Accessibility links

Қазақстанның қалыс қалғаны үшін Назарбаевқа алғыс айтылды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Әлеуметтік желілерде Украинаға симпатиясын көбірек аңғартатын қазақстандықтар БҰҰ-да Қырым референдумына қатысты үкімет ұстанған «қалыс қалу» позициясының өзіне шүкір десті.

«Ресейге түсіністікпен қарайтынын» бірнеше рет мәлімдеген Қазақстанның «Украинаның аумақтық тұтастығын қолдау туралы» БҰҰ резолюциясына дауыс беру кезінде қалыс қалуы әлеуметтік желідегі белсенді жұртшылықтың назарын аударды.

Кейбірі автократиялық режимде қалыптасқан әдетпен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтса, кейбірі «осыған да шүкір» десті.

«НАЗАРБАЕВТЫҢ ДАНАЛЫҒЫ»

Наурыздың 27-сі күні Біріккен Ұлттар Ұйымында (БҰҰ) «Украинаның аумақтық тұтастығын қолдау туралы» резолюция қаралып, оны ұйымға мүше мемлекеттердің 100-і қолдап, 11-і қарсы дауыс беріп, ал 58 мемлекет қалыс қалған болатын.

Қазақстанның қалыс қалған 58 мемлекеттің ішінде аталуы әлеуметтік желідегі жұртшылықтың кейбірін қайран қалдырса, кейбірі оны «Назарбаевтың даналығы» ретінде бағалады.

Facebook қолданушысы, журналист Расул Рысмамбетов - Ресей-Украина жанжалына қатысты Қазақстанның ұстанымын қолдаушылардың бірі. Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде жиі айтылатын «не Ресейді, не Украинаны қолдау» жөніндегі талаптарға ермей, сыртқы істер министрлігінің қалыс қалуы - қолдауға тұрарлық шешім. Өйткені Қазақстанға Ресеймен де, Украинамен де қарым-қатынасын бұзудың қажеті жоқ.
Facebook әлеуметтік желісін қарап отырған Алматы тұрғыны. (Көрнекі сурет)

Facebook әлеуметтік желісін қарап отырған Алматы тұрғыны. (Көрнекі сурет)

​Тағы бір қолданушы Dauren Kowalski агрессиялық әрекетті ешкімнің қолдамайтынын білдіру әрбір елдің міндеті деп санайды. «Біздің сыртқы істер министрлігінің де осындай ұстанымда болғанына және басқа да нұсқаларды дайындап қойғанына, бірақ жоғарыдан қандай бұйрық келсе сондай ұстанымды білдіргеніне сенімдімін және бұл ұстанымға таңғалып отырмын» деп жазады ол.

Ал Twitter әлеуметтік желісін қолданушы Ruslan Zhangazy-ның жазуынша, «Назарбаев - дана адам. Егер де Қазақстанның аумақтық тұтастығы туралы мәселе туа қалса, Украинаның қалыс қалатынын біліп отыр».

«ОСЫҒАН ДА ШҮКІР»

Facebook қолданушысы Serik Kerey Кеден Одағындағы үш елдің бірі Беларусьтің осы резолюцияға қарсы дауыс бергенін алға тартып, «бұған да шүкір, әлемге масқара болудан сәл де болса сақтап қалған Елбасыға рақмет» деп жазады.

Ресейдің Украинаға қарсы әрекетін сынап келе жатқан саясаткер Әміржан Қосанов та «шүкіршілік етушілердің» қатарынан көрінген.

«Әрине, елімізді Киевті қолдаушы елдердің қатарынан көргіміз-ақ келеді. Бірақ Кремль тарапынан қысым күшті болып тұрғанда қалыс қалудың өзі жетістік» деп жазады ол.

Ал Парыз Байтенов есімді Facebook қолданушысы «қалыс қалған Қазақстан емес, тек билік басындағы топ-менеджмент қана» деп санайды.

Қазақстан үкіметінің Қырымдағы референдумға қатысты екіұшты мәлімдеме жасағанын сынаушылардың әрекеті әлеуметтік желі аясынан да шығып кеткенге ұқсайды.

Режиссер, қоғам қайраткері Болат Атабаев «Жаңаөзен 2011 – құқық пен бостандық туралы ақиқат» («Жанаозень 2011 – правда о правах и свободе») атты фотокөрмеде сөйлеп тұр. Варшава, Польша, 7 желтоқсан 2013 жыл. Facebook әлеуметтік желісінен алынған сурет.

Режиссер, қоғам қайраткері Болат Атабаев «Жаңаөзен 2011 – құқық пен бостандық туралы ақиқат» («Жанаозень 2011 – правда о правах и свободе») атты фотокөрмеде сөйлеп тұр. Варшава, Польша, 7 желтоқсан 2013 жыл. Facebook әлеуметтік желісінен алынған сурет.

​Оппозициялық көзқарастағы белсенді, театр режиссері Болат Атабаев Facebook парақшасына өзі жетекшілік ететін «Ақсарай» театры әртістерінің украин халық әнін шырқағанын хабарлаған.

Интернетте жария болған бұл видеода «Қырымды аннексиялаған Ресейге Қазақстанның қолдау көрсеткені» үшін Украина халқынан кешірім сұралған.

Ресей мен Украина арасындағы жанжалға байланысты ұстанымын Қазақстан осыған дейін бірнеше рет білдірген еді. Наурыздың 10-ы күні Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескенде Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның стратегиялық серіктес ретінде Украинадағы аз ұлттар құқығын, өзінің қауіпсіздік мүддесін қорғайтын Ресейдің ұстанымына түсіністікпен қарайтынын» айтқан. Сонымен қатар ол «Украинадағы дағдарысты егемендікті сақтау негізінде және халықаралық құқық нормаларына сәйкес бейбіт жолмен реттеу қажеттігі» туралы пікірін білдірген.

Ал Қазақстан сыртқы істер министрлігі Қырымда наурыздың 16-сында өткен, ресейлік БАҚ-тың мәлімдеуінше «халықтың 93 пайызы автономиялы республиканың Украинадан бөлініп, Ресейге қосылуын жақтаған» референдумды «халықтың өз қалауын еркін білдіруі» деп сипаттап, «Ресей федерациясының шешіміне түсіністікпен қарайтыны» туралы мәлімдеме жасаған болатын.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG