Accessibility links

EV: «Қазақстан - ядролық келіссөздер өткізуге қолайлы ел»


Иран президенті Махмуд Ахмадинежад (ортада). Әзербайжан, Баку, 18 қараша 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Иран президенті Махмуд Ахмадинежад (ортада). Әзербайжан, Баку, 18 қараша 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда 2013 жылы ақпан айының аяғында Иранның ядролық мәселесіне байланысты халықаралық келіссөздер өтетін болды.

Eurasia View басылымының осы тақырыпқа арнаған мақаласы ақпанның 6-сы күні жарияланған.

Автор сөзін «Семей полигонынан азап шеккен Қазақстан ядролық қарудың зардабын ұмытпайды. Совет Одағы тараған соң ядролық қарудан бас тартқан бұл мемлекет ядролық мәселе бойынша келіссөз өтетін ел ретінде таңдалды. Бұл Астананың дипломатиялық жеңісі саналады» деп бастаған.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ИМИДЖІ АРТАДЫ

Мақала авторы Джоанна Лиллистің жазуы бойынша, «Иран билігі мен әлемдік алты державаның өкілдері Қазақстанда бас қосып, келіссөздер басталғанда бұл елдің имиджі жақсарып, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың беделі туралы пікірлер дұрысталады».

Автордың пікірінше, «Қазақстандағы демократияның дамуына АҚШ пен Европа Одағы елдерінің көңілі толмайды. Бірақ осы оқиға олардың да Қазақстан туралы пікірін өзгертуге әсер етеді».
Досым Сәтпаев, саясаттанушы. Алматы, 20 қараша 2012 жыл.

Досым Сәтпаев, саясаттанушы. Алматы, 20 қараша 2012 жыл.


Eurasia View басылымына сұқбат берген саяси сарапшы Досым Сәтпаев «Қазақстан әртүрлі шиеленісті оқиғаларда бітімгер (ара ағайын) рөлін атқарып, аймақтық мәселелерді талқылау алаңына айналуға тырысып келеді» дейді.

Алты елдің Иранмен жүргізетін келіссөздеріне жетекшілік ететін Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі өкілі Кэтрин Эштон ақпанның 5-сі күні электронды пошта арқылы келіссөздердің ақпанның 26-сы күні Алматыда өтетінін растады» деп жазады басылым.

Эштон «Еуропа Одағы сыртқы саясат қызметі бас хатшысының орынбасары Хельга Шмид пен Иран ұлттық қауіпсіздік жоғарғы кеңесі хатшысының орынбасары Али Багеридің келіссіз өткізуге келіскенін» хабарлады. Ол «өз жерінде келіссөз өткізуге даярлық танытқан Қазақстанның жомарт ұсынысына алғыс» айтты.

Автор мақаласын «Сегіз ай үнсіздіктен кейін, ақпанның 3-і күні Тегеран алты ядролық держава өкілдерімен келіссөз жүргізуге дайын екенін хабарлады» деп жалғастырады.

Ол алты ел - Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Франция және Германия.

Eurasia View «Назарбаев әкімшілігі Иран мәселесі бойынша Қазақстанда келіссөз өткізуді бұған дейін де бірнеше рет ұсынған еді» деп жазады. Автор «Ақпанның 4-і күні Қазақстан президенті жанындағы орталық коммуникация қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев Қазақстанның қонақтарды қабылдаушы ел ретінде келіссөздің қолайлы өтуіне барлық жағдайды жасайтынын мәлімдеді» дейді.

Автордың ойынша, «Иран бағдарламасы бойынша келіссөздер жүргізу Қазақстанның халықаралық беделін көтеру мақсатымен ұштасып жатыр». «2010 жылы Қазақстан Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық (ЕҚЫҰ) ұйымын басқарды, 2016 жылы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің уақытша мүшесі болуға ұмтылып отыр» дейді ол.

«Астананың бұл келіссөздерге ықпалы шектеулі болады. Қазақстан дәнекер рөлін атқармақ, келіссөз нәтижесі Иранның саяси ниетіне тәуелді» дейді Досым Сәтпаев.

«БІЗДЕН ҮЛГІ АЛСЫН»

Иранның ядролық бағдарламасына қатысты басқосулар 2012 жылы маусым айында өткен Мәскеудегі келіссөзден соң тоқтап қалған.

Автордың дерегінше, аталған ядролық державалардың көбі «БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарын орындау, уран байытуды тоқтату, жер асты уран байыту зауыттарын жабу» туралы талаптар қойып, Иранға қысым жасап отыр. Әлемдік қауымдастық та Иранның байытып үлгерген уранының 20 пайызын халықаралық сақтау қорына өткізгенін қалайды. Ал Тегеран ядролық бағдарламасының бейбіт мақсатта жасалғанын айтып, «халықаралық санкцияларды алып тастауға» шақырады.

Eurasia View «Қазақстан тарихына көз жүгіртсек, ядролық бағдарлама бойынша келіссөз жүргізуге қолайлы ел екені көрінеді» дейді. Автор «1991 жылы, СССР ыдыраған соң, бұл ел мұраға қалған ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. Тұрғындардың денсаулығына жойқын зардабын тигізген Семей ядролық полигоны да осы елде болды» деп жазады.
Иран президенті Махмуд Ахмадинежад (сол жақта) пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 6 сәуір 2009 жыл.

Иран президенті Махмуд Ахмадинежад (сол жақта) пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 6 сәуір 2009 жыл.


Басылым «Назарбаев ядролық қаруды таратпау жолындағы күресте басты рөлді атқарғысы келеді» дейді. Автор «2012 жылдың наурыз айында «Нью-Йорк Таймс» газетінде жарияланған мақаласында Назарбаев «Қазақстан билігі басқа елдерді өзінен үлгі алуға шақырып, тынымсыз еңбектенді. Ядролық қару қатері тарих қойнауында қалуы керек» деп жазды. Иран мәселесіне тоқталып, Тегеран Қазақстаннан сабақ алып, қорқыныш пен күдік емес, бейбітшілік еліне айналсын дегенді айтты» деп жазады.

Автордың дерегі бойынша, ядролық қару тарату қаупін азайту үшін Қазақстан Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) аясында өз аумағында ядролық отын банкін құрып, бейбіт мақсаттарға арналған уран дайындауды ұсынды. Ядролық отын банкі идеясын Вашингтон да құптады. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы болып тұрған кезінде (2012 жылдың күзінде – ред.) Хиллари Клинтон «ядролық қаруды таратпау тәжірибесімен Қазақстанға теңесетін ел аз» деп мәлімдеді.

«Осыған қарап, Вашингтонның Иранмен арадағы келіссөздер кезінде Қазақстанды адал дәнекер болады деп санайтынын байқаймыз» дейді Eurasia View. «Қазақстан үкіметі АҚШ, Ресей, Қытай сияқты әлемдік державалардың бәрімен жақсы қарым-қатынас орнатқан бейтарап ел саналады, ара ағайын ретінде қолайлы мемлекет» дейді Досым Сәтпаев.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG