруашылығы өнімдері 10 пайызға ұлғайып, ірі қара саны бір жарым есеге көбейген.

«Бірақ мәселе – сол малдың барлығы қолда ұсталатынында, - дейді шенеуніктер. – Олар малдарын көп ұзатып баға алмайды. Сондықтан алыстағы жайлауларды пайдаланбай болмайды, ол үшін тау ішіндегі жолдарды түзеп, өткелдер мен көпірлер салу қажет».

Алматы облыстық ауыл шаруашылық департаменті бастығының орынбасары Сәрсенғали Әжібаев бұл мәселенің түпкі себебін ұсақ шаруашылықтан көреді.

– Малдың 80 пайыздан астамы – үй шаруашылығында. Яғни малын әркім күнде өз үйінің алдынан өріске шығарады. Сонан кейін мал жаятын жер қайдан болады? – дейді Сәрсенғали Әжібаев.

Талдықорғанның маңындағы ауылдарда мал басы тез өсіп келеді. «Жаятын жер болмаған соң, жұрт малдарын қала маңындағы жуынды-шайынды, қоқыс тастайтын жерлерге қарай айдайды» дейді тұрғындар.

Фермерлер «мал басы өскен сайын жерге талас күшейе береді, сондықтан жергілікті атқарушы органдар, парламент пен үкімет арқылы бұл мәселені тез арада шешудің жолдарын қарастыру қажет» деп санайды.

ДЕПУТАТ ПЕН ХАЛЫҚТЫҢ АРАСЫНДАҒЫ ЖЕР ДАУЫ

Ақсу ауданының тұрғындары жер мәселесіне байланысты дауға орай Алматы облыстық мәслихатының депутаты Амантай Зиядановтың өкілеттігін қайтарып алмақ болып қол жинап жатыр. Жергілікті тұрғындар Амантай Зиядановқа «көптеген жерді басып қалды», «депутаттық өкілеттігін өз мүддесіне пайдаланды» деген кінә тағады.

– Депутат Амантай Зияданов өз мансабын пайдаланып, 2010 жылы бізге еш тыныштық бермеді. «Облыстың кез-келген жерінде айтқанымды екі етпейтін тамыр-таныстарым бар» дейтін көрінеді. «Жеріңді аламын, үйіңді іргетасымен қоса қопарып тастаймын» деп қоқан-лоқы көрсетеді. «Бұл жердегінің бәрін өртеп жіберемін» деп, жаз бойы мазамызды алды, – дейді «Әлішер» шаруа қожалығының мүшесі Әукен Қазыбаев.

Алматы облыстық мәслихаты депутаты Амантай Зияданов. Талдықорған, 2011 жылдың наурызы.
Ал Амантай Зияданов «ауыл тұрғындары жала жауып отыр» деп есептейді. «15 жыл депутат болғанымда ауылға пайдалы аз нәрсе істегенім жоқ» дейді ол. Амантай Зияданов «Менде жер жетеді» деп мойындай келе, мәселені сотта шешуді ұсынды.

– Мені сайлаған олар емес, сайлаған – Ақсу ауданының халқы. Мені «жерімізден қуып, қорқытып жүр» дейді. Мәселе заң жүзінде шешілу керек. Сотқа берсін, шешімді сот айтсын, – дейді Алматы облыстық мәслихатының депутаты Амантай Зиаданов.

«Депутат Амантай Зиадановтың екі мың гектардан астам жері бар. Ең шұрайлы шабындық жер мен жайылым – осы мәслихат депутатының қолында. Бірақ ол өзі пайдаланбай, біреулерге жалға беріп, пайдасын алып отыр» дейді Ақсу ауданының тұрғындары. Ал Амантай Зиаданов өз жерін нағыз шаруа адамы ретінде пайдаланып отырғанын айтады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG