Accessibility links

Атырауда "жер реформасына қарсы митинг ұйымдастырды" деп айыпталған Боқаев пен Аянның сотында "төңкеріс жасамақ болды" және "митингілерді қаржыландырды" деп айыпталған шымкенттік кәсіпкер Төлешовтен жауап алды.

Бүгін Атырауда "митинг ұйымдастырды" және "араздық қоздырды" деп айыпталған жергілікті белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның сотында "билікті күшпен басып алмақ болды" деп айыпталған шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешов интернет байланыс арқылы сұрақтарға жауап берді.

Маусым айында ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) көктемде Атырауда басталып, Қазақстанның бірнеше қаласында болған жер реформасына қарсылық митингілерін "Тоқтар Төлешов қаржыландырған" деп мәлімдеген еді.

ТӨЛЕШОВТІҢ КУӘЛІГІ МЕН АЯННЫҢ ЖАУАБЫ

Журналистер сотты басқа бөлмеден монитор арқылы көрді.

Ал Тоқтар Төлешовті Атырауда өтіп жатқан сотта экран арқылы көрсетті. Ол Астананың Есіл ауданы соты ғимараты ішінде тұрды. Оған судья Гүлнәр Дәулешова куә ретінде сөйлейтінін айтты. Төлешов "тек қана шындықты айту" туралы ант бергеннен кейін оған айыптаушы тарап сауал қоя бастады.

Тоқтар Төлешов сөзін "Қазақстандағы билік құрылымын өзгерту мүмкіндіктерін зерттегенінен" бастады.

- Оны президент орынбасары деген лауазым енгізу арқылы өзгертуді ойладым. Оны депутаттар, қоғамдық ұйымдар арқылы енгізуді зерттей келе, қайраткер ретінде танылмағанымды ұқтым. Негізгі жұмыстарым Ресейде еді. Сайлау өтсе, вице-президент бола алмайтын едім. Қазақстандағы жер реформасын зерттедім. Бұл мені алаңдататын еді. Бұл мәселе арқылы танымал адамға айналатынымды түсіндім, - деді ол.

Тоқтар Төлешов бұл мақсатына жету үшін "адамдары батыл батыс аймаққа назар аударып, адам іздегенін" айтты.

- Талғат Аянды естідім. Қоғамдық белсенді, акциялар өткізген. Жер кодексі маусым не шілдеде күшіне енуіне тиіс еді. Талғат халық күрескері болады деп ойладым. Бір серігіме Талғатты табуды тапсырдым. Талғаттың қоғаммен жұмыс істеп, дөңгелек үстелдер, қоғам қайраткерлерімен кездесулер өткізгенін қаладым. Ол шаралар мүмкін митингілер бола ма дедім, бірақ Талғатқа оны арнайы тапсырғаным жоқ. Қоғамдық жұмыстар атқару туралы ұсынысымды серігім жеткізді. Талғат 150 мың доллар керек деген екен. Мен келістім, - деді Тоқтар Төлешов.

Мұнан соң ол "серіктері арқылы Талғат Аянға 100 мың доллар беріп жібергенін" айтты. Кәсіпкердің сөзіне қарағанда, ол "қаражаттың Талғаттың қолына тиюін қадағалағысы келмеген".

- Тіпті қаражат діттеген мақсатқа жұмсалмаса да мен үшін бәрібір болды... Мен ол кезде вице-президент болуды көздедім - деді Тоқтар Төлешов.

Солдан оңға қарай: Талғат Аян мен Макс Боқаев сот залында отыр. Атырау, 12 қазан 2016 жыл.

Солдан оңға қарай: Талғат Аян мен Макс Боқаев сот залында отыр. Атырау, 12 қазан 2016 жыл.

Төлешовтің сөзінше "Талғат Аян ол ойлаған әрекеттерді орындаған, бірақ өзі оған ешқашан тікелей тапсырма бермеген". Ол өзінің қаңтар айында тұтқындалғанын айтып, сәуірде Атырауда митингі болғанын газет арқылы білгенін, "Талғат жұмыс істеп жатыр" деп ойлағанын баяндады.

Тоқтар Төлешов Талғат Аянмен ешқашан сөйлеспегенін, бұрын танымағанын, ешқашан жүздеспегенін, хабар-ошар алмаспағанын, байланыстың бәрі серіктері арқылы жүргенін айтты. Тоқтар Төлешов Макс Боқаевты да білмейтінін мәлімдеді. Серіктерінің куәлік беруін талап еткен айыпталушы тараптың мәлімдемелеріне "олар маған көмектескен адамдар, сондықтан олардың аттарын атай алмаймын" деп жауап берді.

Мұнан соң айыпталушы Талғат Аян мен Макс Боқаевтың адвокаттары сауал қоюға кіріскен еді. Алайда осы кезде байланыс нашарлап, олардың сауал қоюы және Төлешовтің оларды дұрыс естуі қиындап кетті.

Сотты бөлек бөлмеде монитордан бақылап отырған Азаттық тілшісінің хабарлауынша, мұнан соң Талғат Төлешовке Макс Боқаев «сіз Талғат Аянға жолдасыңыз арқылы ақшаны митинг ұйымдастыру үшін бердіңіз бе?» деген сауал қойған. Жауап берген шымкенттік кәсіпкер «мен ол ақшаны баспасөз мәслихаттарын, кездесулер, концерттер, дөңгелек үстелдер өткізуге және басқа да тұрмыстық шығындарға бердім» деген.

Ал Талғат Аян ақша алмағанынын, наурыз айындағы мәслихат сайлауына қатысу үшін қажет қаржыны да таба алмағын айтты.

Атыраулық белсенділер сотынан тікелей трансляция:

"СУДЬЯ АЙЫПТАУ ЖАҒЫНА ОЙЫСТЫ"

Тоқтар Төлешов куә ретінде жауап берместен бұрын Макс Боқаевтың адвокаты Нұрбике Ескендірова Атырау қалалық 2-сотының судьясы Гүлнәр Дәулешоваға қарсылық білдірген еді. Нұрбике Ескендірова "адвокаттар соттың әрекетінен тараптардың тең құқықтық принципі бұзылып, қорғану құқығы сақталмағанын байқағанын" айтқан.

- Судьяның әрекетінен сот айыптау жағына қарай ойысып, іс біржақты қарала бастады және бұл менің қорғауымдағы адамдарға зиянын тигізеді, - деген Макс Боқаевтың адвокаты Нұрбике Ескендірова.

Оның сөзіне қарағанда, бұл істің қалай аяқталатынына "судья тікелей немесе жанама түрде мүдделі".

Судья Гүлнәр Дәулешова. Атырау, 12 қазан 2016 жыл.

Судья Гүлнәр Дәулешова. Атырау, 12 қазан 2016 жыл.

- Халықаралық азаматтық және саяси құқық жөніндегі пактінің 14-бабына сәйкес, әрбір адамның қылмыстық айып тағылған жағдайда әділ сотқа тартылу құқығы бар және қылмыстық ісі көп алдында тәуелсіз сот арқылы қаралуы керек, - деді адвокат Нұрбике Ескендірова.

Нұрбике Ескендірованың судьяға қарсылығын Талғат Аянның адвокаттары да қолдады. Бірақ прокурор соттан бұл өтінішті қанағаттандырмауды сұрады. Сот адвокаттың шағымына қатысты шешім қабылдау үшін үзіліс жариялады.

Бір сағаттай уақыттан кейін мәселені қараған судья Ойқұлова судья Дәулешованың іс-әрекетінде "заң бұзушылық белгілері болмағанын" айтып, оған қарсылық қабылданбайтынын мәлімдеді. Сотты бұдан ары Дәулешованың өзі жалғастырып, мұнан соң Тоқтар Төлешовтің куәліктері сұралған.

Соттың түстен кейінгі бөлігінде Тоқтар Төлешовтің көмекшісі интернет арқылы жауап берді. Сәлден кейін Макс Боқаевтың адвокаты оның денсаулығы нашарлап кеткенін айтып, судья сотты ертең таңертең жалғастыруға бұйырды.

ҰҚК қаңтардың соңынан бері тергеу абақтысында отырған Тоқтар Төлешовті «трансұлттық қылмыстық топты қаржыландырған және қаруланған топ құрып басқарған, оның басшылығындағы қылмыстық топ адам өлтіру, қастандық жасау, адам ұрлау, заңсыз бостандықтан айыру, қарақшылық қылмыстарын жасаған» деп айыптайды. Осындай айыптармен қамауға алынған Төлешовке кейін "жер дауына қатысты митингілерді қаржыландырды" деген тағы бір айып тағылды.

Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісіне қатысты сот қазанның 12-сі күні басталған. Боқаев пен Аян сәуірдің 24-і күні Атырау қаласында жер реформасына қарсылық ретінде өткен жаппай митингтен соң қамауға алынған.

ВИДЕО: Атыраудағы "жер сатуға" қарсылық жиыны (сәуір айында түсірілген)

Атыраулық екі белсендіге әуелде «Билікті басып алу және ұстап тұруға насихаттау немесе ашық түрде шақыру» айыбы тағылған болатын. Шілде айында белсенділерге тағылған айыптар өзгертіліп, олардың ісі «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздық тудыру» және «жиналыс, митинг, пикет, шеру, демонстрация өткізудің тәртібін бұзу» баптары бойынша қаралатын болған. Азаматтық белсенділер бұл айыптарды мойындамайды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG